Жастарға жалақы емес, жұмыс маңызды

Жастарға жалақы емес, жұмыс маңызды
ашық дереккөз
Жастарға жалақы емес, жұмыс маңызды
Жазғы демалысқа шыққан жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, еңбекке баулу мақсатында жыл сайын «Жасыл ел» еңбек жасағы жұмыс жасайтыны әммеге аян. Өткен жылы осы бағытқа жергілікті бюджеттен 120 миллион теңгеге 1 820 жас маусымдық жұмыспен қамтылыпты. Оның ішінде 149 жас NEET санатындағылар болса, 20 тұлға пробация тізімінде тұрғандар. Ал, биыл «Жасыл ел» жобасына жергілікті бюджеттен 136,5 миллион теңге бөлінген. Әлеуметтік жобамен «Жасыл ел» еңбек жасағын жүзеге асыру жауапкершілігін жеңіп алған «Jastar» дамыту орталығы жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қаныбек Мұратбаевтың айтуынша, қазір бұл бірлестктің ұйымдастыруындағы жасаққа 60 жас азамат қосылған. – Біздің бірлестікке 300 бала берілген. Маусым айында басталған «Жасыл ел» еңбек жасағының алғашқы кезеңіне 60 баланы қабылдау тапсырылған. Қазіргі уақытта осы жастар біздің бірлестікке бекітілген Тараз қаласындағы «Денсаулық», «Мамыр», «Тұңғыш Президент» саябақтары мен шғынаудандардың ішін тазалау жұмыстарын атқарып жүр. Сонымен қатар, Астана, Жайлау, Қаратау және Қарасу шағынаудандарын да жиыстырудамыз. Негізінен 16 мен 35 жас аралығындағы азаматтар «Жасыл ел» еңбек жасағына қатыса алады. Әлі 18-ге толмаған балалар да бар болғандықтан, жұмыс уақыты күнделікті 6 сағат деп қарастырылған, сол себепті жалақы 70 мың теңге. Егер 18 жасқа толғандар болса, олардың жалақысынан заңды ұсталатын сомалары бар, содан қалғаны 55440 теңге қолына түседі. Ал, 18-ге толмаған балалардан тек зейнетақы қорына 7 мың теңге ғана ұсталады да олар қолына 63 мың теңге жалақы алады. Күнделікті 6 сағаттық жұмыс уақытында балалар бекітілген аумақтарды тазалап кетеді, бірақ өкінішістісі сол – ертесіне-ақ шашылып жатады. «Қатты айтсақ, өзімізге тиеді» деген рас, қаламыздың тұрғындарында мәдениет өте төмен, әйтпесе өзі өмір сүретін жерін соншалықты былғауға бола ма? Сонда да жұмыстан аянып қалып жатқан жоқпыз. Жасаққа қатысушы жастарды ұжымдық еңбекке ынталандыру мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырамыз. Тоқталып өтсем, спорттық жарыстар, тимбилдингтер және біздің офисімізде жұмыстан тыс уақытта жиналып, интеллектуалдық ойындар өткізіліп тұрады. Тамыз айының аяғында үш айлық еңбекті қорытындылайтын үлкен мерекелік жиын өткізіледі. Ол кезде маусымдық еңбек барысында үздік болып танылғандар марапатталады. Жасаққа қабылданғандарға басына күнқағар, үстіне футболка, жасақ басшыларына бомбер беріледі, – дейді Қаныбек Жарылқасынұлы. Жасақ мүшелерінің бірі Әнуар Ибаділдәның жасы он сегізде. – «Жасыл ел» еңбек жасағына өз еркіммен келіп қосылдым. Мақсатым – қаламның тазалығына үлес қосу. Кәмелет жасына толғандықтан, жалақымнан барлық заңды ұсталатын сомалар алынып, қолыма 55 мың теңге аламын. Мен үшін маңыздысы жалақы емес, өз елімнің алдындағы перзенттік парызымды адал өтеу. Өзім IT бағдарламашы мамандығы бойынша білім алудамын. Жазғы демалыс сәтін бос жібермей, қанша жалақы төлесе де елімнің игілігіне жарайтын іске атсалыссам деген ниетпен осы жасақтың қатарында еңбек етіп жүрмін, – дейді Әнуар Ибаділдә. Айта кетейік, биыл жоба аясында 1900 жасты маусымдық жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгінгі уақытта Тараз қаласы мен аудандарда жалпы 74,9 миллион теңгеге 1 052 жас азамат маусымдық жұмыстарға тартылған. Оның ішінде 173-і уақытша бос жүрген (NEET) жастар болса, 15-і пробация тізімінде тұрғандар екен.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар