Азық-түлік бағасы – басты назарда

Азық-түлік бағасы – басты назарда
ашық дереккөз
Азық-түлік бағасы – басты назарда
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте азық-түлік бағасы қаралды. Алдымен облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев баяндама жасады. Оның айтуынша, облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының инфляциясы 3,8 пайызды құраса, ол соңғы аптада 0,1 пайызға жеткен. Статистикалық мәліметке сәйкес, соңғы бір аптада үш тауар түрінің бағасы қымбаттаған. Атап айтсақ, қырыққабат – 5,4, күріш – 0,5, сиыр еті 0,5 пайызға өскен. Ал, күнбағыс майының нарықтағы бағамы – 0,3, пияз 9,2 пайызға төмендеген. Сонымен қатар, Ұлттық статистика бюросының өңірлер бойынша сүт өнімінің орташа бағасы елімізде 374 теңгені құраса, Тараз қаласында оның орташа бағасы – 350 теңге. Басқарма басшысы облыс бойынша сүт өндірушілердің сүтті шаруалардан 150-170 теңгеден қабылданып жатқанын айтып, өңірдегі үш ірі сүт өңдеу кәсіпорнына жүргізілген талдау жұмыстарының қорытындысына тоқталды. – Биыл жыл басынан бері делдалдық схемаларды тексеру және сауда үстемесі мөлшерінің сақталуына қатысты 64 комиссия отырысы өтіп, онда 38 құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде сүт өнімдерін сатып алып, сауда желілеріне қайта сатқан арадағы делдалдар бар. Тексеру нәтижесінде өндірушілер мен сауда желілері арасында қайта тікелей келісімшарт жасасу бойынша жұмыстар жүргізілді, – деді Аспандияр Сейсебаев. Облыс әкімі өндірушілерден өнімдерді тікелей дүкендерге жеткізу жұмыстарын ұйымдастыру, әлеуметтік сала нысандарына өзіміздің сапалы әрі бағасы қолжетімді өнімдерімізді өткеру, жергілікті сүт өндірушілер мен қайта өндеу кәсіпкерліктерін қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, аймақ басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бақылауда болу керектігін ескертті.

Ұқсас жаңалықтар