«Мәселелерді оң шешуге уәде бердім»

«Мәселелерді оң шешуге уәде бердім»
ашық дереккөз
«Мәселелерді оң шешуге уәде бердім»
Шу қаласы 45 мыңнан аса тұрғыны бар, бейресми түрде «Теміржолшылар» қаласы атанған шаһар. Соған сай шешімін табуға тиіс шаруасы да жетерлік. Оны тұрғындар БАҚ бетінде, әлеуметтік желіде жиі көтеріп жататындығынан аңғарамыз. Осыдан 100 күн бұрын тәжірибелі маман Елдос Нұралиев қала тізгінін ұстаған болатын. Одан бері қандай жұмыстар атқарылды, қандай мәселелер бар? Бұл ретте Шу қаласының әкімі Елдос Нұралиев сауалдарымызға жауап берді. – Елдос Бекболатұлы, жүз күнде қаланың тыныс-тіршілігімен қаншалықты танысып үлгердіңіз? – Бұл қала маған бөтен емес. Осы өңірде туып-өсіп, түледім. Балалық шағымның қызыққа толы күндері де осында өткен. Шаһардың тыныс- тіршілігі де бұрыннан таныс. Үш айдың ішінде қаланы түгелдей дерлік аралап шықтым. Жергілікті тұрғындармен кездесіп, олардың мұң-мұқтаждарын тыңдап, мәселелерін көзбен көрдім. Ендігі мақсатым – осы мәселелердің шешілу жолдарын қарастырып, ел игілігі үшін жұмысқа кірісу. Атқарылар істерімнің ауқымы артып, жоспарларым жүйеленді деп ойлаймын. Мәселен, қаладағы кәріз және шайынды сулар жүйесі ең өзекті мәселелердің көшін бастап тұр. Бүгінде кәріз су жүйесінің 86 пайызы тозған. Аталған жүйені қайта жаңғырту мақсатында жобалық-сметалық құжатын әзірлеу үшін аудандық бюджеттен 45 миллион теңге бөлінген. Оң қорытынды алған жағдайда ол 2024 жылы республикалық бюджетті нақтылауға ұсынылады. Қазынадан қаржы берілсе қазіргі шайынды су қалдықтары жиналатын орын 12 шақырым қашықтыққа көшіріліп, арнайы сүзгілермен жабдықталатын болады. Бұдан бөлек, биыл аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімімен кәріз жүйесінің қауіпті аймақтарына қоршау жұмыстары жүргізілетін болады. Тұрғындар көтеретін мәселенің тағы бірі – электр жарығының жиі өшуі. Себебі, қаладағы электр желілерінің 70 пайызының жағдайы күрделі. Оның үстіне, біздегі 3 қосалқы станция тұрғындарды электр қуатымен қамтуға мүмкіндігі жетпейді. Аталған мәселені шешу үшін қазіргі таңда Жанқұлиев тұрғын алабынан 4-ші қосалқы станцияны іске қосу үшін аудандық бюджеттен техникалық қызмет көрсетуге 26 миллион теңге бөлініп, аталған нысанды облыстық «Жамбыл Жарық Сауда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің теңгеріміне беру жұмыстары жүргізілуде. Станция іске қосылған кезде Қосқұдық шағынауданындағы ауыз су тарататын мұнара да жұмыс істеуге мүмкіндік алып, шамамен 8 мың тұрғынды сумен қамтуға ықпал етер еді. Өйткені, электр қуатының әлсіздігі де өз әсерін тигізіп отыр. Одан бөлек, осы жылға 142 миллион теңге бөлініп, алдағы уақытта Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс, Ақкербез көшелеріне электр желілері тартылатын болады. Жалпы алғанда, Шу қаласындағы ұзындығы 204,2 шақырымды құрайтын 313 көше бар. Бүгінде оның 181-і асфальтталмаған. Аталған мәселені шешу мақсатында биыл ұзындығы 19,7 шақырым болатын 21 көшеге күрделі жөндеу жүргізілмек. Ол үшін бюджеттен 484 миллион теңге бөлініп отыр. 21 көшенің 15-іне асфальт, 3 көшеге ұсақ тастар төселмек. Сондай- ақ, тұрғындардың ұдайы жаяу жүретін көшелеріне 3 тротуар салынады. Тарқатып айтқанда, Сәтбаев көшесінен орталық базарға, Паровоз монументінен Теміржол вокзалына, жаңа тұрғын үйлерге апаратын Ақарыс көшесіне жаяу жүргіншілер жолы салынбақ. Қазірдің өзінде мердігерлер анықталып, жұмыстар жүргізілуде. Бұйырса, жыл соңына дейін межелер орындалады деген ойымыз бар. – Жұмыс болған соң, жоспар да болатыны белгілі. Алдағы уақытта атқарылатын істердің барысымен таныстырып өтсеңіз? – Шу қаласында 119 көппәтерлі тұрғын үй бар болса, мемлекеттік бағдарлама арқылы соның 34-і жөндеуден өткен. Биыл 167 миллион теңге бөлініп, Абылайхан №14, Абылайхан №7/3, Сәтбаев №203, Абылайхан №9, Абылайхан №14, Сейфуллин №1, Сейфуллин №1/А, Сейфуллин №2, Сейфуллин №3 үйлеріне жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Соңғы жылдары нөсер жауыннан соң шағын көлшіктер жерлестеріміздің жүрісіне кедергі келтіріп жүргені белгілі. Сондықтан біз қаланың 5 нүктесіне, атап айтқанда орталық базар жанындағы Сәтбаев – Түйебеков көшелерінің қиылысына 2, Әбдікерімов көшесі бойына 1, Вокзал маңында 2 орынға арық жүргізіп, жаңбыр суын жинайтын кәріз орнату үшін 22,9 миллион теңге қарастырылып, жыл соңына дейін шешімін табатын болады. Қаланың кішкентай тұрғындарын ойын алаңшаларымен қамту қаперімізден шыққан емес. Биыл қалада 4 орынға балалар ойын алаңшалары мен стрит воркауттар орнатылады. Қазіргі таңда орындар таңдалып, жұмысты жүргізетін мердігерлер анықталды. Тіпті, жұмыстар басталып та кетті. – Бұдан өзге халық игілігі үшін қандай жұмыстар атқарылады? – Өзімнің сайлауалды бағдарламамда қордаланған мәселелерді оң шешуге уәде берген болатынмын. Ол үшін қомақты қаржы, біршама уақыт керек. Тұрғындардың талабы да орынды. Сондықтан, жұмысты біз ең әуелі өзекті деген мәселелерді шешуден бастап отырмыз. Мәселен, Шу қаласында 48 көшеге жарықшам орнатылған. Мамыр-маусым айларында тиісті жұмыстар жүргізіп, толықтай қала әкімі аппаратының теңгеріміне қабылдадық. Зерделеу жұмыстары кезінде жарықшамдардың басым бөлігінің істен шыққандығы белгілі болды. Аталған жарықшамдарды күтіп ұстау үшін мердігер анықталу үстінде. Сондықтан, бұл мәселе де шешімін тауып, қала көшелері жарқырайтын күн жақын. Ойға алған міндеттің бірі – көппәтерлі үйлерге газ тарту болып отыр. Жоғарыда айтқан 119 көппәтерлі тұрғын үйлердің 65- і тамақ әзірлеуге пропан баллондарын пайдалануда, қалған үйлерге табиғи газ тартылып, жеке пәтерлер де көгілдір отынға қосылған. Биыл 5 қабатты 18 үй, 4 қабатты 11 үй, 2 қабатты 8 үйдің іргесіне газ құбыры жетеді. Ал, келесі жылы ішкі жүйеге жалғанады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, бюджетті нақтылау барысында коммуналдық меншіктегі «Жетісу» шағынауданындағы 75 пәтерлі 5 қабатты үйді және С.Сейфуллин көшесіндегі жатақхананы табиғи газға қосу жұмыстарына 65,2 миллион теңге қарастырылған. Талпыныстардың нәтижесінде 119 көппәтерлі үйдің 91-і табиғи газға қосылады. Жұртшылықты мазалайтын сауалдың ішінде саябақтарды ретке келтіру бар екенін айта кеткен жөн. Осыған орай, келер жылы «Жеңіс» саябағының сәулеті мен келбеті өзгереді деген сенім бар. Себебі, 2024 жылы саябаққа субұрқақтар іске қосылып, жасыл желек, жарық шамдары, орындықтар, ойын және спорт алаңшалары заманауи үлгіде орналастырылып, саябақтың жалпы келбеті жаңартылмақ. Сол арқылы қаланың сәулеті артып, ажары айшықтала түсетін болады. Қорыта айтқанда, ел-жұрттың пікірін ескеріп, сала мамандарымен ақылдасып, қала тіршілігін жайлы ету күн тәртібіндегі мәселе болып тұр. Сондықтан, Шу қаласының тұрғындарын тазалық сақтауға, сүйікті қаланың жанашыры болуға шақырамын.  

Сұхбаттасқан Назерке СӘНДІБЕК.

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар