Мәдениет – асыл қазынам
Өңірдің өшпес өнегелі өркениеті мен мәдениетін өскелең ұрпаққа насихаттап, ұлттық құндылықтарды ұлықтау мақсатын көздеген дәстүрлі аудан күндері шарасы Байзақ ауданынан бастау алды. Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырған салтанатты жиынға өңір басшысының орынбасары Еркін Үйсімбаев қатысып, өлкенің өнер иелерінің шығармашылығына толағай табыс тіледі. Айтулы іс-шара Сарыкемер ауылының орталық стадионында өткен «Мәдениет – асыл қазынам» атты мерекелік жиыннан басталды.
Сән салтанаты жарасқан мерейлі шараны облыс әкімінің орынбасары Еркін Құлымбайұлы құттықтау сөзімен ашып, аудан халқының мерейлі қуанышымен бөлісті. Өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары аймақ бойынша халыққа қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан мәдени ошақтар мен ұжымдардың игі жұмысына тоқталып, мәдениет саласындағы мәуелі істерді атап өтті. Сөз соңында аудан күндері шарасының маңыздылығына тоқталып, өңірдің мәдени өміріне өзіндік зор үлес қосып келе жатқан ауданның өнер ұжымдарының еңбегіне табыс тіледі.
Өз кезегінде аудан әкімі Бақыт Қазанбасов та мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасап, соңғы үш жылда 4 елді мекенге мəдениет ошағы салынғандығын, алдағы жылдары 3 мəдениет үйі бой көтеретіндігіне тоқталып, ақындар мен спортшылар, батырлар шыққан бай өлкенің табыстарымен бөлісіп, көпшілікті қуаныштарымен құттықтады.
Бұдан соң жиналған көпшілік жарты ғасырлық тарихы бар ауданның мәдени өмірінің айнасы – «Шахан» халық театрының өңірдің шежіресінен сыр қозғайтын «Байтақ ел Байзағым» көрінісі мен «Шолпан» халықтық ән-би ансамблінің өнерін тамашалады.
Қойылым концерттік бағдарламаға ұласты. Концерттің сәнін күміс көмей әншілер мен мың бұралған бишілер келтіріп, көрермендердің көзайымына айналып, жұртшылыққа көтеріңкі көңіл- күй сыйлады.
Атап айтар болсақ, мәдениет саласының үздігі, бүкілодақтық фестивальдердің жүлдегері Күлила Құрымбаева, Мэлс Өзбеков атындағы облыстық «Келші, Құланға!» әншілер байқауының лауреаты Марал Жанбаева, облыстық, республикалық, халықаралық конкурстардың лауреаты Дулат Жасұзақов секілді сала саңлақтары өз өнерлерін ортаға салды.
Іс-шарада сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
18 ауыл және ауылдық округтердің тауар өндірушілері сүт, ет өнімдерімен қатар, көкөністің алуан түрін көпшілік назарына ұсынды. Сонымен қатар, мырзатайлық «Әулиеата Феникс» ЖШС-ның бройлер тауық еттері, «Лесняк», «Рола 7» жеке кәсіпкердің сүт, макарон, қостөбелік кондитерлік өнімдер,«Ғалымжан» ЖК бройлер тауық еті үлкен сұранысқа ие болды.
Шара барысында ұлттық спорт ойындары да салтанат құрды.
Жамбы ату, теңге ілу, қазақ күресі, футбол, үлкен теннис, волейбол, тоғызқұмалақ, дойбы, шахматтан жарыс өткізілді. Бұған қоса, қымыз бен шұбат ішу, ет жеуден жарыс ұйымдастырылды.
Осы тұста атап өткен жөн, бес тонналық жүк көлігін сүйреуден – Нұрдəулет Әмзеев І орын иеленіп, мықтылығын көрсетсе, бір қойдың етін жеуден – Алмас Сәрсенов, бір шара қымыз ішуден Саламат Күдериев жеңімпаз атанды.
Сондай-ақ, ашық аспанды ән-жырымен әуелеткен іс-шара ауданның оң саусағынан өнер тамған қолөнер шеберлерінің туындылары мен көнеден сақталып келе жатқан жәдігерлері де қонақтарды тәнті етпей қоймады. Айтулы іс-шараға аудандағы түрік, дүнген, неміс, орыс, кәріс ұлтының өкілдері де көпшілікпен бірге аянбай атсалысты.
– Ауданымызда таланттар көп екен. Өнерлі жастарды көріп қуанып жатырмын. Қолөнер шеберлерінің туындылары қатты қызықтырды. Көне жəдігерлермен қауышып, Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Байзақ ауданының тарихымен мақтануымыз керек. Осындай іс-шаралар көптеп өтсе, жас ұрпақтың рухани баюына жол ашылады, – дейді 86 жастағы ақсақал Нұрмахан Шаухаров.
«Мəдениет – асыл қазынам» атты Байзақ ауданының мəдениет күнінің соңы Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» əнімен қорытындыланды.
Елдігіміздің жарқын көрінісі – туған жер қасиетіне арқа тірей мерекеленетін осынау мәдениет күндері алдағы күндері басқа аудандарда да жалғасын таппақ.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Байзақ ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді