Барлық ауданда газ тарту мәселесі шешіледі

Барлық ауданда газ тарту мәселесі шешіледі
ашық дереккөз
Барлық ауданда газ тарту мәселесі шешіледі
Қазіргі таңда өңірдегі көптеген аудандарда көгілдір отын бар. Жеке тұрғын үйлерді газбен қамту мәселесі кейбір аудандарда 80-90 пайыз шешілген. Осыдан он жыл бұрын көрсеткіш мүлдем басқаша болатын. Біз бұл жетістіктерге бюджеттен дер кезінде бөлінген қаражаттар арқылы және «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы өңірлік филиалы тарапынан инвестициялық бағдарламалардың орындалуы арқылы жетіп отырмыз. Дегенмен, бұл бағдарламаларға бөлінген қаржыға бақылау жасайтын ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаменті. Аталған департамент басшысы Алмат Абдрайхан бастаған өкілдер Тараз қаласы, «Қант» зауыты иінінде «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы өңірлік филиалы тарапынан инвестициялық бағдарламалардың орындалуы туралы баспасөз турын өткізді. Бұл іс-шараға Тараз қалалық мәслихатының депутаттары Нариман Мәуленов пен Руслан Мірхалықов қатысты. Баспасөз турына жиналғандарға аталған акционерлік қоғамы өңірлік филиалы өндірістік-техникалық бөлім басшысы Абыл Юсипов облыс орталығында «Тараз қаласының газ тарату желісін жаңғыру» инвестициялық жобасы жоспарланған уақытқа сәйкес аяқталғанын, бірқатар жұмыстар жоспарға сай сәтті аяқталғанын айтты. «Бұл жоба екі кезеңнен және 8 қосу кешенінен құралды. Бірінші кезеңде, – 5, екінші кезеңде – 3 қосу кешенінен қостық. Жобаны іске асыру барысында 1039 шақырым газ құбыры ауыстырылды. Атап айтқанда, қырық жылдан астам уақыт пайдаланылып келе жатқан газ құбырларының 66 пайызы әбден тозған болатын. Олар ауыстырылды. Нәтижесінде 19545 жеке шырпы, 48 ұжымдық шырпы орнатылды. 88 928 абонент қайта қосылды, оның ішінде 38166 жеке сектор тұтынушылары» деді ол. Мұнан соң «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы өңірлік филиалының директоры Қанат Ордабаев 2022-2023 жылдары үшінші іске қосу кешенінің екінші кезеңі бойынша жұмыстар жоспарланған уақытта аяқталғанын айтты. «Бұл Қант зауыты, Кірпіш зауыты, Тектұрмас тұрғын алаптары. Осының арқасында 140 шақырым полиэтилен газ құбырлары жаңадан салынды. 34 ұжымдық шырпы орнатылды. 3557 жеке сектордан және коммуналдық сектордың 635 пәтері қайта қосылды. Дегенмен, мұнда бір мәселе бар. Қазіргі таңда осы Қант зауыты аймағында газдың қысымын азайтатын 100-дік станция тұр. Оны біз 250-лік станция ауыстыруымыз қажет. Ол – қосымша қаражат. Ауыстырмаса газдың көлемін жеткізу қиын болады. Бұл туралы облыс әкіміне хат жолдап отырмыз. Депутаттар да қолдау білдірсе деген ойымыз бар», деді филиал директоры. Мұнан соң Қанат Ордабаев өңіріміздегі аудандарға газ жеткізу мәселелеріне тоқталды. «Қазіргі таңда Мойынқұм ауданында газ жоқ. Дегенмен, ол ауданға да газ жеткізу туралы нақты жоспар бар. Ал, Байзақ ауданының тұрғындары 100 пайыз газ тұтынуда. Өзге аудандарға газ жеткізу тұрақты жүргізіліп жатыр. Кезең-кезеңімен бұл жұмыстар барлық ауданда толық шешімін табатын болады. Қазір Шу ауданы мен Қордай ауданы бір станциядан газ алып отыр. Бұл қыстың күні газ тарату кезінде қиындық тудыруда. Бұйырса, келесі жылы Шу ауданында газ тарату станциясы салынады. Ол кезде Қордай ауданының тұрғындарына өзінің станциясынан таратылған газ еркін жететін болады. Осы ретте айтарымыз, Шу ауданының осы станциядан газ алмақшы болған ауылдары биылша көмірмен отырса дейміз. Себебі, станцияның қуаты екі ауданға арналмаған. Екі ортада қордайлықтар да, шулықтар да қыстай «шулап» шығуы мүмкін. Осы мәселені ескерген жөн», – деді ол. Баспасөз турында ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыс бойынша департаментінің басшысы Алмат Абдрайхан газ саласындағы сапалы жұмыстарға көзі жеткенін айтып, алдағы уақытта да бірлесіп атқарар шаруаның аз емес екеніне тоқталды. Ал, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Нариман Мәуленов пен Руслан Мірхалықов аталған мәселені жауапты тұлғаларға жеткізуге ықпал ететіндерін айтты.  

Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ.

Ұқсас жаңалықтар