Тараздықтар жалақы мәселесін көтерді

Тараздықтар жалақы мәселесін көтерді
ашық дереккөз
Тараздықтар жалақы мәселесін көтерді
Облыста жұмыс сапарымен болған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Тараз қаласындағы бірқатар кәсіпкерлік және әлеуметтік нысандарды аралап көрді. Атап айтсақ, облыс орталығындағы «Энерджи-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, «Әмір және Д» зауытына барып, әулиеаталық ақ халаттылармен кездесті. Көркем гимнастика және үстел теннисі орналасқан спорттық ғимаратта болды. Бұдан кейін Ерұлан Жамаубаев «Достық» үйінде Тараз қаласының тұрғындарымен кездесіп, оларды толғандырған сауалдарға жауап берді. Кездесуде Қаржы министрінің орынбасары Абзал Бейсенбекұлы баяндама жасап, көрсеткіштерге және бірқатар мәселелердің шешілу барысына тоқталды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров сөз алып, бүгінгі таңда облыстың негізгі әлеуметтік- экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша экономикалық өсім 102,4 пайызды құраған. – Есепті кезеңде өзіндік кірістер 31,4 миллиард теңгеге орындалып, 56,1 пайызға артты. Инфляция деңгейі наурыз айында 3,1 пайызды құрады. Алғашқы 3 айдың қорытындысымен облысқа 69 миллиард теңге инвестиция тартылып, өсім 3,1 пайызды құрады. Биыл 572 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Сонымен қатар, биыл 85,4 миллиард теңгеге 500-ге жуық жұмыс орнын құрайтын 21 жеке инвестициялық жоба іске асырылады, – деді Нұржан Календеров. Сұрақ-жауап форматында жалғасын тапқан кездесуде тараздықтар өздерін мазалап жүрген сауалдарға нақты жауаптар алды. Жергілікті тұрғындар тарапынан негізінен такси жүргізушілері мен курьерлерге салық салуға, өзге аймаққа тиесілі мердігерлердің жұмысына әрі бюжеттік қызметкерлердің жалақысын өсіруге қатысты мәселелер көтерілді. Ерұлан Жамаубаев әрбір сұраққа заң аясында жауап беріп, Мемлекет басшысының тапсырмасына сай өзі басшылық ететін министрліктің құзыретінде тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Кездесу соңында азаматтарды жеке қабылдаулар ұйымдастырылды. Бұдан кейін Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен баспасөз брифингін өткізді.  

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар