Жастарды қолдау - жарқын болашаққа жолдау

Жастарды қолдау - жарқын болашаққа жолдау
ашық дереккөз
Жастарды қолдау - жарқын болашаққа жолдау
Облыстық әкімдікте М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті бірлесіп, химия мамандарын даярлау жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Жиынға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, дарынды балалар мен олардың жетекшілері қатысты. Бағдарлама бойынша университет облысқа жалпы алғанда 50 грант бөлген. Студенттер алдыңғы екі жылын М.Х.Дулати атындағы университетінде оқыса, үшінші жылын Ресейде, одан кейінгі тәжірибесін «Қазфосфат» серіктестігінде өткізіп, жұмыс орнымен қамтылмақ. Жиын барысында білім көкжиегін кеңейтіп жүрген оқушылар өз жобаларын ұсынды. Тараз қаласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицейдің оқушылары Адия Тұрсынбай, Дулат Исабек пен жетекшілері Мейрамгүл Орынбаева адам өмірін сақтандыратын «Second Heart» сағатын ұсынды. Бұл ғылыми макет науқас адамдарды талма ауруынан сақтап қалады. Сағатты телефонға қосу арқылы жасанды интеллектпен аурудың алдын алып, жедел жәрдем қызметкерлеріне белгі береді. Дулат пен Адия алдағы уақытта бұл сағатты дәрігерлерге ұсынып, тәжірибеге енгізуге ұсыныс жасады. Ал, Байзақ ауданы Ғани Мұратбаев атындағы гимназияның оқушысы Аян Тұрсынбаев жетекшісі Талғат Жүнісовпен бірлесіп, «Ask academy Analitic Servisin Kazakhstan» бағдарламамен қамтамасыз ету және онлайн аналитикалық сервистік оқыту платформасын ұсынды. Тек қазақ тіліндегі цифрлық технология бағытында арнайы құрылған платформаның белсенді де білімді оқушыларға берері мол болмақ. Бұл платформа мектеп бағдарламасынан тыс берілетін білімді әрбір тақырыпқа бөліп, оқушыларға толық ақпарат жиынтығын ұсынуды көздейді. Аян өз сөзінде алдағы уақытта жас ғалымдардың зерттеу орталығын ашу жайлы өтініш білдірді. Облыс әкімі оқушылардың ұсынысын мұқият тыңдап, құзырлы мекемелерге тапсырма беріп, жасөспірімдерге әрқашан қолдау білдіретінін жеткізді.  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар