Кимешек деген киелім – киеге бас иемін
Жалғыз саусақ тіпті де,
Ұстай алмас жіпті де.
Екі саусақ бірікті,
Ине қолға ілікті, – деп ақындар жырлағандай, қазақ қыздың тұла бойына сұлулық пен иба, ізгілік пен инабаттан бөлек, ісмерлікті де сіңіріп өсірген. Көк инені түрте алмаған қыз сынға ілігіп, «олақ» деген жаманатқа қалған.
Қыз балаға жеңгелері жасынан бар сырын кестеге ақтарып үйреткен. Ұлттық құндылықты бойына сіңіріп өсірген қазақ қызы қашан да ұяты мен арын бірінші орынға қойғандықтан, ер адамның алдында ашылып сөз айтпаған. Ісмерлікті әбден меңгерген уақытта жіптің түйініне құпия, иіріміне нұр құйып, шашағына сыр жасыра білгендігі сондай, бойжетен шағында сүйгеніне жауап ретінде сезімін тұндырып, жүрегінің жылылығын сіңіріп – кестелі орамал сыйлаған.
Әрбір қыз ертеңгі жар, болашақ ана, яғни, үйдің ұйытқысы ретінде іске икемді болуы басты шарт. Сондықтан, әрбір үйдің бойжеткені кесте тігіп, түйме қадап, моншақ тізіп, ою қиып өскен.
«Анаға тағзым» орталығының ұйымдастыруымен ісмер келіншектер бір-бірімен байланыс орнатып, ұмыт болып бара жатқан құндылықтарды дәріптеп, ескіге жаңа әр беру мақсатында «Үкілі кәмшат» байқауы өтті.
Сайыста 8 сұлу бақ сынасты. Байқаудың алғашқы тақырыбы «Көркіңнен сенің айналдым, еркем» деп аталды. Бұл бөлімде қатысушы өзінің байқауға арнап тіккен кимешек түрлерін таныстырды. Мұнда кимешектің тарихы, маңыздылығы, тігу процесінде қолданылған материалдар жайында толық мағлұмат берді.
Екінші кезең «Өнерлінің өрісі кең» деген айдармен өтті. Аталмыш кезеңде қатысушылар ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа байланысты көрініс көрсетіп, өз өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар, байқау ережесіне сәйкес, әр қатысушыға үй тапсырмасы ретінде 3 түрлі бас киім тігіп келу алдын ала міндеттелген. Бірі – бүлдіршін қыздарға, екіншісі – бойжеткендерге арналған, үшіншісі ұзатылған қыз киетін – сәукеле.
Бұл күні ортаға шыққан әрбір қатысушы саусағынан бал тамған тігінші, идеясы тасыған сәнқой, шебер екенін дәлелдеу мақсатында қазақтың қос етек көйлегі мен бас киімдерін заманауи үлгіде өз қиялымен тігіп, сән салтанатымен ортаға шықты. Түрлі моншақпен безендірілген бас киімдер, жарқ- жұрқ еткен тастармен көмкерілген қамзолдар мен шапандар көздің жауын алды. Өнерліге – өріс кең екендігін дәлелдеген арулар өз қолынан шыққан дүниелерін таныстыру барысында өлең оқып, ән салып, бар өнерін ортаға салды.
Бірінен-бірі озған шеберлердің арасынан оқ бойы озық екенін дәлелдеген Талас ауданының тұрғыны Гүлім Балықбаева 1-орын биігінен көрінді. 2-орын Бибісара Саруароваға, 3-орын Назым Жанбосынға бұйырды.
– Бас киімдерге сай етіп, көйлек пен шапан, қамзолдарды тігіп апардым. Әсіресе, сәукелеге ерекше мән беріп, дұрыс жеткізе алдым деп ойлаймын. Дайындалу барысында, бас киімдердің жасалу тарихымен танысып, оқып, әбден зерделеп, зерттедім. Бұрын да осы байқауға уақыттың тығыздығына байланысты үш күннің ішінде дайындалып, қатысып, орын алмаған едім. Сол сәтте жіберген қателіктерімді түсініп, осы жолы бәрін дұрыс жасауға талпындым. Нәтижесінде, бірінші орынды жеңіп а лдық, – деді Гүлім Балықбаева.
Байқауға ұсынылған бас киімдердің ішінде озық үлгілері көрме залына қойылады. Ал, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы диплом және Алғыс хаттармен қатар, бағалы сыйлықтар табысталды.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді