«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Анаға – тағзым, аруға – құрмет, әйелге – алғыс

Анаға – тағзым, аруға – құрмет, әйелге – алғыс
Автор
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев дәстүр бойынша аяулы аналар мен қызкеліншектерді көктем мерекесімен құттықтады. «Баласағұн» орталық концерт залында өткен салтанатты іс-шараға ақ жаулықты әжелер мен көпбалалы аналар, түрлі сала өкілдері, аймақ дамуына үлес қосқан кәсіпкерлер және спортшы арулар қатысты. Аймақ басшысы Әулиеата өңірінде әйелдердің білім, кәсіпкерлік салаларындағы бастамашылдығына айрықша тоқталып, облыста көпбалалы аналарға жанжақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.

– Мемлекет басшысының: «Бүгінде әйелдер қауымының отбасындағы, қоғам өміріндегі рөлі орасан зор. Мемлекет гендерлік теңдікті сақтауға, әйелдер құқығын қорғауға және отбасы құндылықтарын нығайтуға әрдайым баса мән береді», – деп айтуы сіздерге деген сенім мен үміттің қаншалықты маңызды екенінің айқын дәлелі. Әйелдер қауымы қызметпен отбасы жауапкершілігін қатар алып жүріп, ақ бесікті тербетіп, шаңырақтың шырағына, отбасының берекесіне айналып отыр. Өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісінде аналардың рөлі ерекше. Ұлттың болашағы – тәрбиелі ұрпақ десек, сол ұрпақты қалыптастыратын да – сіздерсіздер. Қай салада қызмет атқарсаңыздар да, жауапкершілік пен кәсібиліктің, табандылық пен мәдениеттің жарқын үлгісін көрсетіп келесіздер. Сіздердің адал еңбектеріңіз бен парасатты істеріңіз ел дамуының маңызды тірегіне айналып отыр. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басып, әлеуметтік-экономикалық өрлеудің биік белестерін бағындырды. Сол жетістіктердің әрқайсысында әйел азаматтардың қажырлы еңбегі, ақыл-парасаты мен табандылығы жатыр. Өңірімізде білім мен ғылымда, денсаулық сақтау мен мәдениетте, кәсіпкерлік пен мемлекеттік қызметте, өндіріс пен ауыл шаруашылығында табысты еңбек етіп жүрген арулар аз емес. Кәсібилік пен жауапкершілікке негізделген еңбектеріңіз өңірдің тұрақты дамуына серпін беріп, қоғамның өркендеуіне жол ашып келеді. Аналарға тағзым, аруларға құрмет, әйелдерге деген шынайы алғыс – халқымыздың терең т амырлы асыл дәстүрлерінің бірі. Әйел затының мейірімі мен парасаты, төзімі мен даналығы – ұлттың рухани байлығы мен берекесінің қайнар көзі, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Мұнан соң, Жамбыл жерінде отбасы құндылықтарын насихаттап, отбасылық- демографиялық саясатты іске асыруға зор үлес қосқан, шағын және орта бизнесте жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар аналар мен аруларға «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табыс етілді. Бұдан бөлек өз саласында жетістікке жеткен асыл жандар облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хатымен марапатталды.

Айта кетейік, дәл қазір облыста 48 мыңнан астам көпбалалы ана бар. Олардың 20 мыңға жуығы – «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегері. Биыл 1 411 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып үлгерген. Қуанарлығы, аймақта жыл өткен сайын барлық салада нәзікжандылардың үлесі артып келеді. Мәселен, бұл күнде білім саласы қызметкерлерінің 75, денсаулық сақтау саласының 85 пайызын және үкіметтік емес ұйымдарда жұмыс істейтіндердің үштен екісін әйелдер қауымы құрайды.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар