Талаптыға нұр жауар...

Талаптыға нұр жауар...
ашық дереккөз
Талаптыға нұр жауар...
5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі. Атаулы датаның өзгеру себебі – «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деген ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен байланысты. Бүгін барша қазақстандық қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде Тілдер мерекесін тойлайды. Еліміздің көпұлтты болуына байланысты, бұл мерекені Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдері мен ұлыстар атап өтеді. Қазір елімізде жүргізіліп отырған салиқалы тіл саясаты толеранттық тілдік орта қалыптастырудағы маңызды қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени құндылықтардың бірі болып саналады. Облысымызда көп тіл білетін жастардың қатары көп-ақ. Сондай полиглот жастардың бірі – Ақерке Оңғар. 2016-2020 жылдары Қазақ Халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетінің шетел филологиясы: қытай және ағылшын тілі мамандығы бойынша білім алып, үздік дипломмен аяқтайды. Сонымен қатар, 2018-2019 жылдары Қытай Халық Республикасындағы Ланчжоу университетінде Конфуций институтының стипендиялық бағдарламасымен білім алмасып қайтады. Бүгінде ол Қытайдағы Ланчжоу университетінде қытай тілі пәнінің мұғалімі және Италиядағы Ла Сапиенца университетінде шығыс елдерінің мәдениеті мамандықтары бойынша магистратуралық білім алуда. – Қазақ даналығында «Қанша елдің тілін білсең, сонша түрлі ілім білесің», деп айтқандай, өз ана тілім қазақ тілінен бөлек, орыс, ағылшын, қытай, түрік тілдерін меңгердім және итальян тілін үйренудемін. Кез келген тілді үйрену үшін әуелі сол тілге, елге, мәдениетіне деген қызығушылық болу керек. Көп тілді білу арқылы өзіңнің рухани қажеттіліктеріңді де өтей аласың. Сондықтан қанша тіл білсеңіз де аздық етпейді. «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» дегендей, әр адамның сан алуан арманы бар. Менің арман-мақсаттарымның бірі – өз елімізге еңбегімді сіңіріп, жастардың білім алуына, әсіресе өз туған жерімнің жастары шет мемлекетте білім алуына үлес қосу. Қазіргі таңда осы мақсатымды жүзеге асыру барысындамын. Болашақта үлкен білім ордасының негізін қалап, әрбір қазақстандықтың білімін арттыруына септігімді тигізсем деймін. Бірақ тек армандап қана қоймай, сол арманға мақсатпен жету дұрыс деп санаймын, – дейді Ақерке Алтынбекқызы. Әр адамның жұмысынан бөлек өзінің сүйікті ісі, қызығушылығы болады. Сол сияқты жалынды жас Ақерке Қытай, Индонезия, Малайзия, Біріккен Араб Әмірлігі, Түркия елдерінде болып, тілімен, мәдениетімен, өмір салтымен танысып қайтқан. «Шет елге шығу – адамның көзқарасын, дүниетанымын, ой-өрісінің жақсы жаққа қарай өзгеруіне септігін тигізеді. Әлемнің барлық жерлерін өз көзіммен көру – арманым. Көп тіл білу – бұл менің өмірлік ұстанымым», дейді ол.  

Мақпал САМАТҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар