Мәселенің мәнін ашпас бұрын, газет оқудың маңызына тоқталу қажет. Газет – жай қағаз емес. Ол – қоғамның айнасы, уақыттың куәгері. Қағаз басылымдағы ақпарат кәсіби сүзгіден өтіп, жауапкершілікпен жарияланады. Әлеуметтік желідегі жедел, бірақ кейде расталмаған мәліметтерден айырмашылығы – газет материалдары нақтылыққа негізделеді.
Газет оқудың артықшылығы да осында: ол адамды байыппен ойлауға, мәселені терең түсінуге жетелейді. Әсіресе егде жастағы азаматтар үшін баспа өнімдері – негізгі ақпарат көзі. Демек, пошта жәшігінің болмауы – тек темір жәшіктің жоқтығы емес, белгілі бір топтың ақпаратқа қолжетімділігінің шектелуі. Бұл мәселеге байланысты Тараз қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімінің басшысы Дамир Жаманбаев жобалау -сметалық құжаттамада пошта жәшіктері қарастырылмағанын мәлімдеді.
Себебі қазіргі таңда хат-хабар алмасу форматы өзгеріп, коммуналдық төлемдер мен ресми құжаттар электронды бағдарламалар арқылы жолданады. Соның нәтижесінде пошта жәшігіне деген сұраныс төмендеген. Шынындада, цифрландыру үдерісі қарқынды жүріп жатыр. Алайда бұл дәстүрлі пошта байланысы толық жойылды дегенді білдірмейді. Сот хабарламалары, банктік хаттар, мерзімді басылымдар әлі күнге дейін қағаз форматта жеткізіледі. Оның үстіне, барлық тұрғын бірдей цифрлық қызметтерді меңгерген деп айту қиын. Құқықтық тұрғыдан алғанда да бұл мәселе назар аударуды қажет етеді. Қазақстан Республикасы «Пошта туралы» Заңының 33-бабында абоненттік пошта жәшіктерін орнату, күтіп-ұстау және олардың қолжетімді болуын ғимараттың меншік иесі қамтамасыз етуі тиіс екені нақты көрсетілген. Демек, пошта жәшігі – заңмен бекітілген талап. Бұл жерде қайшылық байқалады: бір жағынан, жобада қарастырылмаған; екінші жағынан, заң талап етеді. Сонда жаңа тұрғын үйлерді пайдалануға беру кезінде заң нормалары қаншалықты ескерілген? Кіреберіс аумағы тар деген уәж де мәселені толық шешпейді. Заманауи архитектуралық шешімдер арқылы шағын әрі қауіпсіз пошта жәшіктерін орналастыруға мүмкіндік бар. Пошта жәшігі – инфрақұрылымның ұсақ элементі сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ ол азаматтардың ақпарат алу құқығымен тікелей байланысты. Газет оқу мәдениеті әлсіреп бара жатса да, оны қолжетімсіз ету – мәселені шешу емес, одан әрі тереңдету.
ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Цифрландыру – заман талабы. Бірақ кез келген жаңашылдық заң талаптары мен азаматтардың құқығын ескергенде ғана тиімді. Пошта жәшігін «қажетсіз» деп тану – бүгінгі трендке сүйенген шешім болуы мүмкін. Дегенмен қоғам толық цифрлық форматқа көшпейінше, дәстүрлі байланыс арналары сақталуы тиіс. Жаңа үйлердегі пошта жәшігінің жоқтығы – жай ғана техникалық олқылық емес. Бұл – жоспарлау мен құқықтық талаптардың үйлесімін қайта қарауды қажет ететін мәселе. Ақпаратқа тең қолжетімділік қамтамасыз етілмейінше, «заманауи тұрғын үй» ұғымы толыққанды бола алмайды.
Мақпал СҮЙІНБАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Президент қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды
- 4 наурыз, 2026
Ақпарат
Нарша
- 2 наурыз, 2026
Жамбылдың жауһар жырлары
- 26 ақпан, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




