Аналар кеңесінің төрайымы – «Анаға тағзымда»

Аналар кеңесінің төрайымы – «Анаға тағзымда»
ашық дереккөз
Аналар кеңесінің төрайымы – «Анаға тағзымда»
ҚХА жанындағы республикалық Аналар кеңесінің төрайымы, Президент жанындағы әйелдері ісі және отбасы- демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Нәзипа Шанаи арнайы сапармен «Анаға тағзым» орталығында болды. «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасының өңірлерде жүзеге асырылуын саралап жүрген ол, орталықтың жұмысымен танысты. Аталған бағытта бұл орталықта ауыз толтырып айтарлықтай іс атқарылған. Кеңес төрайымы «Мирас» ата-дәстүр экспозициялық залында ұлттық қолөнер бұйымдарынан ұйымдастырылған көрмені тамашалап, қазақы нақыштағы қуыршақтар жасау бойынша қолөнершілер Р.Иманали мен Г.Абдуллаеваның «Бойтұмар» қолөнер және дизайн студиясының қатысушыларына өткізген шеберлік сағатына қатысты. Сондай-ақ «Береке» аспаздық студиясында бастау алған «Ана көрген» бейнежобасының тұсаукесеріне куә болды. Одан соң, «Шолпы» сұлулық студиясында «Тырнақ әрлеу шебері» мен «Бет әрлеу» курсының қатысушыларымен сұхбаттасқан төрайым әйел-аналардың ұсыныстарын тыңдады. Курс қатысушысы Г.Егембердиева осы орталықта оқып, өзін жан-жақты дамытып жатқанын естіген алыс ауылдардағы құрбыларының аудандарда да орталық филиалдарының ашылғанын қалайтындықтарын айтты. Сондай-ақ Нәзипа Шанаи басқа да үйірме жұмыстарының бағыт-бағдарымен танысып, үйірме жетекшілері мен қатысушыларының ұсыныс-пікірлеріне құлақ асты. «Жан дауа» психология кабинеті мен «Сырғалым» сырласу клубының да жұмысымен танысты. Нәзипа Шанаи «Алқа» мәжіліс залында бақытты отбасының тұтқасы болған әйел-аналармен кездесу өткізді. Орталық өнерпаздарының дайындаған өнерлерін тамашалап, рухани олқылықтардың орнын толтыратын нақ осындай орталықтардың керек екенін тілге тиек етті. – «Анаға тағзым» орталығының ашылу сәтіне куә болған кездегі жоспарланған мақсат-міндеттерді артығымен орындап жатқандарыңызды көріп, қуанып тұрмын. Жүрген жерімде сіздердің жұмыстарыңызды айта жүретін боламын, – деген Нәзипа Ыдырысқызы орталық жұмысына сәттілік тіледі.

«Aq jol»-Aqparat».

Ұқсас жаңалықтар