ҚЫС ҚЫСПАЙДЫ ДЕМЕҢІЗ...
Жылыту науқаны аяқталысымен, алдағы қысқа дайындыққа қызу кірісіп кететін коммуналшылар үшін қазір қарбалас шақ. Жаздың соңғы айының алғашқы онкүндігі де өтіп барады. Күздің ортасында жылыту науқаны басталады. Әр ауданның ауа райының өзіне тән ерекшелігі бар. Шалғайдағы Сарысудың қысы болса оңай емес. Ақ түтек боран жиі соғатын Жаңатаста қақаған қыста қазандық жарылып, жылу жүйелері қатып қалмасын деңіз. Жиырма жылға жуық тұрғандықтан, ондай апаттың зардабы өте ауыр болатынын білеміз. Қала қатып, ауыл жылусыз қалмау үшін қарапайым жұмысшыдан бастап, аудан әкіміне дейін «қыстың қамын жаз ойлаулары» тиіс. 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жөніндегі іс-шара жоспары бекітіліп, бүгінгі күнге аудан әкімі Сәкен Мамытовтың төрағалығымен екі рет аудандық штаб отырысы өткен. Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында орталық қазандық пен әлеуметтік нысандардың жылу желілеріне жөндеу жұмыстарының іс- шаралар жоспарлары бекітіліп, әзірлеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Шілде айында жылыту маусымына дайындық барысы бойынша барлық әлеуметтік нысандар зерделенген.
Ауданда жылу жүйесімен барлығы 5782 нысан қамтылса, оның 2202-сі – аудан орталығында. Жаңатас қаласындағы 527 нысан орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Оның 97-сі көпқабатты, 72- сі жеке сектордағы тұрғын үй, 313-і шаруашылық, 18-і әлеуметтік нысан, 27-сі кәсіпорын.
– Тоғызкент, Досбол, Майлыкөл және Әбілдә ауылындағы 341 жеке тұрғын үй табиғи газды пайдалануда. Қалған 4790 жеке тұрғын үй мен 124 әлеуметтік нысан көмірмен және сұйық отынмен жылытылады. Жаңатас қаласында 97 көпқабатты тұрғын үй және 72 жеке секторда 7312 абонент бар. Биыл сәуірде жылу жүйелері гидравликалық сынақтан өткізіліп, 26 көпқабатты тұрғын үйдің жертөлелерінде ішінара ақаулар анықталды.
Осыған байланысты іс-шара жоспары әзірленіп, алдағы жылыту маусымына дейін қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. 1-шағынаудандағы 2, 3, 16, 20, 21, 22 көпқабатты үйлердің тұрғындарымен үйді күтіп ұстау бойынша кездесулер өткізіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әрине, мұндай түсінік жұмыстары жалғаса береді. 1 тамызға көпқабатты тұрғын үйлердің жылыту маусымына дайындығы 91,7 пайызды құрап, 1 қыркүйекке дейін толығымен аяқталады, – дейді аудан әкімі Сәкен Мамытов.
Бүгінгі күнге тұрғындар тарапынан шешілмеген мәселе де бар. Жыл сайын қала әкімі аппараты тарапынан «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға сәйкес, көпқабатты тұрғын үйді күтіп ұстау тұрғындардың есебінен жүргізілетіні түсіндірілгенімен, тұрғындар қаражат жинаудан бас тартуда.
Жаңатаста мазут мәселесі қайбір жылы үлкен мәселе туғызған болатын. Сондықтан да бұл мәселеге де назар аударып көрдік. Ауданда жылыту маусымы өткен жылдың 12 қазанынан басталып, биылғы 11 сәуірде аяқталып, 181 тәулікті құраған. Қазандыққа 220 вагон, 13267950 тонна мазут тасымалданса, тұтынылған мазуттың көлемі 11724, қалғаны 1040 тонна. Алдағы жылыту маусымына облыстық бюджет есебінен 1015 миллиард теңге қаражат қалдығы бар. Әлеуметтік мазуттың бағасымен тасымалдау қызметін қоса есептегенде 126,0 мың теңге болады деп болжануда. Аталған қаржыға 8 055 тонна мазут келеді, қажетті мазут көлемі жобамен 12938 тонна.
Облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына «Жаңатас-Су жылу» кәсіпорны қалалық қазандығына мазутты жеткізу кестесі және қажеттіліктің есептілігі жолданған. Жыл сайын әлеуметтік мазуттың бағасы Энергетика министрлігі тарапынан тамыз айының соңына қарай бекітіледі. Жылыту маусымының басталу күні – 14 қазан, алайда «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына сәйкес, ашық конкурс жариялауға уақыт жетпейді. Себебі, мердігерді анықтауға кем дегенде 60 күн кетеді. Осыған орай, министрлік тарапынан облысқа бекітіліп берілетін мазут өнімін беруші компаниялармен тікелей келісімшарт жасау мүмкіндігін қарастыру қажет.
Жылу қазандықтарын газға ауыстыру туралы әңгіме қозғалғалы талай жыл болды. Дегенмен, сең биыл қозғалған сияқты. Орталық қазандықты газ жүйесіне ауыстыру бойынша жобалық құны 4,2 миллиард теңгенің биылға 620,4 миллион теңгесі қаралып отыр. «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына сәйкес, ашық конкурсқа тиісті басқармаға өтінім беріліп, қазіргі таңда мердігер анықталған – «Интеллект Азия» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, тіркелген.
Жылу құбырларына техникалық тексеру жүргізуге 2,5 миллион теңге алдағы нақтылауда қаралып, техникалық тексерудің қорытындысына сәйкес, магистралды жылу құбырларына қайта жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге аудандық бюджетке 6,8 миллион теңгеге өтінім берілген. Аудандық бюджеттен 35,773 миллион теңге ішкі кварталды жылу жүйелерін ауыстыруға қаралған. Бұл жұмыстар бойынша келісімшарттар рәсімделіп, жұмыстар атқарылуда. Жаңатастағы қазандықта 3 су қыздыру қазандығы бар, алдағы жылыту маусымында қаланы үздіксіз жылумен қамтамасыз ету үшін су қыздыру қазандықтарын жөндеуге нақтылауда жергілікті бюджеттен 10,0 миллион теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. «Жаңатас-Су жылу» кәсіпорнына жабдықтар сатып алуға 17 000,0 мың теңге қосымша қаржы қаралыпты. Аталған қаржыға қосалқы насостар алынып, орналатылған. Іс-шара жоспарына сәйкес, орталық қазандықтың дайындығы тамыз айының басына 75 пайызды құраған.
Аудандағы 4790 жеке тұрғын үйге қажетті көмірдің жоспары – 17,0 мың тонна. Жаңатас қаласында көмір сатумен 4 кәсіпкер айналысады. Жаңатас қаласындағы көмір тұйықтарында 1100 тонна көмір бар. Білім, мәдениет, денсаулық сақтау, спорт салалары бойынша да қазандықтарды ретке келтіру, жаңасын орнату, жылу жүйелерін жөндеу қарқынды жүргізілуде. Отынмен қамтамасыз етуде де әзірге ешқандай мәселе жоқ.
Облыстық жолдарды күтіп ұстауға жылдың басында облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен «Сарысу жолдары ЖШС» келісімшарт жасаған. Мердігер тарапынан тұйықта 200 тонна құм араласқан тұз дайындалыпты. 15 техника жұмылдырылады. Аудандық маңызы бар жолдарды қыс мезгілінде күтіп ұстау жұмыстарына төртінші тоқсанға аудандық бюджеттен 3,4 миллион теңге қаржы қаралған. Қазіргі таңда «Мемлекеттік сатып алу» Заңына сәйкес, мердігер анықталыпты. Сонымен қатар, аудандық жолдарды ағымдағы жөндеу және жол белгілерін орнатуға 14,0 миллион теңге аудандық бюджет есебінен қаралып, жұмыс толығымен аяқталған.
Жаңатас қаласындағы жолдарды күтіп ұстауға аудандық бюджеттен 7,8 миллион теңге қаржы қаралып, заң талабына сәйкес, мердігер анықталу үстінде. Аудан орталығындағы көшелерге жол белгілерін орнату және жол жолақтарын сызуға аудандық бюджеттен 9,3 миллион теңге қаржы қаралып, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Амангелді ӘБІЛ.
Сарысу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді