Дүйім жұрттың үміті ақталмады

Дүйім жұрттың үміті ақталмады
ашық дереккөз
Дүйім жұрттың үміті ақталмады
Өткен жексенбі тараздық футбол жанкүйерлерінің есінде көпке дейін сақталары анық. Бұл күні жасыл алаңда «Freedom QJ Leaque» республикалық турнирінің 15 турының аясында жастардан құралған «Тараз» құрамасы мен алматылық «Қайрат» футбол командасы кездесті. Турнир кестесінде 6-орынға тұрақтаған біздің жігіттер бұл жолы да өз жанкүйерлерін қуанту үшін барын салды. Тіпті, әулиеаталық аяқдоп шеберлері жарыстың алғашқы минутында-ақ қарсылас құрамаға алаңның қожайыны кім екенін ұқтырғысы келгендей көрінді. Ойынның 8-ші минутында нәтижелі пас берген Мерей Жамбылдың ойын сәтті жүзеге асырған Димаш Серікұлының әуелеп келген допты қақпаға баспен ұрып енгізуі доп додасының көркін қыздыра түсті. Сол сәтте алғашқы голдың авторына көрсетілген қошеметті айтсаңызшы. 11 нөмірлі жігітті суретке түсіріп, бейнетаспаға басуға ұмтылған қаумағалан халықта есеп жоқ еді. Өкінішке қарай, Димаштың да, дүйім жұрттың да қуанышы ұзаққа созылған жоқ. Кездесудің 33-минутында тараздық қорғаушы Әсет Боранәлиевтің «болмашы» қателігін тиімді пайдаланған «Қайраттың» шабуылшысы Әбу Сауытов қақпашымызды оп-оңай алдап өтіп, таразы басын теңестірді. Үзілістен кейін дәл осы ойыншы салған екінші гол оңтүстік астаналықтарды алға шығарды. Ал, алматылық құраманың шабуылшысы Ташболатовтың бұрыштамадан тепкен добы жібек торға сүңгіп кеткенде орталық стадиондағы жұрт сілтідей тынды. Осылайша, қарымта шабуылдарда нүкте қоя алмаған «Тараз» тағы да жеңіліс тапты. Сонымен... Жексенбінің кешінде орталық стадионға жиналған жұрттың қарасы қалың болды. Тартысты өткен ойынды ел-жұртпен бірге аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов те тамашалап, жерлестеріне сәттілік тіледі. Нұржан Молдиярұлы өз сөзінде мұндай кездесулер бұқаралық спортты дамытуда зор септігін тигізетінін атап өтті. – Ең алдымен, баршаңызды Спорт күнімен шын жүректен құттықтаймын. Кез келген адамның өмірінде спорттың алар орны ерекше. Себебі, сергек жүріп, ширақ қимылдау үшін күнделікті бір мезгіл жаттығу жасау артықтық етпейді. «Freedom» компаниясының ұйымдастыруымен Тараз төрінде өтіп жатқан «Freedom QJ League» турнирінің кезекті ойыны еліміздегі Спорт күніне орай ұйымдастырылған маңызды шаралардың бірі. Біздің басты мақсатымыз – бұқаралық спортты дамыту және оны кеңінен насихаттау. Өйткені, спорт жасты да, жасамысты да еңбекке баулып, шеберлігін шыңдайды. Сондай-ақ, бұл өнер барша халыққа татулық пен достықты дәріптейді, – деген облыс әкімі өңір бойынша бұл саладағы жетістіктер мен атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталды. Өз кезегінде Қазақстан Республикасы футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов, «Freedom QJ» жасөспірімдер футбол лигасының президенті Рохус Шох және ежелгі Грекия елінен арнайы келген «Тараз» футбол клубының ардагерлері Зурначиди Георгий мен Хутиди Георгий сөз алып, осынау лиганың маңыздылығын атап өтті. Бұдан кейін, QJ лигасының демеушісі, белгілі кәсіпкер Тимур Турловтың қатысуымен тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды. Жалпы, бұл кеште футболсүйер қауым қазіргі жастардың сүйікті әншісіне айналған Садраддин Болаттың өнерін тамашалауға да мүмкіндік алды. Белгілі әртіс ойын басталмас бұрын Жамбыл жұрты үшін ән шырқады. Сонымен қатар, «Харекет» қорының бастамасымен матчтың бірінші таймы тәмамдалғанда жергілікті мұқтаж отбасыға кезекті баспананың кілтін табыстады. Ал, ойын соңында көрермендер арасында түрлі ұтыс ойындары ойнатылып, жеңімпаздарға Араб Эмираттарының ең әсем шаһарларының бірі Дубай қаласына баруға арналған жолдама мен бағалы сыйлықтар үлестірілді. Мүмкіндікті мүлт жіберді Айта кетейік, «Freedom QJ League» еліміздің кәсіпқой футбол клубтарының жасөспірімдер командалары арасында өткізілетін чемпионат. Биыл бұл біріншілікте 2006 жылғы жасөспірімдерден құралған бас-аяғы 12 үздік команда бақ сынап жатыр. Турнир қорытындысына сәйкес, жеңімпаз құрама УЕФА жасөспірімдер лигасында ел намысын қорғайтын болады. Әзірге турнир кестесінде «Қайраттың» ойыншылары көш бастап тұр. Әу бастан фаворит атанған Тимур Қасымовтың шәкірттерін бүгінде «Жас қыран» құрамасынан өзге ешкім қуып жете алмай келеді. Ал, Бекмұрат Хайтмұратовтың тәлімін алған тараздық жігіттер тағы да нақты мүмкіндіктерді пайдалана алмай, өз алаңында сәтсіздікке бой алдырды. Шын мәнінде, бұл ойында «Қайрат» құрамасы «Таразды» тықсыртып кетердей тосын айла ойлап тапқан жоқ. Олар негізінен түрлі стандарттық жағдайларды пайдалануға тырысып-ақ бақты. Десе де, кез келген қарбалас сәттің ойламаған жерден опық жегізетінін жақсы білетін алматылықтар өз қақпасының маңайынан айып добын орындау, алаң сыртынан доп тастау тәрізді қауіпті жайттарды шапшаң сейілтіп отырды. Ал, жерлестеріміз Димаш Серікұлы салған жалғыз голдан кейін талай мәрте ұрымтал сәттерді уыстан шығарып ала бергені өкінішті. Бірінші кезеңде жеңіске бір табан жақын тұрған біздің жігіттерге біресе дәлдік жетіспесе, енді бірде олардың алдына қарсылас команданың қорғаушылары мен қақпашысы кесе-көлденең тұрып алды. Қанша жерден ащы болса да айталық, сәттілік қана қақпамызды бірнеше рет анық голдан сақтап қалғанын ұмытуға болмайды. Әйтпесе, есеп айырмасы 3:1-ден де көп болар ма еді, кім білсін. Сол секілді біздің футболшыларымыздың екінші таймда да таблодағы есепті теңестіру мүмкіндігін құр жіберіп алғанын ескермеске амал жоқ. Осылайша, «Қайрат» кезекті рет заңды жеңісіне қол жеткізді. Бұл сәтте жанкүйерлер алдында оң нәтижеге қол жеткізуге күш салған жерлестеріміз жабырқаулы күйде еді. Білгенінен жаңылған жамбылдық футболшылар алғашқы таймда-ақ сәтсіздікке бой алдырып, азулы қарсыласқа есе жібергенін үнсіз мойындағандай. Әрине, біз өз алаңында тізе бүккен «Тараздың» жас ойыншыларын жазғырудан аулақпыз. Алайда, олардың әлі де болса беделді құрамалармен кездесіп, мол тәжірибе жинау қажеттігі анық байқалады. Әйтпесе, жергілікті жанкүйерлер көңіл демдейтін көрсеткіштерге әбден тойып бітті. Тараздық жігіттер алдағы уақытта кемшілікті түзетіп, бұдан да жоғары нәтиже көрсетеді деп сенейік. Ал, футбол жанкүйерлеріне жерлес құраманың сапынан жеңіліп жатқан тұста мінез танытып, жеңісті қолдан жұлып алатын ойыншыларды көрер күн туар ма екен?!  

Есен ӨТЕУЛІ.

Ұқсас жаңалықтар