140 жас отбасын баспанамен қамту жоспарлануда

140 жас отбасын баспанамен қамту жоспарлануда
ашық дереккөз
140 жас отбасын баспанамен қамту жоспарлануда
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте әлеуметтік салаға қарасты облыс әкімдігінің бөлім басшылары есеп беріп, баяндама жасады. Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетованың айтуынша, бүгінгі таңда облысымызда мемлекеттік тілді меңгергендердің үлесі 92,6 пайызды құраған. Студенттер мен мектеп оқушыларының 77 пайызы мемлекеттік тілде білім алуда. Мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттарының үлесі 100 пайызға жеткен. Жыл басынан бері тегін оқыту курстарына 1726 тыңдаушы қабылданса, оның 1412-сі мемлекеттік тілде білім алған. Ал 69 адам орыс, 245-і ағылшын тілін таңдаған. Сондай-ақ, Р.Тұрмаханбетова ономастикалық комиссиялардың жұмысы, өңірдегі көрнекі ақпарат пен жарнаманы безендіру және орналастыру бойынша түсіндірме-насихат жұмыстары туралы да айтып өтті. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту, мемлекеттік және басқа да тілдерді оқыту курстарында студенттердің білім сапасын арттыру бойынша іс-шараларды жүйелі түрде жүргізуді тапсырды. Бұдан кейін облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Арман Ташметовтың есебі тыңдалды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда бұқаралық спортпен шұғылданатын азаматтардың үлесі 39,6 пайызға жеткен. Сонымен қатар, қазіргі таңда дене шынықтыру- сауықтыру кешендерінің саны артып, ол 21-ге жеткен. «Облысымызда әлі де 129 елді мекенге заманауи спорт алаңы керек. Осы мәселені шешу үшін үш жылдық жоспар жасалды», деді Арман Ташметов. Аймақ басшысы балаларды тегін үйірмелер мен секциялармен барынша қамту, алдағы ауқымды жарыстарға дайындық бойынша тапсырмалар берді. Келесі кезекте дін істері басқармасының басшысы Сәкен Мыңбаевтың есебі тыңдалды. Оның айтуынша, облыста 11 конфессияның өкілі болып табылатын 385 діни бірлестік тіркелген. Нұржан Нұржігітов конфессияаралық диалогты нығайтудың маңыздылығын айта келе, ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмысын жандандыруды тапсырды. Жастар саясаты басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар бүгінде облыста 14 пен 35 жас аралығындағы 351138 адам тұратынын, бұл облыс халқының 30,5 пайызын құрайтынын айтты. Биыл жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 5 мыңға жуық адам тартылған. Басқарма басшысы баяндамасында әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылу барысымен қатар, «Дипломмен ауылға» жобасына тоқталды. Биыл «Әулиеата жастары» тұрғын үйді несиелендіру бағдарламасын жүзеге асыруға екі миллиард теңге бөлініп, оның жартысы жергілікті бюджеттен қаралса, тағы бір миллиарды «Отбасы банкі» тарапынан бөлінген. Соның арқасында 140 жас отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарлануда. Облыс әкімі NEET санатындағы өкілдердің санын және жұмыссыз жастардың санын қысқарту бойынша басқарма алдына нақты міндеттер қойды. Сондай-ақ, облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай ауылдардағы мәдениет үйлерінің құрылысы, ауқымды мәдени шараларға дайындық барысы туралы баяндады. Сонымен қатар, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Құралай Өскембекова да баяндама жасап, бүгінге дейін атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жиын қорытындысында әлеуметтік нысандарды газға көшіруді және мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың жүзеге асырылуын бақылауды күшейтуді тапсырды.  

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

 

Ұқсас жаңалықтар