Әскер қатары жас жауынгерлермен толықты

Әскер қатары жас жауынгерлермен толықты
ашық дереккөз
Әскер қатары жас жауынгерлермен толықты
Ата Заң күніне орай «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметкерлері мереке қарсаңында салтанатты жиын өткізді. Салтанатты шара өңірлік қолбасшылық штабының шеру алаңында емес, әскер мен халықтың ортақ мақсат, мүддесін тоғыстыратын Достық үйінде өтті. Іс-шараны ашып берген «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Мереке Күчекбаев Конституцияның адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін еліміздің басты заңы екеніне тоқталды. – Еліміздің өркендеуі, ұрпағымыздың өсіп-өніп, сапалы білім, саналы тәрбие алуы, мемлекетіміздің сан саласының қарыштап дамуының басты кепілі – Ата Заңымыз. Конституциямызда айшықталған құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, ұрпаққа аманаттау біздің басты парызымыз, – деп атап өтті өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы. Ал, Қазақстан Республикасы қарулы күштерінің ардагері, ауған соғысының ардагері Әлімжан Ерниязов өз сөзінде ел армиясы әскери қызметшілерінің бірінші кезектегі міндеті – Конституцияны сақтау және ел қауіпсіздігін қорғау екенін айрықша атап өтті. Ант мәтінінің өзінде алғашқы жолдарда жас сарбаздың Отанына адал болуы жазылғанын ұмытпауымыз керек. Отан қорғау әрбір азамат үшін қасиетті парыз. Еліміздің аман, жұртымыздың тыныш болуына Конституциямыз кепіл болса, соны сақтау әрбір сарбаздың борышы, – деп атап өтті ол. Конституция күніне арналған салтанатты жиынның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері жоғары әскери оқу орындарын тәмамдап келген жас лейтенанттармен толығуы шараның салтанатын да, салмағын да арттырғандай болды. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Мереке Күчекбаев жас офицерлерді Қазақстан Республикасының офицерлік корпусына енуімен және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қатарына қосылуларымен құттықтап, оларға табыс тіледі. Жас сарбаздардың антына адал болуына, еліміздің заңдарын, айбары асқақ Ата Заңды қастерлеуге шақырды.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар