Ұлағатты шаңырақ көпшілікке үлгі

Ұлағатты шаңырақ көпшілікке үлгі
ашық дереккөз
Ұлағатты шаңырақ көпшілікке үлгі
ҚЫЗЫЛАРЫҚ АУЫЛЫНДА ТҰРАТЫН СҰРЫМБАЕВТАР ОТБАСЫН БҮКІЛ АУЫЛ ҚҰРМЕТТЕЙДІ. ҚАРАПАЙЫМ ЕҢБЕКПЕН КӨЗГЕ ТҮСІП ЖҮРГЕН БҰЛ ӘУЛЕТ АУЫЛДЫҢ ЖАСТАРЫНА ЖАҚСЫ ІСТЕРІМЕН ҮЛГІ БОЛЫП ОТЫР.

Отағасы Қанатбек Жамалбекұлы біраз жыл Қызыларық ауылындағы №17 Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепте күзетші болып еңбек еткен. Сөйте тұра, техниканы жөндеуге, мал басын көбейтуге күш салып жүрді. 2012 жылдан бастап тәуекел етіп, «Дархан» шаруа қожалығын ашып, басқарып келеді. Бұл қожалық мал және егін шаруашылығын дамытумен айналысады. Аз ғана жылдың ішінде жұмысын жолға қойып үлгерген «Дархан» шаруа қожалығы қазіргі таңда ауыл халқына өздерінің көмектерін беріп, үлестерін қосуда.

Шаруа қожалықтың өркендеуі – ауыл шаруашылығына қосылған елеулі үлес екені белгілі. Қанатбек Сұрымбаев жұмысы ширақ шаруа қожалықтың төрағасы ретінде бұл үдеден шығып келеді. Сондай-ақ, асыл жары Қаракөз Айтбаева екеуі жеті ұл-қызды тәрбиелеп өсіріп, үлгілі отбасы ретінде танылып отыр.

Қаракөз Айтбаева–М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген. Жиырма жылын жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне арнап келе жатқан озат мұғалім «Алтын алқа» иесі, батыр ана. Үйдегі тәрбие мен мектептегі жұмысты үйлестіріп, бәріне үлгеріп жүрген Қаракөзді ауыл халқы да бағалайды. Ауылдың үлкен әжелері «Алтын алқа» иесіне үнемі алғыстарын білдірсе, жаңа түскен жас келіндер Қаракөздің жақсы өнегесін үлгі етеді.

Үлкен ұлдары Асылхан Жамалбек ата жолын қуып аталған қожалықта тракторшы болып еңбек етеді. Отбасын құрған, 1 ұлдың әкесі. Асылханның мақсаты үлкен. Алдағы уақытта қашықтан білім алып, болашақта үлкен қожалықтарды немесе өндірістік кооперативті басқаруды көздейді.

Екінші ұл – Расылхан болашағын ғылыммен байланыстыруды жөн санапты. Қазіргі таңда Сүлеймен Демирель атындағы қазақ - түрік халықаралық университетінде «Ғылыми математика» мамандығы бойынша білім алып жүр. Ал, үшінші ұл – Мұхамеджан Мәскеу электронды инженерия институтында «Электроника» мамандығын игеруде. Өзге балалар әзірге мектеп пен балабақшада.

Асқар тау әкенің отбасындағы орны бөлек. «Отбасың үлкейіп жатқан кезде ойланады екенсің. Жаратқанның нәсіп еткен жеті ұл-қызын өсіріп отырмыз. Тәуелсіз еліміздің ертеңі болатын ұлағатты перзенттер тәрбиелеу–парызымыз. Жұбайым Қаракөз мектепте мұғалім болғандықтан, бұл жағын жақсы түсінеді. Мен де отағасы ретінде өз міндетіме адал болуға тырысып жүрмін. Перзенттерімізге де рақмет. Алды таңдаулы университеттерге түсіп, өз білімдерімен оқып жатыр. Бұл да «Жаңа Қазақстанның» жарқын мүмкіндіктері деп білемін. Ендігі мақсат–сол перзенттердің қадамын қолдап, қолымнан келіп жатса көмек беру. Одан әрі қарай магистратура, докторантура оқып жатса, барша қазаққа пайдасы тиетіні анық. Оны алдағы болашақ көрсетеді. Ең бастысы, перзенттерімізге жақсы тәрбие бере алдық деп ойлаймын»,– дейді Сұрымбаевтар әулетінің тірегі, отағасы Қанатбек Жамалбекұлы.

 

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар