Бір килограмм кәмпит
Есік алдындағы орындықта күнге арқасын тосып, өткен- кеткенмен жылы сәлемдесіп, кішкентай балалармен мейірлене сөйлесіп отыратын әжейді жиі көремін. Бірде әп-сәтте жел тұрды да, желге жаулығы ұшты да кетті. Қуалап жүріп орамалын алып келдім. Әжей жыларман болып әппақ қудай болған шаштарын қос қолымен ұстап алып, жәудіреп күтіп отыр екен. «Басымнан шешіп көрмегеніме 50 жылдың жүзі болып еді», – деді қарт, дақ түспеген орамалын тағып берген сәт күмілжіп. Сосын ауылды сағынғанын, келіні мен баласының жақсы қызметке орналасқанын, бірақ үйде іші пысатынын айтып, қасына отыруымды өтінді. Ұлы Отан соғысы жылдары енді ғана жетіліп келе жатқан балғын қыз еңбекке ерте араласқанын, көрген қиындықтары мен қызықтарын да бөлісті. Бірнеше медалі бар, көпбалалы ана екенін мақтана айтты. Кетерімде «Үйге келші, ішім пысады» деп қиылды. Мамыр айы болатын. Тыл ардагері ретінде әжеймен газетке аз- кем сұхбат жасауға келістік.
Келіскен уақытта үйіне бардым. «Бұл кім?» деген әйел адамның даусына әжеге келгенімді, газет қызметкері екенімді айттым. Есік ашылды. Әжей қуанып, құшақтай алды. Алайда, жасы отызға жетпеген келіннің жетпістің жетегіндегі әжейге «Ішің пысып қалыпты ғой, істейтін түк жоқ басқа» дегені анық естілді. Төрде отырған ұлы да көзінің астымен алара қарап: «Қарап жүрмей, журналист шақыруын» деп күңкілдеді. Кетіп қалуға оқталғаныммен, құрақ ұшқан әжейдің көңілін қимай тұрып қалдым.
Төрдегі екеу дастарқан басында жарқылдап күліп, шай ішіп отыр. Әже екеуміз есіктің аузында состиып тұрып қалдық. Ыңғайсыздықты жуып- шайып, жағдайын сұрап, жарқылдап күлген болам.
– Апа, сен шайыңды ішіп болшы тез, – деді ұлы бірден.
– Нан ауыз ти, – дейді қарт ана маған бұрылып.
– Қайдағы «нан ауыз ти»?! Асығып тұр ол!», – деді ұлы айғайлап.
Әже таяғына сүйенген күйі шайын үш ұрттап, есік аузында состиып тұрған маған қайта келді. Шай үстіндегі екеу әжейдің жағымсыз қылықтарын жіпке тізумен болды. Сол күңкіл ғұмырымдағы ең жылдам әрі ыңғайсыз сұхбатты алып біткенше, тыйылмады...
Ертесі жұмыстан қайтар жолымдағы орындықта отырған әжейді көзім шалды. Жанына келген мені қапсыра құшақтады. «Мен саған тәтті алып келдім. Кеше нан да ауыз тигізе алмадым-ау», – дейді жанары жасқа толып. Бір килограмм кәмпитті кеудеме басып тұрып, бүкіл аналарды құшақтағандай болдым.
Кәмпит таусылды. Ғұмыр да бітер. Бірақ, әлгі күңкіл құлағымда мәңгілік қалып қойды...
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ.
Ұқсас жаңалықтар
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
«Сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі» атты кездесу өтті
- 24 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді