Қазақ күресіне қамқор отбасы

Қазақ күресіне қамқор отбасы
ашық дереккөз
Қазақ күресіне қамқор отбасы
Отанымыздың өркендеуінің кепілі – үлгілі отбасылар. Олар береке, бірлік, татулығымен өзге әулеттерге ой салып, бағдар бере алады. Ондай берекелі де ынтымақты шаңырақтың жылы шуағы сол отбасының барлық мүшелеріне әсер етеді де, тәрбиелі ұрпақ қалыптасады. Сондай үлгілі отбасының қатарына Бесағаш ауылдық округі, Бесағаш ауылындағы Хабибуллаевтар отбасын қосуымызға болады. Тектілік, намысшыл қасиет – атадан даритыны ақиқат. Әулеттің атасы Зарипулла Ұлы Отан соғысына қатысқан кісі екен. Бейбіт күнде де ауылда шопыр болып, әртүрлі салада тынымсыз еңбек еткен. Құдай қосқан жары Зеркүл әжей екеуі 9 ұл-қыз тәрбиелеп, өсіріп, жеткізген. Бұл күнде Зарипулла ақсақал да, Зеркүл әжей де бақилық. Міне, осы Зарипулланың бір баласы – Ғабидулла. Отағасы Ғабидулланың еңбегі осы Бесағаш ауылына әбден сіңді. Алматыдан жоғары білім алып, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығын иеленген ол спорт саласына 40 жыл еңбегін сіңірді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, перзенттерінің бәрі де спортқа бейім болды. Бірнеше баласы күрес түрлерімен кәсіби түрде айналысқанын барша ауылдастары біледі. «Бесағаш – балуандар ауылы» деген сөз айтылып жүрсе, оған Хабибуллаевтардың да қосып отырған үлесі қомақты. Отанасы Қарлығаш Мұхамедқалиқызы біраз жыл есепші болып еңбек еткен. Қазіргі таңда – жеке кәсіпкер. Отағасының, перзенттері мен немерелерінің тілеуін тілеп, қолынан келгенше қабақтарына қарап келеді. Бұл шаңырақтың үлкені – Дамир. Негізі, осы Дамир Хабибуллаев қазақ күресінен төрт дүркін ел чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері ретінде көпшілікке кеңінен таныс. Қазақша күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері болса, самбо күресінен спорт шебері. Дамир бұл күнде бапкерлікке ауысқан. Қазақ күресінен облыстық жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы болып жемісті еңбек етіп жүр. Биыл Семей қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатында облыс құрамасы 5 алтын, 2 күміс, 3 қола медальмен командалық есепте бірінші орынмен оралды. Бұл дегеніңіз – жамбылдық он балуан жүлдемен қайтты деген сөз. Мұндай орасан зор табыс бапкердің жұмысының жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Осы жеңіске жеткен жасөспірімдердің бірнешеуі Бесағаш ауылынан екен. Оның ішінде Әли Әлімбек деген әлем чемпионы бар. Дамирдің жары Таңшолпан Жапарқызы жоғары білімді метролог маман. Қазір жеке сұлулық салонын ашып, жұмыстың басы-қасында өзі жүр. Бұл шаңырақтың екінші ұлы – Әмір. Әмір Ғабидуллаұлы қазақ күресінен әлем және Еуропа чемпионы, күрестің осы түрінен Қазақстанның 8 дүркін чемпионы. Одан бөлек, самбо күресінен екі рет, дзюдо күресінен екі рет ел чемпионы. Қазақ спорты тарихына Әмір Хабибуллаевтың есімі де алтын әріптермен жазылғаны анық. Әмірдің өмірлік серігі Гүлжан – мұғалім. Бұл әулеттің қызы Айтолқын да өмірін спорт саласымен байланыстырған. Волейболдан облыс чемпионы. Тұрмысқа шығып, бес ұл-қызға ана болып отыр. Бесағаш ауылында спорт нұсқаушысы болып істеген. Ғабидулланың кенже баласы – Дәулет. Ол қазақ күресінен «Қазақстанның жас барысы» республикалық турнирінің күміс жүлдегері, қазақ күресінен спорт шеберлігіне кандидат. Самбо күресінен облыс чемпионы. Қазіргі таңда ауылдағы егін шаруашылығына арналған ғылыми тәжірибелік орталықта еңбек етеді. Келіншегі Дана қолөнер шебері. Қолынан тігін өнері келетін келіндердің әр ауылда көп болғаны дұрыс-ақ. Ғабидулла Хабибуллаев ауылдың патриот азаматы ретінде де көпке сыйлы. Қазақ күресінен өтетін «Қазақстан барысы» турнирлерінің республикалық кезеңін Астанаға барып тамашалап, жамбылдық балуандарға жанкүйер болып жүретіні бар. Бесағашта қазіргі таңда жас балуандарды дайындап, болашақ чемпиондарды шығару жолында тер төгіп жүр. – Қай кезде де жеңіс жолы – қиын жол. Мен оны спортқа бала тәрбиелеп келе жатқан ұзақ жылдардағы тәжірибемнен білемін. Жалпы, өміріме ризамын. Әкем Зарипулла тек адалдықты ту еткен кісі еді. Ол кездегі ақсақалдардың көпшілігі – отаншыл, патриот еді ғой. Әкем бізді де адал жолмен жүруге, бір үзім нан тапсақ та адал табуға үйретті. Сол жақсы қасиет қанымызда қалды. Шәкірттерімізді де аянбай ізденіп, жарқын жеңістерге өз еңбектерімен жетуге баулып келеміз. Жұбайым екеуміз перзенттерге дұрыс тәрбие бере алдық деп ойлаймын. Ұл-қыздарым өмірден өз орындарын тапты. Аллаға шүкір, немерелеріміз бар. Бір сөзбен айтқанда, Бесағаштағы бақытты отбасының біріміз. Жас отбасыларға қай кезде де үлгі болып, ақылымызды айтып жүреміз. Сондықтан да Бесағашта спортшылар мен бірлігі жарасқан өнегелі отбасылар көп. Шаңырақ көтерген жастар да осы ұлағатты жолмен жүріп жатыр. Бізде ақсақалдан алғыс алған өнегелі келіндер де көп, – дейді Ғарифулла Хабибуллаев.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар