«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ташкенттегі төрт күн...

Ташкенттегі төрт күн...
ашық дереккөз
Ташкенттегі төрт күн...
Көршілес жатқан Өзбекстанның астанасы – Ташкент қаласы жақын болса да осыған дейін жол түспепті. Биылғы жазғы демалыста тұңғыш рет Ташкентті тамашалау бұйырды. Өзімді сынап көру үшін ешқандай турагентсіз, жолбасшысыз сапарға шықтым. Ташкентке Шымкент арқылы жеңіл көлікпен барған тиімді көрінді. Жол бағасы да қалтаға салмақ салмайды. Тараз қаласынан ел ішінде «Черняевка» аталып кеткен Жібек жолы кеден бекетіне дейін 4 мың теңгемен төрт-ақ сағатта жетесіз. Шекарадан ары өткеннен соң Ташкент қаласына апаратын автобустар 1460 өзбек сумы, яғни 56 теңгемен жеткізеді. Таксимен барғыңыз келсе, 50 мың сум, яғни 2000 теңге төлеп жете аласыз. Тағы бір жолы – Юнусабад ауданына дейін «Chevrolet Damas» көлігімен (5 мың сум – 200 теңге) жетіп, сол жерден метро арқылы тұрақтайтын жеріңізге барсаңыз болады. Әрине, бастапқыда «алғаш рет көретін жерде адасып қалмаймын ба?..» деген үрейдің болғаны рас. Бірақ, Ташкентке жеткенде барлық жерде қос-қостан жүретін тәртіп сақшыларын көргенде уайымнан арыласың. Көлікпен жүрсеңіз де, жаяу болсаңыз да кездескен полицейден жөн сұрасаңыз бәрін тәптіштеп түсіндіріп, барар жолыңызға салып жібереді. «Туристерді тартудың тиімді тұсы осы екен...» деген ой түйдім. Тәртіп сақшылары тек орталық көшелерде ғана емес, қаланың барлық аумағында, тіпті көпшілікке белгілі көне базар – Чорсудағы қалың көпшіліктің ішінде де жүр. Алғаш рет келс еңіз де, адасамын деп қорықпайсыз. Бұл туристер үшін де өте ыңғайлы екен. Барлық жерде тәртіп сақшыларының жүргені «танымайтын жерде әлденеге ұрынамын ба...» деген қорқыныштан да арылтады. Түн жарымында жүргенде де тәртіп бұзғандарды кездестірмедік. Көшелер тап-таза, орынсыз жатқан қоқыс та, түкіріп тастаған лас көрініс те көзге түспеді. Ала тақиялы ағайындардың тәртіпті, тәрбиені мықтап ұстанғандары тамсандырды. Автобусқа, метроға әйел адам кірсе, ер-азаматтар бірден тұрып орын беретіні сүйсінтті. Жасы үлкен аналар ғана емес, кішкентай қыз баласы кірсе де орта жастағы ер-азаматтар түрегеліп, орын береді екен. Өзбек елінің көне заттарды күтіп ұстап, сақтап қа луға ден қоятындары қызықтырды. Жаңа дүниеден гөрі көне жәдігерлерді жоғары бағалайды. Бұған қарап, өткенін өшірмеуді ұстанатындарын түсіндік. Ғимараттарда, тіпті дәмханалардағы ыдыстарда ұлттық нақыштарға көп көңіл бөлген, өрнектермен оюлаған. Туристер жиі баратын палау орталықтарында ұлттық тағамдарының сан алуан түрін ұсынып, бағаларын қолжетімді деңгейде ұстап отыр. Туристер баратын орындардың бәрі өз тілдерінде аталады. Орта Азиядағы ірі әрі көне базар деп танылған «Чорсу» ХVІІІ ғасырдан бері жұмыс істеп келеді. Қазір де ондағы адам қарасы қалың. Шет елдерден келетін меймандар баратын «Бес қазан» палау орт алығы, «Magic City», «Ташкент City» секілді орындарда баға қолжетімді. Сауда, ойын- сауық орталықтарындағы су бұрқақ шоулары, амфитеатр, «ұшатын» театр, жұлдыздар музейі, ғарыш әлемімен т аныстыратын планетарийға кіру бағалары да біздің елдегі осы тектес ойын-сауық орталықтарынан әлдеқайда арзан. Сонысымен де туристерді тартып тұр. Өзге елдерден келген меймандарға әрбір бұйымдарында ұлттық нақыштарын бейнелеумен өз ұлтын танытып отыр. Көне дүниелерді құрметтеп, меймандарға тарихи жәдігерлерін көрсетумен елінің тарихын таныстыруды тиімді пайдалануда. Тағы бір байқағанымыз – меймандарға әуелі өз тілінде жауап береді, өзбекшені түсінбей бара жатса ғана ресми тілге көшеді. Бұл да ұлтын танытудың әдемі әдісі екен.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Тараз-Ташкент-Тараз.

Ұқсас жаңалықтар