Тұрғын үй соғып берумен мәселе шешілмейді

Тұрғын үй соғып берумен мәселе шешілмейді
ашық дереккөз
Тұрғын үй соғып берумен мәселе шешілмейді
Тараз қаласындағы ең жаңа әрі ең үлкен «Ұлы Дала» ықшамауданында қордаланған мәселелер көп. Аталған аумақтың тұрғындар саны бүгінде Талас ауданының орталығы Қаратау қаласы тұрғындарының санынан да асып кеткен. Десек те, күні бүгінге дейін бірде-бір әлеуметтік нысан ел игілігіне берілмеген. Мұндағы жаңа үйлердің сапасы да сыннан көз ашпай келеді. Жергілікті тұрғындардың тіршілігі «тар жол, тайға кешуге» айналғаны айтылып та, жазылып та жүр. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қызметке кіріскен алғашқы күннен аталған ықшамауданның мәселесіне айрықша мән беріп, ондағы құрылыс нысандарымен танысып, тұрғындардың талап-тілегімен жан- жақты танысты. Ербол Шырақпайұлы әуелі ықшамауданның жобасымен, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, аталған ықшамауданда 5 қабатты 150 тұрғын үй, 20 пентхаус, 5 балабақша, 4 мектеп, 2 емхана және оңалту орталығы салынады деп жоспарланған. Сонымен қатар, жастар орталығы, денешынықтыру- сауықтыру кешені, халыққа қызмет көрсету орталығы, облыстық мұрағат, аудандық әкімдік, сот, прокуратура және 20 коммерциялық нысан бой көтереді. Мұнан бөлек, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында 10 гектар аумақта саябақ салынады деп күтілуде. Қазіргі таңда саябақты сумен қамту жұмыстары басталған. Күз айларында саябақ аумағына 5 мың ағаш егіліп, келесі жылы абаттандыру жұмыстары аяқталмақ. 2025 жылы саябақтың құрылысы толықтай аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Ықшамауданның жобасымен танысып шыққан Ербол Шырақпайұлы жолдың жағдайына, тұрғын үйлерді жылумен қамту мәселесіне назар аударды. – 2015 жылы ықшамауданның құрылысы жоспарланғанда бар-жоғы 60 көпқабатты тұрғын үй салынады деп жоспарланған. Алайда, қазіргі таңда 150 тұрғын үй салынды. Сондықтан да жылу жүйелерін кеңейту мәселесі туындады. Тұрғындарды толғандырған мәселе бойынша жоба жасалды. Жоба екі кезеңді қамтиды. Жалпы, 5 мың шақырым жылу жүйесін кеңейту керек. Өткен жылы жобаның бірінші кезеңі аясында 1 500 шақырым жылу жүйесі кеңейтілді. Биылға 3 500 шақырым жылу жүйесін кеңейту жоспарланған. Алайда, өткен жылы республикалық бюджеттен қолдау таппай, келесі жылға жоспарланды. Яғни, келер жылы жылу жүйелерін кеңейту жұмыстары толық аяқталады, – деді аймақ басшысының сауалдарына жауап берген Бақытжан Әмірбекұлы. Мұнан кейін Ербол Қарашөкеев құрылысы жүргізіліп жатқан 4 мектепке арнайы барды. Аймақ басшысы қала әкіміне, мердігерлерге құрылыс жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде аяқтауды тапсырды. – «Ұлы дала» ықшамауданындағы тұрғындардың саны күн санап көбейіп келеді. Сол себепті халықтың барлық қажеттілігін өтеу мақсатында кешенді жұмыстар атқаруымыз керек. Бүлдіршіндерді балабақшамен, оқушыларды мектеппен қамту – ең өзекті мәселе. Оқушылар облыс орталығындағы басқа мектептерге сабылып жүрмеуі қажет. Дегенмен, асығыстыққа салынып, сапасына немқұрайлы қарауға болмайды. Қандай жағдай болмасын құрылыс жұмыстары уақытында әрі сапалы аяқталуы керек, – деді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев. Ал, қала әкімінің сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда ықшамауданда 4 мектептің құрылысы басталған. Оның екеуі «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынуда. Мердігер компания өкілдерінің айтуынша, білім ошақтарының құрылысы кестеге сәйкес жүргізілуде. Кешіктіріп тұрған ешқандай кедергі жоқ. Сондай-ақ, аймақ басшысы бірқатар тұрғын үйді аралап, тұрғындармен кездесіп, пікірлерін тыңдады. Тұрғындар ойын алаңдарының жоқтығын, егер болса тозығы жеткенін, аулалардағы жолдың тарлығын, жылу жүйесіндегі ақауларды айтып, базынасын жеткізді. Тұрғындардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрген Ербол Қарашөкеев қала әкіміне нақты тапсырмалар берді. – Көзбен көргеніміздей, балалар ойын алаңшаларының әбден тозығы жеткен. Халықтың сыны өте орынды. Тұрғын үй соғып берумен мәселе шешілмейді. Айналасын