Ел игілігіне қызмет етеді

Ел игілігіне қызмет етеді
ашық дереккөз
Ел игілігіне қызмет етеді
Халықта «Отансыз адам – ормансыз құспен тең» деген жақсы сөз бар. Отанымыз – бәріміздің ортақ үйіміз, сондықтан оның қазынасы да ортақ. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заңсыз иемделінген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қойғанын мен шынайы қуанышпен қабылдадым. Мемлекетке қайтарылған қаражаттар ел игілігіне жаратылады деп сенемін. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін мемлекетіміз енді ғана тәуелсіздігін алып, істі қайдан бастарын білмей дағдарған шақта біраз дүниелер жекеге өтіп кетті. Небір зауыт-фабрикалар, балабақша, клуб дегендер арзан бағаланып сатылып, халыққа қызмет еткен талай дүние «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетті. Кезінде шаруасы шалқып, дүрілдеп тұрған колхоз, совхоздар өздігінен тарап кеткен жоқ, тарқатқызды. Сол кезде билікте жүргендер әлгіндей әлеуметтік нысандарды тиын-тебенге сатып алды. Ал, оның зардабын халық тартты. Еліміз осындай қиын сәттерді бастан кеше келе ес жиып, әр нәрсенің парқын ұғындық. Міне, бұл жаңалық соның жемісі деп білемін. Мен бұл заңды жаңа Қазақстанның өркениетке басқан жаңа қадамдарының бірі деп білемін. Өз елінің мүддесін ойлайтын кей азаматтар иеленгендерін өз еркімен қайтарып беріп жатыр. Оны азаматтық деп бағалаймын. Ал, аталған заңда заңсыз алынған активтерін ерікті түрде қайтарған байлардың қылмыстық жауапқа тартылмайтыны жазылған. Кезінде өзім де сатып алған мүлікті кейінірек мемлекетке бергенмін. Жуалы ауданының Түктібай ауылындағы бұрынғы кеңшардың кеңсесін алған болатынмын, соны мемлекетке балабақша ретінде пайдалануға бердім. Қазір сол балабақшада 50 бүлдіршін тәлім-білім алып жатыр. Қаншама адам сол жерде жұмыспен қамтылды. Міне, мемлекетке қайтарылған дүние бәрімізге ортақ ризық дегенім, осы. Сонымен қатар, қазіргі аудандағы «Amanat» партиясының филиалы орналасқан екі қабатты ғимаратты кезінде аукцион арқылы сатып алған болатынмын. Кейін көшбасшы партияның пайдалануына сыйға тарттым. Мұнда да көптеген азаматтар жұмыс істеп, жалақы алып, елге қызмет етіп отыр. Осы елдің белсенді бір азаматы ретінде барша отандастарымды жаңа заңға қолдау көрсетуге шақырамын. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен шақта мемлекеттің нысандарын тиын-тебенге алып, заңсыз иемденгендер сол мүліктерді ел игілігіне өз еріктерімен қайтарып берсе жөн болар еді деймін.  

Керімқұл БЕГАЛИЕВ, «Злиха» шаруа қожалығының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты.

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар