Жиырма үш спорт кешенінің құрылысы жүруде

Жиырма үш спорт кешенінің құрылысы жүруде
ашық дереккөз
Жиырма үш спорт кешенінің құрылысы жүруде
Облыста спорт кешендерінің құрылыс жұмысы қарқынды жүргізілуде. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте өңірдегі бұқаралық спорттың дамуы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды. Жиында баяндама жасаған облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Арман Ташметовтің айтуынша, осы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 482,7 мың адамға немесе облыс тұрғындарының 39,6 пайызына жеткен. Соңғы бес жылда жүйелі түрде спортпен шұғылданушылар үлесі 10,5 пайызға өскен. Бүгінде бұқаралық спорттың дамуына тың серпін беру, облыс тұрғындарын дене шынықтыру және спортпен жүйелі айналысуға тарту мақсатында облыста 272 штат бірлігі енгізілген. Оның ішінде 226 штат аудандарға тиесілі. Облыстағы 153 ауылдық округ толықтай спорт нұсқаушыларымен қамтылған. Облыстың барлық аудандары мен Тараз қаласы әкімдіктерінің дене шынықтыру және спорт бөлімі жанынан бұқаралық- спорттық шараларды өткізу орталықтары ашылған. Мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыруға өткен жылы 855,8 миллион теңге бөлінсе, биыл облыстық бюджеттен 1,2 миллиард теңге қаралған. Қазіргі таңда 54 спорт кешенінде спорттың 19 түрі бойынша 4-17 жас аралығындағы 7 059 жасөспірім спорттық секциялармен тегін қамтылған. Бүгінде өңірде спортты дамыту мақсатында жаңа спорт нысандары бой көтеріп, халық игілігіне берілуде. Қазіргі таңда 23 спорт нысанының құрылысы жүруде десек, жыл соңына дейін 16 спорт нысаны қолданысқа беріледі деп күтілуде. Жалпы, облыс бойынша 2024-2027 жылдар аралығында 52 спорт кешенінің құрылысын салу жоспарланған. Сонымен қатар, осы жылға 38 спорт алаңшасының құрылысы жоспарланып, алты айда 18 спорт алаңшасы пайдалануға берілген. Осындай игі істердің арқасында облыста халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 57,6 пайызды құрады. 2025 жылға дейін аталған көрсеткішті 61 пайызға жеткізу көзделуде. Нұржан Молдиярұлы салынып жатқан спорт нысандары халыққа барынша қызмет етіп, түрлі спорттық секцияларға балаларды барынша тарту керектігін атап өтті. Сондай-ақ, аймақ басшысы үш жылға құрылысы жоспарланған 129 елді мекендегі спорт алаңшаларын әмбебап негізде жүзеге асыру керектігіне баса назар аударды. Ол спорт алаңшаларында спортпен шұғылданып қана қоймай, «Стрит-воркаутпен» айналысып, балаларға арналған ойын алаңшасы да қамтылуы тиіс екендігін жеткізді. Нұржан Нұржігітов бұған дейін салынған спорт алаңшаларының жағдайына көңіл бөліп, жауаптыларға бүлінген және қараусыз қалған нысандарды уақыт созбай ретке келтіруді тапсырды. Облыс әкімі нағыз спорт саңлақтарын анықтау, жергілікті жердегі дарынды балаларды қолдау, тәрбиелеу мақсатында ауылдық, аудандық, облыстық деңгейде түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырудың маңыздылығын баса айтты. Кеңес барысында бірқатар аудан әкімдеріне нақты міндеттер жүктелді. Сонымен қатар, жиында облыс әкімінің Меркі ауданында жұмыс сапары, халықпен кездесуінде және жеке азаматтарды қабылдауында берілген тапсырмалардың орындалуы, әлеуметтік желідегі кері байланыс мәселелері қаралды. Ол бойынша облыс әкімі аппараты өңірлік бақылау және ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімінің бас инспекторы Сандуғаш Байқошқарова, облыс әкімінің кеңесшісі Нұрмұхаммед Ниязбеков және облыс әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Данияр Асқарұлы баяндама жасады. Аймақ басшысы барлық өтініштер сапалы әрі уақтылы орындалу керектігін ескертті.  

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Ұқсас жаңалықтар