Саусақ ұшындағы жарық
Ерекше жандарды біліммен қамтып, түрлі қабілетін таныту мақсатында еңбек етіп жатқан облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасына жол тарттық. Қабырғада самсап тұрған кітаптан көз сүрінеді. Ақ қар, көк мұзда мұнда қатынау оқырмандарға да қиын соғары анық. Бірақ бұл кітапханада ерекше оқырмандар ғана емес, ерекше қызметкер де еңбек етеді. Ербол Бегимов – қос жанары су қараңғы болса да, кітапханада Брайль жүйесімен яғни мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жазу жүйесімен балаларды үйретеді. – Үкімет І топ мүгедектеріне арналған аудио магнитафон берді. Сосын осы кітапханаға келіп, аудио-кітап сұрадым. Сөйтіп, жиі келіп аудио-кітап алып тұрдым. Мұндағы қызметкерлер бір күні Брайль жазуын үйренуге ұсыныс жасады. Үйреніп алған соң, үйге тапсырма беріп жүрді. Кейін жұмысқа алды. Бүгінде менен әріп үйренген оқушыларым жетістікке жетіп, еңбекке араласса, содан асқан қуаныш жоқ мен үшін. Қазір тифлология бөлімінде зағип жандарға арналған арнайы принтермен кітап шығарамын. Мұнда жұмыс жасағаныма 15 жылдың жүзі болды. Осы жылдар арасында өзім редакциялап, теріп, Брайль жүйесі арқылы 2500 кітап шығардым. Енді міне, компьютер де, принтер де ескіріп қалды, – дейді ол.
Бүгінде ел ағасы жасына жеткен, дүниеге сау боп келген азамат, көздері күннен күнге көруі нашарлап, есейе келе көрмей қалған. Бірақ ол еш мойымады. Қайта алдына мақсат қойып, еңбек етуден шаршаған емес. Бүгінде сүйген жарынан екі қыз көріп отыр. «Қыздарымды қатардан қалдырмай, білімді етіп өсіруге тырыстым. Бүгінде үмітімді ақтап, шетелде магистратураны оқып жатыр, шүкір, – дейді ол.
Кітапхана ерекше оқырмандарын өз қамқорлығына алған. Ерекше жандардың көңілін аулау мақсатында ұялы телефон арқылы группа ашып, түрлі ертегі, әңгімелер оқып, аудио хабарламалар жіберіп отырады. Одан бөлек, қызметкерлер оқырмандарының үйіне кітап апарып беруді де өз міндеттеріне алған.
Бүгінде кітапхана «Даналық әліппесі», «Тiflo-Асхана», «Тифло-музей», «Қауіпсіздікті сақтайық!», «Үй тапсырмасы», «IZITRAVEL» «Балалардан – балаларға», «Тифло-тігін», «Шексіз кино әлемі» сынды түрлі жобалар бойынша жұмыс жасап отыр. Сондай-ақ «Брайлист» яғни Брайль жүйесі (бедерлі нүктелі қаріп) бойынша оқу мен жазуға үйретеді. «Мен және менің достарым бірге оқиық» тақырыбында әдебиет әлеміне саяхат жасаса, «Зағип және компьютер» үйірмесі арқылы мамандар арнайы компьютерлік курс сабақтарын жүргізіп отырады.
Ал кітапхананың кітап қорын толықтыру және өңдеу бөлімінің меңгерушісі Гүлнәр Сейітбаеваның қолынан шыққан ерекше кітаптар көздің жауын алады. Мұнда арғымағын ерттеп мініп, қоңыраулы найзасын қолға алып, жауға шауып бара жатқан батыр, ата-әжесінен қашқан бауырсақ, қызыл телпекті қыз бен Ер Төстік бәрі бар. Барлық ертегі кейіпкерлердің бейнесі бедерленген. Бір ерекшелігі – мұның барлығын қатты кордонды түрлі түсті матамен көмкеріп, кітап жасап, оған ертегі желісімен арнайы материалдарды қиып, жапсырып, зағип жандар қолымен ұстап, қандай ертегі екенін сезіне алатындай мүмкіндік жасалған.
Кітап сөресі самсап тұр. Қызметкерлер ерекше оқырмандары үшін жанын аямай еңбек етуде. Алайда бұл кітапханада шешімін табуды қажет ететін мәселелер де бар екен.
Мұнда арнайы көз мүгедектеріне арналған дыбыстық кітаптар шығаратын дыбыс жазу студиясы қарастырылмаған. Арнайы кітапхананың өзіне тиесілі ғимараты да жоқ. Облыстық соқырлар қоғамының ғимаратын жалға алып, пайдалануға мәжбүр. Нақты айтқанда, кітапхана 5 қабатты тұрғын үйдің жартылай жертөлесінде орналасқан. Бұл бүгінгі заманауи стандартқа сай емес. Жылдан-жылға кітапхананың кітап қорының артуына байланысты бөлмелері де жеткіліксіз.
– Бедерлі нүктелер кітабын зағип жандар саусақ ұшымен оқитын болғандықтан, ғимараттың ылғалды ауасы оның нүктелерінің тиісті сақталуына кедергі жасайды. Күннен күнге әріптер саусақпен дұрыс оқылмайтын хәлге жетуде. Нақты айтқанда, бедерлі нүктелі кітаптар шығаратын арнайы құрылғы, тифло кітап әзірлейтін станоктар жаңартылса, нұр үстіне нұр болар еді. 2021 жылдан бастап аудио-студия ашу мәселесі алға қойылды. Бірақ қаражатқа байланысты бұл мәселе шешімін таппай отыр. Кітапхана стандартты баспа форматында кітап оқуда қиналатын зағип, көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға дыбыстық форматтағы кітаптарды ұсынуда қиындықтарға тап болдық. Ағымдағы жылы «Балалардан – балаларға» жобасы іске қосылды. Бұл жобаның негізгі мақсаты – көру қабілеті бұзылған және нашар көретін оқушыларды кітап оқуға бейімдеу, поэзияға қызығушылығын арттыру, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, оқырмандарды кітапханаға тарту мен кітап оқуға қызығушылығын ояту болып табылады. Қорыта айтқанда, ақын-жазушылардың туындылары дыбыстандырылып зағип балаларға табысталады. Нәтижесінде 4 дана аудиокітап шығарылды. Дегенмен дыбыс жазу студиясы өз мекемемізде болмағандықтан, өзге дыбыс жазу студияларының көмегіне жүгінуге тура келді. Осындай мәселелерге қарамастан кітапхана ісі қарқынды даму үстінде – дейді кітапхана директоры Жанна Алшынбаева.
Ерекше жандардың көз жанары көрмесе де, жан сарайының сәулелі болуы үшін – ескірген, көнеріп, тозығы жеткен дүниелер өткен жылдың еншісінде қалса, саусағының ұшымен жүректегі жазуды оқитын жандар үшін барлық мәселе жаңа һәм жарық болса дейсің...
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫм
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді