Басты міндет - тұрмысты тіктеу

Басты міндет - тұрмысты тіктеу
ашық дереккөз
Басты міндет - тұрмысты тіктеу
Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің төрағалығымен өткен Талас ауданы активінде ауданның 2025 жылға дейінгі даму жоспарының орындалу барысы қаралды. Басқосуда Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков өткен жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың жоспарымен бөлісті. Аудан әкімінің айтуынша, өткен жылы өнеркәсіп өндірісінде 35 миллиард 632 миллион теңгенің, ауыл шаруашылығы саласында 22 миллиард 442 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Ауыл шаруашылығы саласында 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 15 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпкерлік саласында барлығы 23 жоба жүзеге асқан десек, биыл аталған салада 17 жоба жоспарланған. Бұдан бөлек, ауданда бюджеттік жобалар бойынша 43 жоба жоспарланып, нәтижесінде 85 адам жұмыспен қамтылды. Ағымдағы жылы 46 жобаны іске асыру көзделуде. Атап айтқанда, аудандағы екі мектепті күрделі жөндеу, 2 көпқабатты тұрғын үйді жаңғырту, 3 тұрғын үйдің инженерлік-инфрақұрылымын қайта жаңғырту, ауылдарға газ құбыры желілерінің құрылысын салу жұмыстары жүргізілмек. Облыс әкімінің орынбасары ағымдағы жылы атқарылатын жұмыстардың негізгі бағыттарына тоқталып, ауданға инвесторлар тарту, ауылдық округ әкімдерінің жұмысын ширату керектігін тілге тиек етті. Әр елді мекен тұрғынының тұрмысын зерделеу – ауыл әкімінің басты міндеті екендігін атап өтті. – Мемлекеттің мүмкіндіктерін пайдаланып, одан әрі ауылдағы шаруалардың жұмысын бағамдап, инвесторлардың есебінен де жұмыс орнын ашу керек. Мысалы, Сарысу ауданында жұмысын бастаған «Қазақсода» компаниясына бүгінгі күні инфрақұрылымның барлығы жүргізілді. Енді су Ақкөл көлінен тартылады. Бұл үлкен жұмыс, үлкен құрылыс. Оған кемі 1200 адам тартылады. Сондықтан осы құрылыс жұмысына қатысатын азаматтар тұратын қалашықты Ақкөл ауылына орналастыру жоспарланды. Облыс әкімінің басты қойып отырған талабы – ауыл тұрғындарының әл-ауқаты артып, тұрмысының жақсаруы. Өкінішке қарай, Қаратау қаласында көкөніс сақтайтын қойма жоқ. Осыны назарға алу керек, – деді облыс әкімінің орынбасары. Сондай-ақ жиын барысында Қанатбек Мәдібек әрбір ауылдық округтің әкімін орнынан тұрғызып, атқарылып жатқан жұмыстарының жөн-жобасын сұрады. Ауыл тұрғындары мемлекеттік бағдарламалардың барлығымен таныс болуы керектігін ескертті. Жиын қорытындысы бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктелді. Бұдан соң облыс әкімінің орынбасары «Дарын» өнер мектебінде аудан шаруалары және кәсіпкерлермен кездесті. Сарысу ауданында өткен басқосуда облыс әкімінің орынбасары облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасымен бекітілген бағдарлама аясында инвесторлар тартудағы, ауылшаруашылық, кәсіпкерлік бағытындағы кедергілердің алдын алып, мемлекет тарапынан көмек болатындығын тілге тиек етті. Ал аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев аудан көлемінде атқарылып жатқан шаруаларға тоқталды. Әр сала бойынша жауапты аудан әкімінің орынбасарлары есеп берді. Ауданда ауыл шаруашылығы саласы бойынша 2022-2025 жылдарға атқарылуы тиіс 50 жоба 33 миллиард теңгеге жоспарланған. Өткен жылдың қорытындысымен жоспарланған 11 жоба 217 миллион теңгеге толық орындалып, 20 жұмыс орны құрылыпты. – Қазір облыс әкімінің тапсырмасымен Талас, Сарысу, Мойынқұм аудандарында ауыл шаруашылығы инвестициясына көп көңіл бөлінетін болады. Бұл – мемлекеттік қолдау. Тіпті алдағы уақытта жобаларды шағын ауылдарда да бастау керек. Ол үшін ауылдық округ әкімдері әр үйдің ауласын зерттеп, зерделеп, қандай шаруамен айналысуға мүмкіндігі бар екенін білгені жөн. Оның үстіне, Сарысу, Талас аудандарына келе жатқан инвесторлардың әлеуетін дұрыс пайдаланған жөн. Сарысу ауданында кезінде «Шұбат» жобасы басталған еді. Осы жобаны жалғастыру керек. Контейнерге жинап, арнайы цехта өңдесе оның өтімділігі жоғары болатынын білесіздер. Бұл жоба – облыста теңдесі жоқ жобаның бірі болады. Қазір Үкіметтің қолдауымен жастарға 5 миллион теңгеге дейін үстемесі 2,5 пайызбен 5 жылға дейін несие беріліп жатыр. Ауылдық округ әкімдері осыны да ауыл жастарына жеткізіңіздер, – деді Қанатбек Мәдібек.  

Ерман ӘБДИЕВ Талас, Сарысу аудандары

Ұқсас жаңалықтар