Ізгілік әлеміндегі Әбілдаевтар

Ізгілік әлеміндегі Әбілдаевтар
ашық дереккөз
Ізгілік әлеміндегі Әбілдаевтар
Бүтін отбасы – мемлекеттің байлығы, Отанның беріктігінің кепілі. «Отбасы – шағын мемлекет» деп бекер айтылмайды. Ол сөздің мәні мен мағынасы терең. Осындай ұлағатты отбасылардың қатарына Жамбыл ауданы, Шайқорық ауылында тұратын Әбілдаевтар отбасын да қосуымызға болады. Шаңырақтың отағасы ұл-қыздарының тәрбиесімен қатар біліміне де ерекше көңіл бөлген. Бұл әулеттегі перзенттердің қоғамдық өмірге белсене араласып, жан-жақты болып жетілуі отбасында берілген дұрыс тәрбиенің жемісі. Мәселен, Аяулым Тәжіқұлқызы осы уақытқа дейін өзінің мамандығына қатысты бес кітаптың авторы екен. Бұл күнде ол «Galaxy» халықаралық мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Сонымен қатар, Сулейман Демирель университетінің магистрі. «KRMU CUP» пікірсайыс турнирінің «Үздік талпыныс» аталымы бойынша жеңімпазы. Сондай-ақ, «AMANAT CUP IV» пікірсайыс турнирнің үздік ойыншысы. Бұл жетістіктің бәрі оңайлықпен келмейтіні белгілі. Аяулым бұл табыстармен де шектелмеген. Сутденттер арасындағы «Жас қаламгер» сайысында «Үздік әңгіме» аталымының жеңімпазы. «Абайды білмек парыз ойлы жасқа» атты постерлік баяндамалар байқауында да табыстың төрінен көрінген. «Ұлы дала ұстазы: әдістемелік жалғастық» атты жоғары оқу орындары студенттері арасында өткен республикалық ғылыми-онлайн семинарының бірінші орын иегері. Бұл отбасының екінші қызы Мерей Алматы технологиялық университетінің 4-курс студенті. Бірнеше рет республикалық деңгейдегі пікірсайыс турнирлерінде жеңімпаз атанған. Ойының озықтығымен, айтар пікірінің нақтылығымен ерекшеленген майталман. Қазіргі таңда облыстық, қалалық деңгейдегі турнирлерге төрешілік жасап, «Үздік төреші» аталымын иеленіп үлгерді. Нақтылап айтқанда, Мерей өзінің атына лайық болып, қай кезде де мерейі өсіп жүреді. Шамасы, балаға есім қойған кезде де ерекше мән бергеннің бір жемісі осы болса керек. Шайқорық орта мектебінде 11-сынып оқитын Нұрай да жан-жақты. Ән айтып, күй тартқанды ұнатады. Түрлі байқауларға қатысып, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Облыстық «Абай оқулары» байқауында да Абай мен Шәкәрімнің әндері мен күйлерін орындап, бас жүлдені жеңіп алған. Қазіргі таңда мектептің бастауыш сыныбында оқитын Мейірлан да әпкелері секілді жан-жақты болғысы келеді. Өзі есеп шығару жағына бейім. Республикалық «Жас математиктер» олимпиадасында бірінші орынды иеленген. Республикалық «Оқушы шығармашылығы» байқауында да жеңімпаз атаныпты. Мінекей, бар болғаны 3-сыныпқа енді көшкен балаға осы жетістіктердің өзі де аз емес екені анық. Осындай перзенттердің әкесі Тәжіқұл Шайділдаұлы «Қазфосфат» минералды тыңайтқыштар зауытында машинист болып 25 жылдан бері еңбек етеді. Бұл отбасы облыстық «Парасатты отбасы» байқауының да бас жүлдегері. Асыл жары Нұрғиза екеуінің шаңырақ көтергендеріне биыл ширек ғасыр толады. Отанасы Нұрғиза Мырзашова Тараз мемлекеттік педагогикалық институтын аяқтап, ұзақ жылдан бері Шайқорық орта мектебінде информатика пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп келеді. «Ауыл мектебін басқару және білім сапасын арттырудың тиімді жолдары» тақырыбында авторлық ұжыммен бірлесіп жинақ жазған. Өзінің саласы бойынша облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы. Білім мен ғылымға ұмтылған Әбілдаевтардың отбасы міне, осындай. Олар алдағы уақытта да үлгілі отбасы ретінде Тәуелсіз еліміздің дамуына өз үлестерін қоса беретіні анық.  

Жамбыл ауданы

Ұқсас жаңалықтар