Клубы жоқ ауыл
Мойынқұм ауданының Кеңес ауылы биылғы жартыжылдықта 483 миллион 410 мың теңгенің өнімін өндірген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 пайызға артқанын көрсетеді. Мал шаруашылығында да өнімділік байқалады, жыл басынан бері 249 тонна ет, 50 тонна сүт өнімдерін алған. Жалпы, округте 4431 бас мүйізді ірі қара, 19625 бас қой-ешкі, 1833 бас жылқы, 21 бас түйе, 3381 үй құстары бар. Өткен жылға қарағанда мал саны да 8 пайызға өскен. Ауылдың ахуалын өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында ауыл әкімі Әділет Мұқашев жан-жақты мәлімдеді. Округ аумағындағы «Айдарлы АГРО-2019» ауылшаруашылық кооперативінде 202 жеке кәсіпкерлігінде, 70 шаруа қожалығында 298 адам жұмыспен қамтылған.
– Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың негізгі бөлігі дәріхана, көтерме-бөлшек сауда орындарында, автокөлік бөлшектері, дизель майы дүкендері, жанармай құю бекеттері сияқты округ бойынша дамыған коммерциялық нысандарда жұмыс істейді. Биыл жыл соңына дейін 25 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартуға кешенді жоспар берілген. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту мақсатында жыл ішінде округте басталатын құрылыс жұмыстарына 45 адамды жұмысқа алуды жоспарласақ, ақылы қоғамдық жұмысқа 56 адам тартылуда. Биыл 6 айда 5 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Ауылдық округте 9 шағын азық-түлік дүкені, 1 наубайхана, 2 жанар-жағармай, 2 газ құю бекеті ауыл тұрғындарына қызмет көрсетуде. Осы кәсіпкерлік нысандарда ауылдың 21 азаматы тұрақты жұмыспен қамтылған. 2021-2025 жылдарға арналған «Кәсіпкерлікті дамыту» жөніндегі Ұлттық жобаның бағдарламасы шеңберінде былтыр 6 тұрғын тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етілсе, Ұлттық жоба аясында биылғы 6 айда 5 азаматты жұмыспен қамтыдық.
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан жыл сайын қаржы қаралуда. Округ аумағында 272 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Ауылда құс өсіретін (жоба құны – 50 миллион теңге) «Мойынқұм құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ашылып, мамыр айынан бастап 7 адам тұрақты жұмысқа қабылданды. «Жамбыл облысы халқының табысын арттыру» пилоттық жобасы аясында жеңілдетілген 2,5 пайызбен ауыл бойынша 140 отбасы несие алып, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, 1718 бас мал сатып алынды, 1,2 мың тонна мал азығы дайындалды. «Айдарлы АГРО-2019» ауылшаруашылық кооперативі 5 пайызбен 78 миллион теңгеге 50 пайыз жеңілдік субсидиямен 13 жаңа техника сатып алды, – дейді Әділет Сәкенұлы.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында өткен жылы Смағұл Тойлыбайұлы, Есей Медетбек, Тыныштыбай Ахмеджанов, Биназар Ақеділұлы және Абай Құнанбаев көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілген. Мемлекеттік сатып алу порталы арқылы Смағұл Тойлыбайұлы, Абай Құнанбаев көшелерін «Бюлдинг сервис компани» серіктестігі 37,3 миллион теңгеге ұтып алыпты. Асфальт төсеу жұмыстары сапасыз жүргізіліп, 0,5 шақырым жол жабындысы төселмей қалған. Осындай шикі қалған жұмыстар биыл толық аяқталуы тиіс, дейді ауыл әкімі.
Өкініштісі сол, соңғы санақ бойынша халық саны 2354 адамға өскен ауылда клуб ғимараты жоқ. Жер телімі бөлініп, мемлекеттік актісі алынған, жобалық-сметалық құжаттары жасалған, бірақ мемлекеттік сараптамадан өтпепті. Құжаттары толық бітпеген.
Қамар ҚАРАСАЕВА.
Мойынқұм ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестікке серпін берген сапарлар
- 23 қараша, 2024
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді