Көлік жүргізушілеріне ескерту жасалуда

Көлік жүргізушілеріне ескерту жасалуда
ашық дереккөз
Көлік жүргізушілеріне ескерту жасалуда
Жамбылдық полиция қызметкерлері «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының облыстық филиалы өкілдерімен бірлесіп, жол-көлік апаттарын болдырмауды қадағалауда. Бірлескен жұмыс барысында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолында жүргізушілерге жол қозғалысы ережелері туралы 400-ден астам парақшалар мен жадынамалар таратылды. Мұндағы мақсат – жол- көлік оқиғаларының санын азайту, жолдағы қауіпсіздікті және жүргізушілердің көлік тәртібін арттыру. – Көлік басқару кезінде еңбек және демалыс режимін сақтамайтын жүргізуші ықтималды қылмыскерге айналады. Ол өзіне және жақындарына ғана емес, айналасындағы автокөлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің өміріне де қауіп төндіреді. Шамадан тыс ұйқышылдық жолдағы сергектікті төмендетеді, айналаға әсер ету реакциялары баяулап, шешім қабылдауда қиындықтар туындайды. Алыс жолға шығуды жоспарлап отырған жүргізушілерге ең алдымен жолға шығар алдында жақсы демалу қажеттігін еске саламыз. Есіңізде болсын, жол қателіктерді кешірмейді! – дейді облыстық полиция департаментінің ЖПҚБ бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Ержан Мананбаев. Мотоциклді мас күйінде жүргізген Тараз қалалық патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жол ережелерінің сақталуын қамтамасыз ету барысында мотоцикл, мопед, скутер жүргізушілерімен күнделікті профилактикалық жұмыстар жүргізіп отырады. Полицейлер қала көшелерінің бірінде арнайы мотоциклді арнайы бас киімсіз жүргізіп келе жатқан жүргізушіні байқаған. Тоқтатып, тексергенде мотоцикл жүргізушісінен алкогольдік ішімдіктің иісі шығып тұрғаны байқалған. – Арнайы жүргізілген сараптама нәтижесінде жүргізушінің «жеңіл дәрежедегі» масаң күйде болғаны анықталды. 42 жастағы қала тұрғыны ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігі, яғни жүргізушінің көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқаруы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды және жеті жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айырылды. Көлік құралы арнайы айыптұраққа қойылды. Сонымен қатар, мотоциклді арнайы бас киімсіз жүргізгені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 615-бабының 1-бөлігі, яғни жаяу жүргіншілердің және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы бойынша хаттама толтырылды. Құрметті жүргізушілер, естеріңізде болсын, көлікті мас күйінде жүргізу өзіңіздің және өзгенің өміріне қауіп төндіреді, – дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі. Шопаннан марихуана табылды Шу ауданында 51 жастағы шопан есірткі дайындау кезінде ұсталды. «Қарасора-2023» жедел алдын алу іс-шарасы барысында іздестіру шаралары жүргізілді. Оны облыстың полиция департаменті, есірткі қылмысына қарсы іс- қимыл басқармасы, есірткі қылмысына қарсы іс- қимыл департаменті, Ұлттық ұланның «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлініс қызметкерлері Теа қызметтік итін пайдалана отырып жүргізді. Оқиға орнын тексеру барысында 57 килограмм 140 грамм кептірілген марихуана, 4 килограмм 820 грамм гашиш есірткі заты табылып, тәркіленді. Сондай-ақ, орылған қарасора қалдықтары бар орақ табылды. – Ұсталған азамат кінәсін мойындап, Шу қаласының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Қазіргі уақытта осы дерек бойынша ҚР ҚК 296-бабының 4-бөлігімен, яғни есірткі құралдарын аса ірі мөлшерде заңсыз сақтау бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бұл баптың санкциясы 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастырады, – деп хабарлады облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Әлім Бажықбаев. Telegram арқылы алаяқтық жасаған Жамбылдық полицейлер әлеуметтік желіде қолма-қол ақша шешіп беруге уәде еткен бірнеше алаяқтық дерегіне қатысты күдікті ер адамды ұстады. Облыстық полиция департаментінің «Киберпол» арнайы бөлінісінің және Сарысу аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «интернет-алаяқтық саласында бірнеше қылмыстар жасады» деген күдікпен жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Қызылорда облысының 25 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Ер адамнан заңсыз әрекеттерді жүзеге асырған екі ұялы телефон тәркіленді. Интернет-алаяқтықты тұрақты табыс көзіне айналдыра отырып, «Жаңатас-сауда» telegram тобы арқылы күдікті азаматтарға пайызсыз бөліп төлеуге 8 пайыз қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыруға уәде берген. Жәбірленушілер алаяққа қашықтан төленген шоттар бойынша QR коды арқылы онлайн төлем жіберген. Осыдан кейін алаяқ реквизиттерді пайдаланып, жеке кәсіпкердің әртүрлі шоттарынан ақша алған. Ұсталған азамат интернеттегі алаяқтықтың 5 дерегі бойынша күдікке ілінді. Жалпы, келтірілген залал көлемі 4 миллион 500 мың теңгені құрайды. Осы деректерге қатысты ҚР ҚК 190-бабының 2-бөлігі, яғни алаяқтық бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазіргі уақытта күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталуда. Егер сіз осындай қылмыстың құрбаны болсаңыз, «102» нөмірі арқылы полицияға немесе ауданыңыздың полиция бөлімінің кезекші бөліміне хабарласуыңызды сұраймыз. Меркідегі бос ғимаратта қару-жарақ сақталған Облыстық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел ақпаратты жүзеге асыру барысында Меркі ауданының Ақарал ауылынан қару-жарақ пен оқ-дәрілерді тапты. Аталған ауылдың қараусыз қалған ғимараттарының бірінде жасырылғаны анықталды. «Қарасора-2023» алдын алу шарасы аясында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде 9 милиметрлік калибрлі «Strimmer 1014» маркалы травматикалық тапанша, 5,45 милиметрлік калибрлі 2 патрон, 9 милиметрлік калибрлі 2 патрон тәркіленді. – Меркі ауданынан табылған қару-жарақ пен оқ-дәрілер бойынша сот-баллистикалық сараптама тағайындалды. Қазіргі уақытта ҚР ҚК 287-бабының 3-бөлігі (Қаруды оқ- дәрілерді жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша сотқа дейінгі тергеп- тексеру амалдары басталды, – дейді полиция подполковнигі Әлім Бажықбаев.  

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ұқсас жаңалықтар