«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сәрсенбек Бәкірдің сазды кеші

Сәрсенбек Бәкірдің сазды кеші
ашық дереккөз
Сәрсенбек Бәкірдің сазды кеші

«Баласағұн» орталық концерт залында әнші- композитор Сәрсенбек Бәкірдің «Аузынан айдың түскен қыз» атты концерті өтті. Іс-шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров қатысып, облыс әкімінің құттықтау хатын табыс етті. Сондай-ақ, композитордың үстіне зерлі шапан жауып, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тақты.

Бұл күні Тараздың аспанына жұлдыздар жиналған күн болды. Концертті қазақ радиосының журналисі Гүлмира Нәлібай жүргізсе, елдің жүрегіндегі «МузАРТ» тобының әншілері, Мұқасан Шахзадаев, Досымжан Таңатаров, Құрмаш Маханов, Ғани мен Бота, Наркенже Серікбаева және Інжу Әнуарбекқызы, Фарида Досболова, Мәди Дәуренұлы, Данияр Исаков сахнаға сән берді. Сондай-ақ, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының әншілері, Мәдениет саласының үздіктері Маралбек Бабақұлов, Ғани Мәтебаев, Мәдина Сағынбекова, Айгүл Мақашева және Динара Диханбаева, «Жамбыл» үштігі де көпшілік жүрегінен жол тапты. Сәрсенбектің төл шәкірттері Әділет Әбдікерім және Мейрамбек Рысбақ шырқаған әндер де әсерге толы болды. Бұл кеште композитордың «Не пайда?», «Сезімді қайтем тулаған?», «Аузынан айдың түскен қыз», «Махаббат назы», «Соғады сен деп жүрегім», «Әкені аңсау», «Сағынып шақырдың ба?», «Анадан асыл бар ма екен?» атты танымал туындыларымен бірге бірнеше әні шырқалды. Қазақтың біртуар ұлы Дінмұхамед Қонаевқа арналған «Тау тұлға» атты әні де тыңдарманға тұңғыш рет жол тартты. Концерт соңында халықаралық «Қонаев қоры» облыстық филиалының кеңесшісі Жапар Күздеубеков, мемлекеттік қызмет ардагері Досмұрат Шахзадаев, Талас аудандық мәслихатының төрағасы Қадірбек Садубаев композиторға құрмет көрсетті. Сәрсенбек Бәкір Қонаев атындағы медальмен марапатталып, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі куәлігіне ие болды.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар