Жауапкершілігі жоғары азамат еді

Жауапкершілігі жоғары азамат еді
ашық дереккөз
Жауапкершілігі жоғары азамат еді
Адамның өмірі қамшының сабындай қысқа, күрмеуге келмес келте. Бірақ, сол қысқа өмірдің өзі асыл қасиеттермен, халқына сіңірген еңбегімен бағаланса керек. Ел алдындағы аманатқа адал болу оңай міндет емес. Алайда, жұмыстың үдесінен шығатын азаматтар болады. Осындай жауапкершілігі жоғары азаматтың бірі Асхат Есенәлиев болатын. Ол Тараз қаласында аз ғана жыл қызмет атқарса да, елдің есінде іскерлігімен, жарқын мінезімен қалып қойды.

Асхат Қамқабайұлы 1975 жылы Меркі ауданының Тәтті ауылында дүниеге келген. Әкесі Қамқабай қария ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен кісі болса, анасы Дариякүл Қашқынбаева мектеп мұғалімі болып зейнетке шыққан ұстаз еді. Ата-анасы қарапайым жандар болғанмен, перзенттерін адалдық пен ізгі қасиеттерге баулыды. Асхаттың бойында да жақсы қасиеттер мол болатын.

Асхат Есенәлиев Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін 1997 жылы «Тағамдық емес тауарлар тауартануы» мамандығы бойынша, кейіннен Алматы үздіксіз білім беру университетін «Заңгер» мамандығы бойынша бітіріп шықты. Еңбек жолын «Жігер» акционерлік қоғамында цех бастығы болып бастап, кейіннен аталған акционерлік қоғамы төрағасының коммерциялық мәселелер жөніндегі орынбасары қызметіне көтерілген. Ал, 2000 жылы Меркі ауданы, Тәтті ауылдық округі аппаратында жүргізуші, 2002 жылы Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы «Бартоғай ГЭС» ЖАҚ экономика-коммерция бөлімінің бастығы болды. 2006 жылдан Шу ауданы әкімі аппаратында кадр және мемлекеттік құқықтық жұмыс бөлімінің бас маманы, бөлім басшысының міндетін атқарушы, 2007 жылы мамыр айынан аталған аудандағы Далақайнар ауылдық округінің әкімі қызметтерін атқарды. Ауылдық округ әкімі ретінде әр үйге кіріп, тұрғындармен ашық сөйлесіп, өзекті мәселелеріне назар аудара білді.

2018 жылы «KAZCHEMTRADING» компаниясында жауапты қызметте болса, 2020 жылдың сәуірінен Тараз қаласы әкімінің орынбасары қызметін жоғары жауапкершілікпен атқарды. Мұнан соң Тараздағы «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары болып еңбек еткен болатын.

Асхат Қамқабайұлы қандай қызметте болса да, жауапкершілікті сезінді. Тараз қаласы әкімінің орынбасары кезінде шаһардың күрделі жұмысын үйлестіруде өзінің жинаған тәжірибесін аямай жұмсады. Өзекті мәселелері көп аймақтарға жиі барып, тұрғындардың талап- тілегін тыңдады. Мүмкіндік болса, халықтың игілігіне жұмыс істеуге күш салды.

Асхаттың тағы бір жақсы қасиеті – ата-ана, бауыр, туыстарына, достарына мейірімді болды. Өзінен кішілерге қамқорлық көрсетті. Мектепте білім берген ұстаздарын да ұмытпай, сыныптастарын үнемі іздеп, хабарын үзген емес. Отбасында жанашыр әке, асыл жар бола білді.

Асхаттың қазасы отбасына ғана емес, оны білетіндердің барлығына да ауыр тиді. Себебі, ол елдің баласы болып кеткен еді. Оның жанашырлары мен достары, тілеулестері өте көп болды.

Зымыраған уақытқа тоқтам жоқ екен. Асхат Есенәлиевтің өмірден озғанына да бір жыл толып отыр. Асыл азаматтың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болғай. Жаратушының қалауымен жаны жәннатта болғай. Жақындары, отбасы және жанашырлары оқытып жатқан Құран қабыл болсын. Асхат Қамқабайұлы барша көпшіліктің есінде жақсы мінезі, асыл қасиеттерімен ұзақ уақыт сақталады. Оның атқарып кеткен ізгі істері, ғибратты өмірі жас ұрпаққа үлгі бола бермек.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар