Бүлдіршіндер балабақшаны қашанғы күтеді?

Бүлдіршіндер балабақшаны қашанғы күтеді?
ашық дереккөз
Бүлдіршіндер балабақшаны қашанғы күтеді?
Қазіргі таңда облыс аумағында құрылыс саласының қарқынды жүріп келе жатқаны белгілі. Оның ішінде білім саласына қатысты ғимараттарға басымдық берілген. Бір ерекшелігі, алыстағы Мойынқұм ауданы да мұндай игіліктен құралақан қалып жатқан жоқ. Мәселен, қазіргі кезде Айдарлы ауылындағы №2 орта мектебінде күрделі жұмыстар жүргізілуде. Әрине, мұның барлығы жақсы. Жаңа құрылыс ауыл тұрғындарына қуаныш сыйлайтыны анық. Әсіресе, мұғалімдер мен оқушылар, балабақша қызметкерлері мен тәрбиеленуші бүлдіршіндер ерекше әсерге бөленетініне де күмәніміз жоқ. Айдарлыда тұратын халық осы күнді асыға күтіп отыр. Дегенмен, бұл орайда бірқатар мәселелер де бар. Аталған мектепте 340 оқушы білім алады. Мұндағы күрделі құрылыс жұмыстарының аяқталатын түрі жоқ. Келісімшарт бойынша мерзімдері – 20 қазан. Ол дегеніңіз мұнда әлі екі айға жуық құрылыс жүреді деген сөз. Сонда, Айдарлыдағы оқушылар қайда білім алады? Бірақ, аталған ауылдық округ әкімдігі де қол қусырып қарап отырған жоқ. 340 баланы қайда оқытудың қамын жасап, жүгіріп жүр. Бастауыш сыныптар күннің жылы кезі болғандықтан, мектеп жанындағы «Балапан» бөбекжай бақшасының ғимаратында уақытша оқиды деп шешсе, жоғары сыныптар үшін бос тұрған екі қабатты ғимаратты пайда лана тұруды ойластырып отыр. Қазіргі таңда сол қосымша ғимаратты тазалау, ақтау жұмыст ары баст а лып кеткен. Біз барғанда округ әкімі Әбілет Мұқашев ауылда жоқ екен. Жұмыс басында аталған мектептің шаруашылық меңгерушісі Асқар Арғынбаев жүрді. Ол «Мектеп құрылысы жаңа оқу жылында бітпейтін болып тұр. Мердігер компанияға да артар кінәміз жоқ. Келісімшартта көрсетілген уақытқа үлгеруге тырысып жатыр. Тіпті, 1 қазанда бітіріп беруге жанталасуда. Сондықтан, балаларды басқа ғимаратта оқыту қамына кірістік», деді. Ал, мердігер «Дәурен-бұлт» компаниясының құрылыс бригадирі Нүркен Оңайбай: «Жалпы, мұндағы құрылыстың 60 пайызы аяқталды. 30 адам жұмыс істеп жатыр. Жалақылары жасаған жұмыс көлеміне қарай. Жақсы жұмыс істесе, тәулігіне 30-40 мың теңге табуға мүмкіндік бар. Керісінше, жалқау жұмысшылар 5 мың теңгені әрең табуы мүмкін. Ол өздерінің қимылдарына байланысты», деді. Тағы бір айта кететін нәрсе, аталған мектеп ғимаратына жапсарлас «Балапан» бөбекжай бақшасы орналасқан. Онда 75 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Мектептегі құрылыс жұмыстарының кесірі аталған бөбекжай бақшасына да тиіп жатыр. Бұл мектепке дейінгі мекеменің жылыту құбырлары ауыстырылу қажет. Әлі оған қатысты жұмыстар басталмаған. Себебі, мұндағы жұмыстарды әр компания өз жауапкершілігіне алған. Мысалы, бөбекжай бақшаның жылу құбырын ауыстыратын басқа қосымша мердігер, мектептің терезесін басқа мердігер компания салады. Бірақ, бәрінің үйлестірушісі – «Дәурен-бұлт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Айтайын дегеніміз, бөбекжай бақшасына барып жүрген 75 бала әлі екі ай бойы үйлерінде отырады. Олардың ата-аналары жұмыс істейтін болса, бүлдіршіндерін кімге табыстап жүр? Бұдан бөлек, балабақшада еңбек ететін жиырмаға жуық қызметкердің жалақысы уақтылы төленіп жатыр ма? Осы сауалды әуелі аталған балабақшаның тәрбиешісі Жанар Арғынбайға қойып едік. Ол «Заңды еңбек демалысында жүрмін. Мен басқа ештеңе айта алмаймын. Мекеме бастықтарынан сұраңыздар», деді. Аталған бөбекжай бақшасының меңгерушісі Жұмагүл Айжарықовамен де хабарластық. «Биыл 20 маусым 20 тамыз аралығында бөбекжай тәрбиешілерін екі айлық еңбек демалысына жібердік. Ал, техникалық қызметкерлер өздерінің еңбек реттілігіне қарай 24 күн, кейбірі 30 күн еңбек демалысын алды. Қазір құрылыс жұмыстарына байланысты бөбекжай бақша жұмысы уақытша тоқтап тұр. Дегенмен, заң аясында мекеме қызметкерлеріне бұрынғы алып жүрген жалақыларының 90 пайызы төленуде. Еш қызметкерден арыз-шағым түскен жоқ», деді ол. Ал, мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған 75 бала үйлерінде ойнай тұруға мәжбүр. Бұл жағдайға кейбір ата-аналар наразы. Бұрын КСРО Жоғарғы кеңесінің депутаты болған, өз заманындағы озат малшы Күлзада Тілеубаева да Айдарлыда тұрады. «Ауылдың мектебі жөнделіп жатыр екен. Балабақша жұмысына кері әсер болып жатыр. Балабақша ертерек ашылса деп тілеп жүрген ата-ана көп», дейді ол. Айдарлыда күрделі жөндеуден өтіп жатқан мектеп құрылысының аяқталуын күтіп жүргендер көп. Әсіресе, 75 бүлдіршін балабақшаға қашан барамыз деп өз ата-аналарын мазалап жүр.  

Есет ДОСАЛЫ

Мойынқұм ауданы

 

Ұқсас жаңалықтар