Тұрғындар сұранысы басты назарда

Тұрғындар сұранысы басты назарда
ашық дереккөз
Тұрғындар сұранысы басты назарда
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Қордай ауданындағы жұмыс сапары аясында Қордай ауылындағы халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратына барды. Айта кетейік, 2007 жылы ашылған бұрынғы орталық біршама тар болып, кейінгі кездері тұрғындар сұранысын толық қанағаттандыра алмаған. Соған сәйкес, өткен жылы құрылысы басталған орталықтың жаңа ғимараты жақында ғана пайдалануға берілген. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Сүйеніш Әбілдин мекеменің жұмысын баяндап, бөлімдерімен таныстырып, облыс басшылығына жан-жақты қолдауы үшін ризашылығын жеткізді. Жаңа әрі кең ғимарат 5 қызмет көрсету секторына, атап айтқанда, жылдамдық, әлеуметтік қызмет, жайлылық, байланыс және өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарына бөлінген. Барлық сектор қажетті жабдықтармен қамтылған. Мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға сапалы мемлекеттік қызмет көрсету үшін тиісті жағдайдар жасалған. Жаңа цифрлық кеңсе күніне сағат 15:00-ге дейін адам қабылдай алады. Облыс әкімі халыққа сапалы қызмет көрсету, жалпы, тұрғындар тілегіне құлақ асу, лайықты жағдай жасау – басты міндет екендігін атап өтіп, ол үшін елімізде барлық мүмкіндіктер қарастырылып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, өңір басшысы ендігі кезекте бөлім қызметкерлері де тұрғындарға сапалы әрі жылдам қызмет көрсетуге барынша күш салуы тиіс екендігін баса айтты. Мұнан соң облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы Сарыбұлақ, Қайнар ауылдары үшін Шу өзенінен 1,7 шақырым су арнасын тарту жұмысымен танысты. Жобаның құны 20 миллион теңгені құрайды. Бұл жоба арқылы ауданның 6 ірі шаруа қожалығының 1050 гектар алқабына су жеткізілетін болады. Сондай-ақ, Нұржан Нұржігітов Қайнар ауылындағы 3800 гектар алқапқа су жеткізу мүмкіндігін ұлғайту үшін тартылатын қысымды су құбырымен танысты. Бұл мақсатта республикалық және облыстық бюджеттен 2 миллиардтан астам қаражат қарастырылған. Бұл ретте Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков атқарылып жатқан жұмыстарды Нұржан Молдиярұлына баяндап, шаруалардың тілегін жеткізді. Облыс әкімі аталған жобаларды қолдап, назарда ұстайтынын айтты.  

Есет ДОСАЛЫ.

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар