Мәдениет саласының мәселесі – басты назарда
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Жамбыл өңіріне арнайы іссапармен келді. Тарихтың темірқазығына айналған Тараз шаһары мен аймақтағы киелі жерлерге атбасын бұрып, сала мамандарының мәселелерін талқылады. Әуелі министр «Көркемсурет галереясының» мәжіліс залында өңірдің мәдени әлеуетін арттыруға атсалысып жүрген өнер ұжымдарымен, сала мамандарымен кездесті.
– Мәдениетімізді мыңжылдықтарға жалғаған, көне мен жаңаны байланыстыра білген бұл өңір – біз үшін қашанда қастерлі. Екі мың жылдан астам бай тарихы бар Тараз шаһары ежелден өркениеттің ордасы болған көне мекен. Ұлы Жібек жолының бойында тұрған тұғырлы Тараз талай ғасырдың куәгері, абыз шежірешісі. Өңірдегі Қарахан мен Айша бибі кесенелері, Жайсаң киелі жері, Көксай шатқалы, басқа да тарихи орындар – халқымыз үшін ортақ мәдени құндылықтар. Қазақстанда 10-нан астам нысан ЮНЕСКО- ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген болса, олардың бесеуі, атап айтқанда, Ақыртас, Өрнек, Құлан, Ақтөбе, Қостөбе қалашықтары осы Жамбыл облысында орналасқан. Сондай-ақ, Жамбыл десе ұлы ақын, жыр алыбы Жамбыл атамыз, Халық қаһарманы, жауынгер жазушы Бауыржан Момышұлы, Қазақстанның Халық жазушылары Шерхан Мұртаза, Несіпбек Дәутайұлы, қазақтың тұңғыш кәсіби балетмейстері Дәурен Әбіров сынды біртуар азаматтары ойымызға оралады. Сонымен қатар, бұл өңір – дүниежүзілік додаларда ел мерейін асырған даңқты спортшылар мекені, – деді Асхат Раздықұлы.
Сонымен қатар, ведомство басшысы еліміздің мәдени-рухани өміріндегі атқарылған ауқымды жұмыстар мен алдағы жоспарларды атап өтіп, министрліктің назарында тұрған аймақтағы жоспарларды да тілге тиек етті.
– «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасында 2025 жылға дейін елімізде 1 500 мәдениет нысанының құрылысы мен жөндеу жұмыстары жоспарланған. Былтыр ғана республикада 22 нысанның құрылысы мен 287 объектіге жөндеу жұмыстары қабылданды. Биылғы жоспар бойынша 40 объектінің құрылысы мен 260 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілуі тиіс. Олардың ішінде Жамбыл облысында 17 мәдениет нысанында жөндеу және 14 нысанды салу жұмыстары көзделіп отыр. Сол секілді архив саласының инфрақұрылымы да біздің жіті назарымызда. Қазіргі таңда 500 мың бірлікке жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу бойынша жұмыстар тиісті мемлекеттік органдармен пысықталуда. Мәселен, Жамбыл облысының Қордай ауданында жаңа архив ғимаратының құрылысы жүруде және аяқталу уақыты осы жылдың қыркүйек айына жоспарланған. Меркі, Шу, Т.Рысқұлов аудандарында жерді заңдастыру жұмыстары жүргізілуде, – деді министр.
Өз сөзінде Асхат Раздықұлы талай байрақты бәсекелерде өңір даңқын асырған саңлақтардың кіндік қаны тамған Әулиеата өңіріндегі спорт саласын да назардан тыс қалдырмады. Туризмді түлетуге бағытталған жұмыстарды да айрықша атап өтті.
– Жамбыл облысында 9 мыңнан астам бала мен жасөспірім тегін үйірмелермен және секциялармен қамтылды. Биыл біз осы жобаны жүзеге асыруды жалғастырамыз. Мемлекеттік спорт және шығармашылық тапсырысты жалғастыру мақсатында 2023 жылы 560 мыңнан астам бала мен жасөспірімді қамту үшін жергілікті атқарушы органдардан 86,7 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде Жамбыл облысына 2,3 миллиард теңге қарастырылған. Сонымен қатар, Жамбыл облысында өткен жылы 4 нысанның құрылысы аяқталып, осы жылы 14 дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жүріп жатыр. Оған қоса, Жамбыл облысында өткен жылы туристер саны 135 мыңды құрады, оның 3 мыңнан астамы шетелдіктер үлесіне келеді. Біз 2 елмен 80 бағыт бойынша халықаралық әуе қатынасын қалпына келтірдік. 74 ел үшін визасыз режим жаңартылды, құрлық шекаралары ашылды және елдер санын 100-ге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Тараз қаласы Қазақстанның мәдени туризмінің ең танымал төрт бағытының қатарына кіреді. Осынау тарихы тасқа, шежіресі құмға сіңген киелі өлкеде ежелгі дәуірлерден, орта ғасырлардан жеткен ұзын саны мыңнан асып жығылатын тарихи-мәдени мұралар бар. ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген ортағасырлық Ақыртас, Өрнек, Құлан, Ақтөбе, Қостөбе қалашықтарын айтпағанның өзінде, «Тектұрмас», «Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешендері, Қарахан, Айша бибі, Бабаджа қатын кесенелерінің өзі көпшіліктің қызығушылығын тудырып, ұлттың ұлы тарихынан сыр шертеді. Сонымен қатар, Қарасай, Тамдысай және жартастағы бейнелері бар Бота-Мойнақ шатқалдары мен Жуалы ауданының Маймақ шатқалындағы петроглифтер де туристер арасында танымал. Ертедегі ортағасырлық түркілердің Ұлы Жібек жолындағы ірі қалаларының бірі болып табылатын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген «Ақтөбе» қалашығын да атап өтуге болады. Осы қасиетті мұралардың арқасында мәдени туризмді ілгерілетуге мол мүмкіндік бар, – деді А.Оралов.
Басқосу соңында министр сала мамандарын толғандырған салмақты мәселелерді талқыға салды. Театр, өнер, спорт салаларындағы ұтымды ұсыныстар назарға алынды. Мұнан соң, Асхат Раздықұлы «Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешені мен Қарахан кесенесіне барды.
Іссапар барысында министр Байзақ ауданына қарасты Темірбек ауылдық округінің орталығы Тегістік ауылына барып, облыс әкімі Нұржан Нұржігітовпен бірге жаңадан бой көтерген 90 орындық мәдениет үйінің тұсауын кесті. Айта кетейік, осы уақытқа дейін Тегістік ауылдық мәдениет үйі 1 штат бірлігімен мектепте ыңғайласып орналасқан болатын. Қазіргі таңда аталған мәдени нысан 6 штат бірлігімен халық игіліне беріліп отыр. Осы күні Асхат Раздықұлы қазіргі таңда жөндеу жұмыстары жүріп жатқан Ақыртас кешеніне барып, жағдайымен жан-жақты танысты. Сол секілді аймақтағы тарихи маңызы зор нысандарды аралап шығып, сала мамандарының жоспарларымен танысты.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді