Экологиялық жағдай алаңдатады

Экологиялық жағдай алаңдатады
ашық дереккөз
Экологиялық жағдай алаңдатады
Тұрмыстық қалдықтарды бейберекет шашып лақтырудан, табиғатты орынсыз ластаудан экологиялық жағдайды төмендетіп жатқанымыз рас. Қоқыс үйінділері мен полигондарды экологиялық талаптарға сәйкестендіру, қалдықтарды бөлек жинау мәселелері жиі көтерілсе де, түбегейлі қолға алынбай келеді. Жақында «Аmanat» партиясы облыстық филиалының Экологиялық мәселелер жөніндегі кеңесі Т.Рысқұлов ауданына зерделеу жұмыстарын жүргізгенде де бірқатар көңіл қынжылтарлық жайттарға көз жеткізген. Осы және басқа да қоғамдық өзекті мәселелер жөнінде «Аmanat» партиясы облыстық филиалындағы баспасөз конференциясында облыстық мәслихаттың депутаттары Дамир Ташқараев пен Анар Бексұлтанова сөз етті. Cайланғалы бергі атқарған жұмыстарын мәлімдеген депутаттар қазіргі қоғамдағы түйткілді мәселелерге және олардың оң шешілуіне нендей ықпа л етіп жүргендеріне тоқталды. – Т.Рысқұлов ауданына жасалған зерделеуде полигондардың біразы қоршалмағанын, енді бірінің қоршаулары қирап, жарамсыз күйде тұрғанын байқадық. Ал, қоқыстарды бөлек жинауға арналған контейнерлер мен жәшіктердің сапасы сын көтермейді. Аталған мәселелердің барлығын топтастырып, ауданда өткен кеңестің көшпелі отырысында қарастырдық. Сондай-ақ, жасыл желектердің де жай-күйі мәз емес екендігін, аянышты күйде тұрған тал-дарақтарға суару жүйесі жүргізілмегенін зерделеу барысында көрдік. Аудан әкімі Ернар Есіркепов алдағы уақытта кемшіліктерді жою бойынша тиісті шаралар қабылданатынын айтты. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз әлі де жалғасады және мәселелердің заң тұрғысында оң шешілуіне кеңес мүшелері тікелей атсалыспақ. Экологияны сөз еткенде, Жамбыл ауданындағы сарқынды судан жергілікті халық зардап шегіп отырғанын айтпай кете алмаймыз. Аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен «Hasanat Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасындағы 2021 жылғы №268 келісімшартқа сәйкес, Аса ауылындағы шаруашылық-тұрмыстық ағынды суларды тазарту құрылыстарын қайта жаңарту жобасы бойынша келісімшарт жасалынған. Шарт сомасы 169 миллион 689 мың 54 теңгені құраған. Құжат бойынша құрылыс жұмыстары 2021 жылдың 27 желтоқсанында басталып, 2022 жылы шілдеде аяқталу керек болған. Алайда, аталған мердігер тарапынан бүгінгі күнге дейін құрылыс жұмыстары аяқталмауда. «Hasanat Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Б.Кадырхановқа аталған жұмыстарды 10 күндік мерзімде орындау туралы сотқа дейінгі ескерту берілген. Аталған мердігерді құрылыс жұмыстарын аяқтауды міндеттеу туралы аудан әкімдігі тарапынан облыстық экономикалық сотына талап арыз беріліп, бүгінгі күнге сот процесі жүргізілуде, – дейді Дамир Отарханұлы. Тұрақты комиссияның жұмыс жоспарына сәйкес, II тоқсанда «Жамбыл облысында ұлттық, техникалық және қолданбалы спорт түрлерін, бұқаралық дене шынықтыру, спорттық инфрақұрылымдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар туралы» мәселемен де Жамбыл, Мойынқұм, Т.Рысқұлов және Жуалы аудандарында зерделеу жұмыстары жүргізіліпті. Нәтижелері бойынша комиссия отырысы өткізіліп, аталған аудан әкімдерінің осы салаға жауапты орынбасарларының есептері тыңдалған. Мәселелерді шешу жолдары талқыланып, қаулы қабылданып, тиісті мемлекеттік органдарға хат жолданып, ұсыныстар берілген. Аудан әкімдері мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына, білім басқармасына аудандардағы ауылдық округтерде дене шынықтыру және спорт бөліміне бағынысты оқу-жаттығу процесін әдістемелік қамтамасыз етуді, оған басшылық жасауды, дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық іс-шараларды өткізуді жүзеге асыратын спорт ісі жөніндегі нұсқаушы- әдіскер мамандармен толықтай қамтуға тиісті дәрежеде штат бөлу, оларға ауылдық елді мекендерде бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізуге қаражат қарастыру ұсынылған. Білім басқармасының бағынысындағы мекемелерде спорттық нысандардың (алаңшалары, залдары, жаттығу орындары) материалдық-техникалық жабдықталуын қажет жағдайда қайт а жарақт андырылуын жетілдіру ескертілген. Анар Бексұлтанова өзіне мүмкіндігі шектеулі азаматтардан көптеген ұсыныстар түсетінін айтып, олардың талап-тілектерінің орындалуы үшін барынша жұмыс істеп жүргенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, түрлі қызметтерге мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қол жеткізуі үшін барлық мекемелерде пандус, сыртқа көмек шақыратын қоңырау жүйелері дұрыс қойылуын қадағалап, кездескен кемшіліктерді түзетуді басшылыққа ескертіп отыратынын айтты.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар