Ұлтыңды сақтаймын десең - қызыңды тәрбиеле

Ұлтыңды сақтаймын десең - қызыңды тәрбиеле
ашық дереккөз
Ұлтыңды сақтаймын десең - қызыңды тәрбиеле
Елімізде отбасы күні қыркүйек айының екінші жексенбісінде аталып өтіледі. Әрине, мұнда отбасы құндылықтарын дәріптеп, қоғамдағы маңызды ролін айшықтап, ата-ана мен баланың жауапкершілігін насихаттап, халықтың әдеп-ғұрпын жаңғырту көзделгені белгілі. Атаулы күн қарсаңында «Amanat» партиясының облыстық филиалы Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде жастармен кездесу ұйымдастырды. Халықтың салт-дәстүрін жаңғыртып, ынтымағы жарасқан отбасыларын көпшілікке үлгі ете отырып, әр шаңырақтағы бірлікті, бақытты тұрақтандыруға ықпал етуді мақсат еткен кездесуге әр саланың табысты мамандары қатысты. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын бәріміз бірге тыңдадық. Жолдауда Президент «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынды. Соның арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды», деді. Бұл балалардың заманауи білім алып, сапалы өмір сүруіне жасалған үлкен қолдау. Әр баланың есепшотына түскен қаржы кәмелеттік жасқа жеткенше жиналып, қалаған оқу орнына түсіп, болашағына дұрыс бағыт алуына септігін тигізеді. Кейде қаржылық жетіспеушілік шаңырақтың шайқалуына әсер етіп жататыны бар. Осындайда әр баланың есепшотында келешегі үшін қаражаттың жиналуы – таптырмас мүмкіндік. Болашақтың иелері, балалар, жастар өздеріңсіңдер. Бүгінгі басқосуымыз да жастардың санасына сәуле болар ақыл-кеңес құйып, өмір жолында дұрыс бағыт алуларыңа оң жол сілтеуді мақсат етеді, – деді жиынды ашқан «Amanat» партиясы облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ермұхамед Жұмабек. Келешекте келін болып бір шаңырақтың ұрпағын өрбітіп, ошағын жағатын қыздардың тәрбиесіне тоқталған М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Мәдениет және өнер» кафедрасының меңгерушісі Айгүл Кабиева отбасының ұйытқысы отанасында екенін баса айтты. – Мемлекет болашақтың жарқын болуы үшін балалардың, жасөспірімдердің тәлім-білім алуына бар жағдайды жасап отыр. Жас ұрпаққа міндеттелген қалың елдің үміті де зор. Әттең, кейінгі кезде жас отбасылардың арасында ажырасу дендеп бара жатқаны жанға батады. Кез келген отбасында ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Махаббатпен қол ұстасқан екі жас алғашқы кездескен қиындықтарға төзбей екі айырылып кететіні өкінішті. Шаңырақтың шырайын келтіріп, ынтымағын ұйыту көбіне отанасына байланысты. Қыз балаға Жаратқан да жүрегіне мейірім, жүзіне жылылық қондырып, отбасындағы үлкен міндеттерді жауапкершілігіне жүктеген. Оның үдесінен ақылды, білімді, жасымас жігерлі, мықты қыз бала ғана шыға алады. Жарық дүниеге енді келген нәресте алғаш рет ананың мейірімді жүзін көріп, ананың әлдиін естиді, анасының ақ сүтімен азықтанып, бойына нәр алады. Міне, қыз балаға жаратылысынан осындай зор міндет жүктелген, сондықтан «Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле» деп халық бекер айтпаған, – деді Айгүл Кабиева. «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы Дәурен Бағжанов кездесуге келген студенттерді ашық диалогқа шақырып, бірнеше өзекті сауалдар қойды. Жастар «Отбасында балалардың жауапкершілігі қандай?», «Отбасындағы басты қасиет неде?», «Аға буын жиі айтатын татулық, ізгі қасиеттер мен отбасын сақтау үшін бізге не керек?» деген секілді басқа да маңызды сұрақтарға әр студент өз ұғымымен жауап берді. Соған қарай қызу пікірталас туындап, қоғамның дамуына ықпал ететін мәселелер талқыланды. Аталған басқосуда «Мерейлі отбасы – 2022» байқауының жеңімпазы болған отбасының иесі Алдаберді Махашев және облыстық полиция департаментінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция подполковнигі Диляфруз Кинжеханова да өз кеңестерін айтты. Кездесудің соңын Мәдениет саласының үздігі, әнші-сазгер Сәрсенбек Бәкір өсиетке толы терме орындап, қорытындылады.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар