Спорт майталмандары марапатталды

Спорт майталмандары марапатталды
ашық дереккөз
Спорт майталмандары марапатталды
Спорт күніне әрі еліміздің ұлттық олимпиада комитетінің құрылғанына 30 жыл толуына орай, қалалық «Достық үйінде» өткен салтанатты шара барысында өңір спортын дамытуға өзіндік үлесін қосқан бірқатар азаматтарға құрмет көрсетілді. Салтанатты іс-шарада алғашқы болып сөз алған облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Арман Ташметов жиналғандарды ұлттық олимпиада комитетінің құрылғанына 30 жыл толуымен құттықтап, кез келген елдің спорттағы жетістіктері олимпиада чемпиондарының жеңісімен бағаланатынын атап өтті. – Спортсүйер ел-жұртты ұлттық олимпиада комитетінің 30 жылдығымен құттықтаймын. Шын мәнінде, кез келген спортшы үшін төрт жылдың басты додасында өнер көрсету абыройлы міндет. Себебі, дәл осы кезеңде жер-жерден «сен тұр, мен атайын» дейтін сайдың тасындай іріктелген спортшылар өзара бақ сынасады. Қасиетті Әулиеата өңірі таланттарға кенде болмаған. Біздің өңірдің жігіттері бірнеше әлем және олимпиада чемпиондарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Әрине, мұның барлығы ұлттық олимпиада комитетінің шынайы қолдауының арқасында жүзеге асты. Жалпы, байрақты елдің спорттағы жетістіктері олимпиада чемпиондарының жеңісімен бағаланатыны белгілі, – деді Арман Бақытжанұлы. Бұдан кейін, ұлттық олимпиада комитетінің бас директоры Серік Қасқабасов өңірдің бас спортшысына мерекелік медальді табыс етті. Сондай-ақ, бұл күні осы салада тер төгіп, ерекше көзге түскен жерлестерімізге аталған комитеттің Алғыс хаттары табысталды. Мәселен, №3 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі басшысының орынбасары Төрехан Бекназаров пен №38 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Сайфидин Абдуманапов Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Дене шынықтыру мен спортты дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Ал, спорт ардагері Қайрат Ержігітов «Жамбыл облысының дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісіне ие болды. – Бүгінгі күн спортшылар мен сала ардагерлері үшін айрықша маңызға ие. Әріптестеріміз лайықты еңбектері үшін тиісті марапаттарға қол жеткізуде. Шын мәнінде, қандай да бір спортшының биік белестен көрінуіне ата-анасынан кейін жаттықтырушылары көп еңбек сіңіретіні анық. Жамбылдық жаттықтырушылардың тәлімін алған саңлақтарымыз қазіргі таңда әлем және олимпиада чемпионаттарында жүлделі орындардан көрініп келеді, – деді даңқты балуан Елдос Сметовтың алғашқы жаттықтырушысы Ахмет Жұмағұл.  

Есен ӨТЕУЛІ.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар