Берері мол байқау

Берері мол байқау
ашық дереккөз
Берері мол байқау
Ішкі істер органдары қызметкерлері арасында мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын арттыру, қолданысын кеңейту, мемлекеттік тілге, еліне, Отанына деген құрметін арттыру, тілдік ортаны қалыптастыру және тіл мәдениетіне тәрбиелеу мақсатында «Парасатты полицей» республикалық байқауы өтті. Он төртінші рет өткізілген сайысқа еліміздің барлық полиция департаменттерінен 200-ден астам қызметкер қатысып, өзара бақ сынасты. Талантты да шығармашыл полиция қызметкерлерінен құралған 20 команда байқаудың қос кезеңінде кім мықтыны анықтауға күш салды. Айта кетейік, былтыр Көкшетау қаласында өткен дәл осы байқауда үздік өнер көрсеткен облыстық полиция департаментінің «Тараз арландары» командасы бас жүлдені жеңіп алған болатын. Ішкі істер министрлігінің бастамасымен өтетін байқау биылғы жылы Жамбыл жерінде түндігін түрді. Облыс орталығындағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағынан бастау алған шара барысында қатысушылар әуелі даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы мен Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Сондай-ақ, осы аталған саябақтағы «Даңқ залын» аралап көрді. Жиынның ашылу салтанатында облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзин сөз алып, барша әріптестеріне сәттілік тіледі.   – Қазақстан халқы тілдері күнін мерекелеу қарсаңында он төртінші рет ұйымдастырылып отырған «Парасатты полицей» дәстүрлі байқауының Тараз төрінде өтуі біз үшін үлкен абырой. Екі мың жылдық тарихы бар көне шаһар Ұлы Жібек жолының жауһары, түркі халқының рухани-мәдени орталығы. Жалпы, Жамбыл өлкесі – батырлар мекені. Қасиетті Әулиеата топырағында екінші дүниежүзілік соғыстың хас батыры, стратег Бауыржан Момышұлы мен бейбіт күннің батыры Ғазиз Байтасовтың кіндік қаны тамған. Азаматтарды құтқару жолында, бейбітшілік пен тыныштық үшін өз өмірін құрбан еткен Ғазиз Байтасовтың есімі тарихта мәңгілік қалары сөзсіз. Ол құқық қорғау қызметкерлері арасында «Халық қаһарманы» атағын алған алғашқы әрі бірегей батыр. Байқауға қатысушылар мен қала қонақтары осынау тарихы терең өлкеден ұмытылмас әсер алып қайтады деген сенімдеміз. Байқау қатысушыларына сәттілік, – деді Арманбек Хәкімбекұлы. Бұдан кейін, Ішкі істер министрлігінің идеологиялық және имидждік жұмыс департаментінің басшысы Альбина Махамбетова байқаудың маңыздылығына тоқталып өтті. Оның айтуынша, мұндай байқауда бақ сынау әрбір тәртіп сақшысы үшін үлкен абырой. «Ішкі істер органдары арасында кеңінен танымал сайыстың басты көздегені – тәртіп сақшылары арасында мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын арттыру, қолданысын кеңейту. Полиция қызметкерлерінің мемлекеттік тілге, еліне, Отанына деген құрметін арттыру, тілдік ортаны қалыптастыру, сондай-ақ, тіл мәдениетіне тәрбиелеуде де байқаудың алар орны ерекше. Сол себепті, «Парасатты полицейге» қатысу – әр қызметкер үшін мәртебе, – дейді А. Махамбетова. Бұл күні салтанатты жиын құқық қорғау қызметкерлері мен эстрада жұлдыздары өнер көрсеткен концерттік бағдарламаға ұласты. Ал, жарыстың екінші күні «Баласағұн» орталық концерт залында кең көлемде мәдени шара өтіп, онда құқық қорғау қызметкерлері екі кезең бойынша сынға түсті. Нақтылай түссек, полицейлер алғашқы кезеңде «Жаңа Қазақстан полициясы» тақырыбында ішкі істер органдарын реформалау барысы жөнінде айтып, өздерін таныстыруға мүмкіндік алды. Екінші кезең – көркемсөз оқу сайысында полиция қызметкерлері заманауи технологияларды, бейнероликтерді, қосымша көрнекі құралдарды пайдалана отырып, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың шығармаларын жатқа мәнерлеп оқыды. Ал, сайыс қатысушыларының өнеріне Ішкі істер министрлігінің идеологиялық және имидждік жұмыс департаментінің басшысы Альбина Махамбетова, облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай, «Aulieata-Мedia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Оралхан Дәуіт, сала ардагерлері Тұралы Шералин, Қалижан Шоңғарбаев, Роза Қалдыбекова және танымал әзілкеш Есен Елеукен төрелік етті. Атап өтерлігі, қос кезеңде де полицейлердің өнері 5 балдық жүйе арқылы бағаланды. Басты талап – қойылым қайталанбауы тиіс. Екі кезеңнің қорытындысы бойынша қазылар алқасының мүшелері жеңімпаздарды анықтап, арнайы дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапаттады.  

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар