Майтөбеліктер іргедегі газға қол жеткізуді армандайды

Майтөбеліктер іргедегі газға қол жеткізуді армандайды
ашық дереккөз
Майтөбеліктер іргедегі газға қол жеткізуді армандайды
Талас ауданындағы Майтөбе ауылының іргесінен өтетін газ мұндағы жұрттың қол жетпес арманына айналғалы қашан? Аталған елді мекеннің жанынан өтіп жатқан газ құбыры 1986 жылы Қаратау қаласын көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін тартылған. Ол кезде жоғары қысымды желіден ауылға бұруға арналған газ тарату станциясы салынбапты. Қол созым жердегі көгілдір отынға қолы жетпей жүрген майтөбеліктер бұл мәселені үнемі жиналыстарда да, тіпті ауылға тілші келсе де айтады. – Ауыл тұрмысы онсыз да оңай емес. Ауылға келін болып түскеніме 15 жылдың жүзі болды. Жылда әне-міне газ келеді, деумен жүрміз. Отын жарып, тезек жинап, көмір түсіру – күйкі тірліктен қолы босамайтын келіндер үшін жеңіл жұмыс емес. Мына дамыған заманда қи сасып, от жағып, түтін бықсытып, күл шығарып жүру кімге болсын ұнай қоймайды. Шиеттей бала-шағаның қамымен жүргенде, көмір саудасы қыс түскенде қызып, бағасы аспандап шыға келеді. Біздің ауыл тұрғындары үшін айтыла-айтыла жауыр болған мәселенің шешілер күні бар ма екен?! Тіпті, «Ауылға газ келеді» дегенді естісек, сенбейтін күйге жеттік, – дейді көпбалалы ана Айткүл Бубеева. Рас, осыдан екі жыл бұрын Хабар24 телеарнасында да осы мәселе айтылып, ауданның атқамінерлерінің бірі «Бөлу станциясы Қаратау қаласында орналасқан. Қазіргі таңда оған қосымша автоматтандырылған газ тарату станциясы (АГТС) соғылып, газ құбыры әрі қарай өзінің деңгейінде газ қысымымен тартылады», деген екен. Ауданға арнайы барған сапарымызда ауыл әкімінен осы мәселенің мәнін сұрағанымызда да салынған «Билікөл» АГТС-інен Берікқара ауылдық округіндегі елді мекендерге газ тартылатынын айтты. – Бұл бойынша жобалық-сметалық құжаттары рәсімделіп, сараптамадан толығымен өтті. Құны 2 миллиард 700 мың теңге болатын жобаны аудандық құрылыс бөлімі алдағы қыркүйек айында республикалық бюджетке ұсынамыз деп отыр. Яғни, 2024-2025 жылдар аралығында ауылға газ кіреді деп күтілуде. Округте екі елді мекен, үш қыстақ бар. «Билікөл» АГТС-інен газ тарту желісі алдымен Тұрлыбай қыстағынан басталып, Үштөбе, Қожағаппар, Майтөбе, Атабайды толығымен қамтып, ары қарай Жуалы ауданына өтеді деген жоспар бар. Иә, округ орталығы – Майтөбенің дәл жанынан газ құбыры 30 жылдан аса уақыттан бері өтіп жатыр. Бірақ, одан бөліп шығару құрылысы қарастырылмай келген. Міне, енді ауылдарды газбен қамтамасыз ету үшін «Билікөл» станциясы салынды, бұл мәселе де көп ұзамай оң шешімін табады. Қаратау қаласының шетінен салынған АГТС арқылы біздің ауылдармен қоса Жамбыл, Жуалы аудандарына да көгілдір отын жеткізілмекші. Негізі жоба ауылдарды жанындағы қыстақтармен қоса газбен қамтамасыз ету үшін жасалды. Әр қыстақта 15 үйден бар, – дейді Берікқара ауылдық округінің әкімі Ербол Смайлов. Әрине, ауылға газ келсе, тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларының үйіне көгілдір отынды кіргізіп алуы тағы қиын болатыны сөзсіз. Жергілікті билік өкілдері бұл жағын да ескерген көрінеді. – Ауыл тұрғындарының үйіне газ кіргізу жайы алдын ала зерделенді. Округте 15 отбасының үйіне газ кіргізуге жағдайы жетпейтіні анықталды. Алдымен ауылымызға газ келсінші, ары қарай демеушілікті ұйымдастырып, бәріне көгілдір отынды кіргізетін боламыз. Бір үйде газ бар, екіншісінде жоқ болып отырмайтыны белгілі ғой. «Билікөл» АГТС-інен ауылға дейінгі аралық 25 километр, оның өзіндік жұмыстары бар. Осының бәрін есептесек, бұйыртса ауылымызға 2025 жылға қарай көптен күткен көгілдір отын келеді, – дейді Ербол Тандыбекұлы. Берікқара ауылдық округінде бүгінде 2312 халық қоныстанған. Билік жоспарлаған жұмыс жүйелі жүзеге асса, оның игілігін осыншама тұрғын көрер еді. Отыз жеті жылдан бері тұсынан газ құбыры өтіп жатқан ауылға газ тартылмағаны айтыла-айтыла жауыр болғаны соншалық, енді екі жылда ауылдықтардың арманы орындалады дегенге көпшілік сенуге секемденетін сияқты.  

Қамар ҚАРАСАЕВА.

Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар