Инвестициялық жобалар жүзеге асырылады

Инвестициялық жобалар жүзеге асырылады
ашық дереккөз
Инвестициялық жобалар жүзеге асырылады
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңеске ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, ветеринария, туризм, жер қатынастары, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармаларының басшылары қатысты. Әуелі облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков баяндама жасады. Оның айтуынша, биыл ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерді қолдау мақсатында агроқұрылымдарға 27026,1 миллион теңгенің субсидиясы бөлініп, оның 59,6 пайызы игерілген. Биылғы жылдың 7 айында 160 945,3 миллион теңгенің ауылшаруашылық өнімдері өндіріліпті. Ал, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының негізгі капиталына 23 806,7 миллион теңге инвестиция тартылған. Сондай-ақ, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 6,5 мың гектарға артып, 762,5 мың гектарға жеткен. Өңірде ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңартуға айтарлықтай көңіл бөлінуде. Жыл басынан бері 1020 ауылшаруашылық техникасы сатып алынған. Ербол Қарашөкеев ылғал үнемдейтін технологияларды енгізу, ішкі нарықты жергілікті өндірілген азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету, ғылыми мекемелермен ынтымақтастық орнату бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Келесі кезекте облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев облыста кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасының жүзеге асырылу барысы туралы баян етті. Оның айтуынша, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 71,4 миллиард теңгеге 191 жоба қаржыландырылған. Бұдан бөлек, жылдың басынан 1 450 миллион теңгені құрайтын екі жоба қаржыландырылыпты. Ал, 2023-2026 жылдар аралығында жалпы құны 1,9 триллион теңге болатын, әрі 4065 жаңа жұмыс орны құрылатын 60 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда екен. Аймақ басшысы тікелей шетелдік инвестицияларды тарту бойынша жұмысты жандандыруды, шетелдік компаниялармен ынтымақтастықты одан әрі нығайту шараларын қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ, облыс әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаев, туризм басқармасының басшысы Біржан Күзембеков, жер қатынастары басқармасының басшысы Ермек Кәрентаев, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараев баяндама жасады. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев су ресурстарын ұтымды пайдалану, жерге орналастырудың тиімділігі мен ашықтығын арттыру, пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау және айналымға тарту жұмыстарын жүргізу, өңірдің туристік тартымдылығын арттыру бойынша тапсырмалар берді.    

Ұқсас жаңалықтар