Әскерге шақыру ісі ширамай тұр

Әскерге шақыру ісі ширамай тұр
ашық дереккөз
Әскерге шақыру ісі ширамай тұр
Кеше облыстың қорғаныс істері жөніндегі департаментінде облыс әкімінің бірінші орынбасары, облыстық әскерге шақыру комиссиясының төрағасы Нұржан Календеровтің төрағалығымен 2022 жылдың күзгі мерзімді әскери қызметке шақыруды қорытындылау және 2023 жылы көктемгі әскерге шақыруға міндеттер қою бойынша жиын өтті. Жиынды облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы Нұрбол Зейнелов ашып, облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров сөз сөйледі. Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру барысында жергілікті әскери басқару органдары тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер шегінде шақыру жұмыстарын дұрыс ұйымдастырып, өздеріне берілген тапсырмаларды дер кезінде орындады. Әскерге шақыру науқаны нәтижелі аяқталды. Атап айтатын болсақ, бұл жұмыстар Байзақ, Сарысу, Жуалы, Талас, Меркі, Тұрар Рысқұлов, Шу аудандарының қорғаныс істері жөніндегі бөлімдерінде жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жүргізілді. Тараз қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасында және Жамбыл, Қордай аудандарының қорғаныс істері жөніндегі бөлімдерінде шақыру жоспарлары толығымен орындалғанына қарамастан, олар жұмыстарының деңгейін әлі де болса біршама көтерулері керек. Ал, Мойынқұм ауданында бұл жұмыстар нашар ұйымдастырылып отырғанын ашық айтуымыз қажет. Бекітілген жоспарға сәйкес, облыс бойынша сәуір-маусым айлары аралығында 1360 адам әскер қатарына шақырылуы тиіс. Қазіргі кездегі басты мақсатымыз – күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру барысында орын алған кемшіліктерді ескере отырып, алдағы көктемгі шақыру науқанына жақсы дайындықпен келіп, барлық күш-құралдарымызды осы жауапты кезеңді нәтижелі аяқтауға жұмсап, тиісті жұмыстар жүргізуге тиіспіз. Яғни, берілген жоспарды толығымен әрі сапалы орындауға күш салуымыз керек, – деді Нұржан Сәбитұлы. Бұдан кейін 2022 жылғы күзгі шақыру қорытындысы бойынша облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, жасақтау басқармасының бастығы Хасен Қарабаев баяндама жасады. – 2022 жылы күзгі әскер қатарына жасақтау жоспарына сәйкес, 5 қыркүйек пен 31 желтоқсан аралығында Қазақстан Қарулы күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарына шақыру және оларды жасақтау жоспарына сәйкес, облыс бойынша 1436 адам шақырылып, қазіргі таңда олар Қарулы күштер саптарында өз міндеттерін абыроймен атқарып жатыр. Облыстық әскерге шақыру комиссиясының төрағасы атап өткендей, өткен күзгі мерзімді әскерге шақыру науқаны бірқатар аудандарда жақсы ұйымдастырылғанымен, кейбір аудандар бұл жауапты науқанда жауапсыздық танытқаны жасырын емес. Енді алдымызда алдағы көктемгі әскерге шақыру науқанын ұйымшылдықпен ұйымдастырып, еліміздің Қарулы күштерінің қатарын жас сарбаздармен қамтамасыз етуді ойдағыдай орындау міндеті тұр, – деді Х.Қарабаев. 2022 жылы Шекара қызметін жас буынмен толықтыру қорытындысы туралы ҰҚК Шекара қызметінің облыс бойынша департаменті бастығының тәрбиелік-идеологиялық және кадрлық жұмыстар жөніндегі орынбасары Самат Шубаев хабарлама жасап, өткен күзде жергілікті басқару органдарымен жұмыс тиісті деңгейде ұйымдастырылғанын, нәтижесінде 592 адам іріктеуге ұсынылып, олардың 267-сі ҰҚК Шекара қызметіне шақырту алғанына тоқталды. Бұл жоспарда көрсетілгеннен 30 адамға артық. «Ал биыл жұмыс әзірге қажетті деңгейде ұйымдастырылып жатқан жоқ. Нәтижесі қазір төмен болып отыр. Әскерге шақырылатындардың жеке істерінде мәліметтер толық көрсетілмей жататын жайттар көптеп кездеседі. Әскерге шақырылатындардың мекенжайлары дұрыс көрсетілмейді. Шақырылатын жастардың жартысынан астамы әртүрлі себептермен әскери қызметтен ашық түрде бас тартатын жағдайлар кездесіп жатады. Шақырылуға жататын азаматтардың қажетті санын ұсынбай жатқандар қатарында Мойынқұм, Жамбыл, Сарысу, Талас аудандары бар екенін айта кеткен жөн. Бүгінгі таңда 271 адам осы көктемде шақырылуы керек болса, қазір тек 192 адам ғана шақырылып отыр. Олардың арасында біразы іріктеуден өтпейтінін ескерсек, осы жұмысты белсендірек атқаруға шақырамын», – деді Самат Серікұлы. Жиында сондай-ақ шақыру мерзімінде әскери командалардың уақтысында жіберілмеген себептерін хабарлау, орын алған мәселелерді шешу жолдары бойынша Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары, аудандық шақырту комиссиясының төрағасы Жақсыбек Исақов, медициналық куәландыру бойынша облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті медициналық қызметінің бастығы Сергей Золотарев хабарлама жасады. Өткен жылғы күзгі мерзімді әскери қызметке шақыруды қорытындылау және 2023 жылы көктемгі әскерге шақыруға міндеттер қою, сонымен қатар жастардың Отанды қорғауға деген әскери-патриоттық сезімін ояту, оларды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу, рухани-ізгілік және патриоттық құндылықтарға баулуға арналған жиынды қорытындылаған облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы Нұрбол Зейнелов жауапты мамандарды алдағы маңызды науқанды ұйымшылдықпен әрі сапалы ұйымдастырып өткізуге шақырды.  

 Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар