Бір қозғалған жер, қайта сілкінеді

Бір қозғалған жер, қайта сілкінеді
ашық дереккөз
Бір қозғалған жер, қайта сілкінеді
Түркия мен Сириядағы жойқын жер сілкінісі қасірет көріп, қайғы жұтып жатқан екі мемлекетті ғана емес, дүниенің төрт бұрышын теңселтіп жіберді. Құдай жұмыр басты пенденің басына бермесін, облыс тұрғындары да айтып келмейтін апаттан жандары күйзеліп, қасірет шеккен елдердің қайғысын бөлісуде. Қазақстандағы сейсмикалық картаға түскен өңірлердің ішінде біздің облыс та бар. Жамбылдықтар жер сілкінісі қасіретін жақсы біледі. Арыға бармай-ақ, 1971 жылы облыс орталығында сегіз балдық «Жамбыл жер сілкінісі» болып тіркелген жойқын апат алдыңғы толқынның естерінен шыққан жоқ. Ол кезде жер сілкінісінен негізінен ғимараттар мен жекеменшік үйлер қирап, олар сейсмикалық талаптарға сай салынбағаны анықталған. 2003 жылғы Т.Рысқұлов ауданындағы жер сілкінісінің де зардабы ұмытылмайды. Елдің жұдырықтай жұмылуының нәтижесінде табиғат апатынан зардап шеккен аудан орталығы тез арада қалпына келтірілді. Табиғи жер сілкінісі болатын халқы тығыз орналасқан еліміздегі бірнеше өңірдің ішінде Жамбыл облысының болуы ешкімді де бейжай қалдырмас. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, сегіз балға дейін жететін сейсмикалық аймақ облыс аумағының 21,6 пайызын қамтиды. Бұл 29,9 мың шаршы метр өңірді алып жатса, онда облыс халқының 70 пайызы тұрады. Өнеркәсіптік әлеуеттің 85 пайызы және негізгі көлік магистральдары осында шоғырланған. Облыс аумағында 7-8 балдық жойқын жер сілкінісі аймағына Тараз қаласы мен Жуалы, Жамбыл, Байзақ, Т.Рысқұлов, Меркі, Шу, және Талас аудандары енеді. Жылына 2-3 балдан 2-5 рет қозғалған жер жойқын сілкініс тудырса, сілкіністің қарқындылығы 8 балл болған жағдайда облыста халық тұратын аймақтың 55 пайызға жуығы қатты және толық қирауға ұрынуы мүмкін. 450 мыңнан астам адам баспанасыз қалуы, 300 мыңдай адамның қазаға ұшырап, үлкен қасіретке ұласуы мүмкін екенін де төтеншеліктер жоққа шығармайды. Автокөлік жолдары едәуір зақымданып, облыс орталығының солтүстік, батыс және оңтүстік бөлігіндегі жол өткелдері және Талас, Аса өзендері бойына орнатылған көпірлер бүлінеді. Жер сілкінісінің әсерінен облыстағы өндірісте қолданылатын, күшті әсер ететін улы заттарды пайдаланылатын Тараздағы «Империя» немесе «TaIasinvestcompany» ЖШС және Меркі ауданындағы «Меркі ірімшік зауыты» ЖШС нысандарында жер сілкінісі апаты салдарынан уланатын аумақ 3 мың 847 шаршы километрді құрайтын көрінеді. Сонымен қатар облыс аумағында жер сілкінісі салдарынан қауіп төндіретін Жуалы ауданындағы жобалық көлемі 158 миллион текше метр болатын «Теріс-Ащыбұлақ» және Шу ауданындағы сыйымдылығы 620 миллион текше метр «Тасөткел» су қоймасы орналасқан. Бұдан бөлек, облыс аумағына үлкен қатер төндіруі ықтимал қырғыз елінде орналасқан сыйымдылығы 550 миллион текше метр «Киров» су қоймасы бар. Осы су қоймаларының бөгеті бұзылған жағдайда катастрофалық су басу орын алып, ол үш аймақтағы 72 елді мекенді қамтуы ықтимал. – Мемлекет басшысының сейсмикалық қауіптілік және Қазақстандағы жер сілкіністерін болжау мәселелері бойынша қойған міндеттерін іске асыру шеңберінде жойқын жер сілкіністерін қорғау жөніндегі жұмысты жалғастыру қажеттілігі туралы ұсыныстар енгізіліп, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның кезекті отырысында қаралды. Сейсмикалық қауіпті аймақта жарылыс, өрт қаупі бар нысандарға жататын 18 мұнай базасы, 256 жанармай құю стансасы, 6 газ шаруашылығы нысаны, 3 спирт зауыты, 3 элеватор, 5 күшті әсерлі улы заттар пайдаланатын нысан, 3 мұнай-газ өңдеу зауыты, 10 энергетикалық өнеркәсіп және 82 жеңіл және тамақ өнеркәсіп нысаны орналасқан. Электр энергиясын берудің тоқтауына байланысты технологиялық қалыпты жағдайдың бұзылуы әсерінен «Қазфосфат» ЖШС «Минералды тыңайтқыштар зауыты», «Жаңа Жамбыл фосфор зауыты», қалалық, аудандық электр стансалары, «Таразэнергоорталық» АҚ-ның цехтарында жарылыстар орын алып, алапат өртке ұласуы мүмкін. Осылайша, 7-8 балл қарқындылығы бар жер сілкінісінің салдары облыста орасан зор экономикалық және материалдық залалмен әлеуметтік және эпидемиологиялық аса ауыр жағдай қалыптастырып, түрлі ғимараттар мен құрылыстардың толық немесе әжептәуір қирауына соқтырып, облыстың тіршілігін қамтамасыз ететін қызметтер тоқтайды. Талай адам зардап шегеді. Жойқын жер сілкіністерінен болатын зиянды алдын алу және а  азайту мақсатында «Қазақстан Республикасының сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жұмыстың тиімділігін арттыру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған шаралар кешені» Жол картасы бекітіліп, іске асырылуда. Жол картасына сәйкес Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінде әлеуметтік нысандардың тізімін анықтау үшін жұмысшы тобы құрылған. Осы жұмысшы топ тарапынан әлеуметтік нысандардың, ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігі және орнықтылығы сырттай техникалық зерттеліп, қаралған. Бүгінде 60 нысанның 36-сынан сейсмоқорытынды алынған. Ал қалғандарында жұмыс одан ары жүргізілуде. Біздің департамент қызметкерлері жер сілкінісіне дейін және болған кездегі іс-қимылдар туралы, жер сілкінісіне дайындықтың отбасылық жоспары жайлы облыс тұрғындарына әркез түсіндіріп, жадынамалар, түрлі құлақтандырулар таратады. Апат айтып келмейтіндіктен, табиғи сипаттағы жер сілкінісіне әркез дайын болып, сақтық шаралары бір сәт те тоқтамайды, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Ермек Момбаев. Жойқын жер сілкінісі болған жағдайда оның зардабын жою үшін биыл облыстық және аудандық бюджеттен шұғыл шығындарға арналған резерв – 499 миллион 125 мың теңге, төтенше жағдайға арналған резерв 935 миллион 363 мың теңгені құрайды. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою бойынша облыстың әрекет ету жоспары жаңартылып, облыс әкімі – облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия төрағасы мен бекітілген. Осы жоспар бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатса керек. Барлық елді мекендерде орын алуы мүмкін жер сілкінісі кезінде қауіпсіз жерлер – көшелер, ғимараттардан қашық орналасқан алаңдар. Қазақстан Республикасының «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңына сәйкес, облыс аумағында сейсмикалық төзімді құрылыс нормаларының сақталуын бақылауды облыс әкімдігінің сәулет-құрылыс бақылау, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармалары жүзеге асырады. Сегіз сейсмикалық қауіпті аудан мен Тараз қаласындағы жобалау және салу жағдайына талдау тұрақты түрде жүргізілетін көрінеді. Жобалау құжаттамасына мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы болмаған кезде нысанды салуға жол берілмейді. Құрылыс материалдарының бұйымдар мен жабдықтаулардың кіріс сапасын операциялық бақылау, барлық технологиялық операциялардың талаптары мен режимін орындау қамтамасыз етіледі екен. Облыстағы жер сілкіністерін «Сейсмологиялық тәжірибе- әдістемелік экспедициясы» ЖШС-нің Тараз қаласындағы «Жамбыл» сейсмикалық стансасы және «Меркі» санаторийінен оңтүстікке қарай 1,5 километр жердегі «Меркі» гидрогеохимиялық байқау пунктімен бақыланып, болжанып отырады. Алынған мәліметтер алдын ала өңдеуден кейін күнара Алматыда орналасқан «Сейсмикалық тәжірибе-әдістемелік экспедициясы» ЖШС Орталық сейсмологиялық стансасына талдауға жіберіледі. Облыста жер сілкінісі кезінде шұғыл әрекет ету мақсатында 161 адамнан жасақталған жеке құрам, 30 бірлік техника, 10 қайық, 30 мотопомпа және 4 аспалы мотор төтенше жағдайлар үшін тартылатын күштер мен құралдар топтамасы құрылған. Бір қозғалған жердің қайта сілкінетінін «дүмпу» жиі болатын Жапония сияқты мемлекеттердің халқы жақсы біледі. Сондықтан да ондай елдерде тұрғын үйлер мен түрлі нысандар жер сілкінісіне бейімделіп салынады. Бізде ше? Қайбір жылы Қарағанды қаласында ел аман, жұрт тынышта жаңадан салынған тұтастай бір көпқабатты тұрғын үй опырылып түсті. Құдай сақтап, адам аман. Алматы қаласында жаңа көпқабатты тұрғын үйдің қисайып тұрған суреті телеарналарда көрсетіліп, әлеуметтік желіні шарлап кетті. Құрылыстың жайын осыдан-ақ аңғаруға болады. Тараз қаласында жаңадан салынып жатқан тұрғын үй, басқа да түрлі нысандардың құрылысына жауапты басқарма басшылары, қала әкімдігі мен тиісті мекемелер сапасына қатаң бақылау қою керек. Жер сілкінісі қаупі бар аудандарда әкімдіктер, тиісті мекеме басшыларының да сапа мәселесі естен шықпаса дейміз. Облыс орталығындағы тәуелсіздік жылдары салынған көпқабатты тұрғын үйлердің сейсмикалық төзімділігін арнайы комиссия құрып, кешенді түрде зерттеп, тексеріп шықса да артық болмас еді. Өйткені баспанаға қолы жеткен жұрттың қуанышы ұзаққа бармай, «Үй қабырғасында жарық пайда болды, пәтерлеріміздің сылағы түсіп жатыр» деп дабыл қағатын тараздықтар қатары көбейе түсуде. Түркияның Хатай қаласындағы тұрғын үй кешенінің сәулетшісін е елден қашып бара жатқанда әуежайда қолына кісен салынғаны құрылысқа жауапты басшыларды ойландырса дейсің, осындайда...  

Амангелді ӘБІЛ

Ұқсас жаңалықтар