Сенатор ауыл тұрғындарымен кездесті

Сенатор ауыл тұрғындарымен кездесті
ашық дереккөз
Сенатор ауыл тұрғындарымен кездесті
Кеше облысымызға Парламент Сенатының депутаты Сәкен Арубаев жұмыс сапарымен келіп, Т.Рысқұлов және Меркі аудандарында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Халық қалаулысы әуелі Т.Рысқұлов ауданындағы «Ақтоған» шаруа қожалығына барып, шаруашылық басшысымен сұхбаттасып, мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер туралы ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Аталған шаруа қожалық бүгінде 50 азаматты жұмыспен қамтып, жоғары сұранысқа ие 25 түрлі макарон өнімдерін шығарады. Келесі кезекте Сәкен Арубаев Көгершін елді мекенінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бой көтерген заманауи спорттық-сауықтыру кешеніне барды. Аталған спорт нысаны тамыз айында қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Кешенде волейбол, баскетбол, футбол және басқа да спорт үйірмелері балалар игілігіне ұсынылатын болады. Сәкен Қаланұлы келесі кезекте Жақсылық ауылында жақында ғана қолданысқа берілген 75 орындық «Нұр-Ай» бөбекжай бақшасының жұмысын көріп, аралап шықты. Сондай-ақ, жұмыс жоспарына сәйкес, Құлан ауылындағы құрылысы жүріп жатқан 300 орындық мектептің құрылыс жұмыстарын көріп, мердігерлермен тілдесті. Т.Рысқұлов ауданына жасаған жұмыс сапарының соңында Сенат депутаты аудандық мәслихат депутаттарымен кездесіп, ой-пікірлерін тыңдады. Сәкен Қаланұлының жұмыс сапары Меркі, Қордай аудандарында да жалғасты.

«Aq jol»-Aqparat.

Ұқсас жаңалықтар