Су кодексіне сүйену керек

Су кодексіне сүйену керек
ашық дереккөз
Су кодексіне сүйену керек
Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов облысқа жұмыс сапарымен келіп, су шаруашылығы ардагерлерімен кездесті. Облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Жамбыл су қоймалары» мекемесінде өткен кездесуде сөз алған Нұржан Нұржігітов тек облыстағы суға қатысты жағдайға ғана емес, сонымен қатар, республика көлеміндегі ағын су мәселелеріне кеңінен тоқталды. – Өздеріңізге белгілі, таяуда ғана жаңадан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеке қабылдау өткізіп, жаңа құрылған министрлікке бірқатар нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Сонымен қатар, ел Президенті су мәселелерін шешуде шет мемлекеттермен тығыз дипломатиялық қарым- қатынас орнату керектігін баса айтты. Бұдан бөлек, біз бұл мәселені түбегейлі жою үшін суды жинау және үнемдеуді мықтап қолға алып, Су кодексімен жұмыс істеуіміз қажет. Тағы айта кетерлік мәселе – биыл облыста ағын судың тапшылығына байланысты біраз егін алқаптары күйіп кетіп, шаруаларды шығынға батырды. Алдағы уақытта мұндай олқылықтар орын алмас үшін, министрлік жаңа жүйе қалыптастырып, ереже құруымыз керек. Бүгінгі кездесудегі мақсат та осы, – деді Нұржан Молдиярұлы. Жиында сала ардагері Асанхан Мамажанов облыста жерасты суын пайдалануға болатындығын айта келіп, су ұңғымасын салуды қолға алу керегін жеткізді. Сонда ғана көрші Қырғыз елінен суға деген тәуелділіктен арылуға болатындығын айтты. Ал, профессор Сагит Ибатуллин Республика көлемінде Балқаш көлінің жағдайы қиын екенін, дер кезінде бұл мәселені қолға алмаса көл Арал теңізінің күйін кешіп, тартылып қалу қаупі жоғары екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, министрге су мәселелерін шешуде жасаған бағдарламасын, жоспарларын көрсетіп, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов жоғарыда аталған мәселелерді шешу үшін білікті кадрларды дайындау қажеттігін сөз етті. Жиын барысында, сонымен қатар бұл мәселе төңірегінде біраз ұсыныстар айтылып, сала ардагерлері іс-тәжірибелерін ортаға салып, пікір алмасты.  

Мақпал СҮЙІНБАЙ

 

Ұқсас жаңалықтар