Табандылық табысқа жетелейді

Табандылық табысқа жетелейді
ашық дереккөз
Табандылық табысқа жетелейді
Жас кәсіпкерлердің қатары артып келеді. Соның бірі – Қордай ауылының тұрғыны Темірхан Сқақов. Жиырма бір жастағы кәсіпкер жастайынан еңбекке ерте араласып, бірнеше салада еңбек етіп үлгерген. Сөйтіп, жанына жақын кәсібін іздеген оны өмір ағысы дизайнерлікке алып келді. Алғашында графикалық дизайнмен айналысатын ағасының қасында жұмыс істеп, сол саланы ұнатты, әрі ізденді, үйренді. Қазір Темірханның шағын жеке кәсібі бар. Кәсіпкер логотип жасаумен, дизайнмен, плакаттар, баннерлер, кәдесыйлар, сыйлық пакеттерін жасаумен айналысады. – Ең қиыны – кәсіпті бастау. Менде дизайнмен айналысуға деген жалынды ниеттен басқа ештеңе болмады. Сөйтіп, ескі компьютерді жинақтап, принтер сатып алдым, менің өмірімнің жаңа тарауы осылай басталды, – дейді Темірхан Сқақов. Оның айтуынша, алғашқы кезеңде туыстары мен достарының қолдауы зор көмек болды. Қазір арнайы логотипі бар сөмкелер шығаратын шағын цехы бар. Жас кәсіпкер бірте-бірте ірі қалалардың базарларына шыға бастады. Бизнес қарқын ала бастағанда, цех қуаты жетпей қалды. Кеңейту қажет болды, ал оған қаражат керек. Міне, осы тұста оған мемлекеттік бағдарламаның көмегі тиді. Темірхан «Бастау Бизнес» жобасы аясында білім алды. – Оқудың өзі де оңай болған жоқ. Әр сабақтан кейін тест тапсырдым, өтпей қалдым, кейде шыдамым жетпей жүрді, қайта тапсырдым. Кейін ойланып, өз алдыма мақсат қойдым да, іске жаңаша құлшыныспен кірістім. Сертификат алғаннан кейін бизнес-жоспар әзірледім, құжаттарымды өткізіп, комиссияға келдім. Өте алмадым. Шынымды айтсам, бизнес-жоспарымды аздап жетілдіру керектігін сездім. Бірақ, жарты жолда ісімді тастап кететін қасиетім жоқ, сондықтан келесі жолы жақсылап дайындалып келдім, – дейді ол. Сөйтіп, Темірхан Сқақов өзінің табандылығы мен білімінің арқасында қайтарымсыз грант иегері атанды. Енді ол өндіріске қажетті құрал-жабдықтар мен құралдарды сатып алатын болады. Темірхан дайын өнімді кептіруге арналған үлкен шкаф сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл жас жігіттің жұмысын әлдеқайда тиімді атқаруға көмектеседі. «Ерте ме, кеш пе, идеямен шабыттанған әрбір кәсіпкер өмір шындығымен бетпе-бет келеді. Бизнесті кеңейту үшін тек ниет жеткіліксіз екен. Мұнда нақты көмек қолы аса қажет болды. Мемлекеттің қолдауы жоспарымды жүзеге асыруға үлкен сеп болды. Енді ары қарай жоспар құрып, іске кірісуім қажет. Клиенттік базаны кеңейту мақсатында жуырда SMM меңгердім. Бұл уақыт талабы. Осылайша пайдамды еселей аламын», дейді кәсіпкер. Алғашқы жеке тауарлық белгісі бар пакет жасатуға ірі тапсырыс алғаны Темірханның әлі есінде. Қысқа мерзімде 3000 дана жасау керек. Бастапқыда бас тартайын деген ойы болғанын жасырмайды, алайда, тәуекелге бел буып, жеңіске жетті. Темірханның жұмыстан басқа да қызығушылықтары көп. Ол суретке түсіргенді ұнатады. Ол осылайша шабыттанады. Жақында өзін фотограф ретінде сынап көрді. «Мүмкін емес ештеңе жоқ, тек шын ниетпен қалау керек», дейді ол.  

Шолпан САБАНОВА,

журналист.

Қордай ауданы

 

Ұқсас жаңалықтар