абаттандырып, заман талабына сай балалар ойын алаңшалары, басқа да халықтың қажеттілігімен толықтай қамтамасыз етуіміз керек. Әрине, әр үйдің алдына бір-бір футбол алаңшасын соға алмайтын шығармыз. Бірақ, ықшамауданда кемі 5-6 футбол алаңшасын салып, балаларымыздың спортпен айналысуына жағдай жасау – басты міндетіміз. Одан кейін байқағанымдай, бірде-бір тұрғын үй пәтер иелері кооперативіне мүше емес. Демек, әкімдік тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілмеген. Халыққа ұдайы түсіндіру жұмыстары жүргізілуі қажет. Егер әрбір пәтер кооперативке мүше болса, бірқатар мәселе өздігінен шешімін табатын еді, – деді Ербол Қарашөкеев. Мұнан соң «Бүркітәлі» мектебінде «Бурыл» алабының және «Ұлы дала» ықшамауданының тұрғындарымен өткен кездесуде бірқатар мәселелер айтылды. Тұрғын Ұлжан Каюпова ауданға әлі де қоғамдық көліктер сирек қатынайтынын, қоқыстардың бей-берекет шашылып жататынын алға тартса, тұрғын Жанар Айболатова ықшамаудан жолдарының тарлығын, оған қоса №34 үйдің алдына орнатылған шлагбаумның салдарынан жедел жәрдем, өрт сөндіру көліктерінің уақтылы жете алмайтынын атап өтті. Зейнеткер Жұмаділда Айтмұрат әрбір жаңа ғимараттың жоба-жоспарында абаттандыру жұмысы қарастырылмағанын, соның салдарынан ықшамауданда әлі күнге бірде-бір тал отырғызылмағанын жеткізді. Басқосу барысында осы және өзге де мәселелерге қатысты қала басшысы жауап беріп өтті. –Әрине, әрбір көтеріп отырған мәселелеріңіз орынды. Дегенмен, өздеріңіз де күнделікті көріп жүргендей сең қозғалып, қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өткен жылы «Ұлы дала» ықшамауданының егжей-тегжейлі жоспарына өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданған болатын. Шешімге сәйкес, көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын тоқтаттық. Сөйтіп, ықшамауданда салынатын 16 үйдің құрылысын Асанбай Асқаров көшесінің аяғына ауыстырдық. Ал, енді босаған 16 үйдің орнынан алдағы уақытта атшаптырым аумақты алатын саябақ ашылады. Ықшамаудан тұрғындары тарапынан жол мәселесі өте жиі көтеріледі. Биыл мұндағы 4 негізгі көшеге асфальт төселеді. Ең бастысы – қаржы мәселесі шешілді. Бір жарым айда құрылыс жұмыстары толық аяқталады. Биылғы жылы жылу жүйелерін кеңейту жұмыстары аяқталған соң барлық көшелер асфальтталады. Сонымен қатар, өткен жылы ықшамауданды жылумен қамту бойынша мәселелер туындағанын жасырмаймыз. Сөйтіп тұрғын үйлердің жертөлесіне сорғы насос қойылды. Бірақ, бірінші қабатта тұратын тұрғындарға қолайсыздық тудырды. Биыл мәселе толығымен шешіледі. Ықшамауданға кіреберісте станция салынып жатыр. Ал, «Бурыл» алабында мектепке баратын және қоғамдық көлік жүретін негізгі көшелерге асфальт төселеді. Алап көшелеріне асфальт төсеуді тұрғындар талай жылдан бері көтеріп жүрді. Биыл мердігер жұмысын бастап кетті. Жол төселсе қоғамдық көлік мәселесі де шешіледі. Жақында қалаға 50 жаңа қоғамдық көлік келеді. Оған дейін алапқа жол салынса, қоғамдық көліктердің жүру жиілігі де қысқарады. Бұрын ықшамауданға және «Бурыл» алабына келетін автобустардың жүру жиілігі 30 минут болса, енді 10-12 минутқа дейін қысқарады. «Түйте» каналына биыл тазалық жұмыстары басталып, ағаш егіледі. Келесі жылы абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. 2024-2025 жылдары каналдың бойын абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп, демалыс орнына айналдыру жоспарымызда бар. Сол секілді байланыс және интернет сапасының нашарлығы тұрғындар тарапынан ең көп көтерілетін сұрақ десек те болады. Тұрғындардың талап-тілегі бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, «Бурыл» алабында екі жер учаскесін бөлдік. Жуық уақытта қосымша байланыс мұнарасы қойылады. Мәселенің бәрін бір жылда шешу мүмкін емес. Кезең-кезеңімен жоспарға сай жүйелі жұмыстар атқарыла береді, – деді Бақытжан Әмірбекұлы әр тұрғынның сұрағына жеке-жеке жауап беріп. Жиынды қорытындылаған Ербол Қарашөкеев тұрғындардың көтерген мәселелері бойынша қала әкіміне нақты тапсырмалар беріп, тұрғындардың талап-тілегі жіті назарында болатынын жеткізді.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар