Құрметті атақ кімдерге беріледі?

Құрметті атақ кімдерге беріледі?
ашық дереккөз
Құрметті атақ кімдерге беріледі?
Жалпы, адал және еңбекқор адам ешқандай атақ алмаса да құрметті. Дегенмен біраз жылдан бері беріліп келе жатқан облыстың, қаланың, ауданның Құрметті азаматы атақтарына негізі кімдер лайық? Меніңше, аудан, ауылдарды көркейту жұмыстарына арнаған кісілер осы атаққа лайықты. Бірақ еңбегі сіңген кісілер көп жағдайда мұндай атақты ала алмай жүр. «Меркі ауданының Құрметті азаматы» атағын да кеңшарлар мен ұжымшарларда еңбек еткен кісілер ала алмай келеді. Соның бірі – менмін. Оның себебін айтып өтейін. Мен 1967 жылы үйленіп, зайыбым Дүйсекүл Алпысқызы екеуміз «Жамбыл» ұжымшарында еңбек еттік. Екеуміз 13 перзент сүйіп, он баланы аман-есен өсіріп, жеткіздік. 1988 жылы Дүйсекүл Бертаеваға «Батыр ана» ордені берілді. 2003 жылы Қазақстан Президентінің Жарлығымен «Алтын алқа» медалімен марапатталды. Асыл жарым Дүйсекүл 2016 жылы 68 жасында ұзақ ауырып жатып, өмірден өтті. Ұл-қыздарымыздан 38 немере мен шөбере сүйді. Қазір мен перзенттерімнен 41 немере- шөбере сүйіп отырған бақытты атамын. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, бұрынғы аудан әкімі Руслан Нұрсипатовтың шешімімен 2021 жылы желтоқсан айында «Меркі ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталдым. Президенттің 2021 жылғы 2 желтоқсандағы Жарлығы бойынша «Қазақстанның Тәуелсіздігіне – 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталғанымды да мақтан етемін. Бүкіл ауыл, аудан тұрғындары менің сіңірген еңбегімді бағалап, «Меркі ауданының Құрметті азаматы» атағына лайықты деп есептейді. Жамбыл ауылдық округі әкімінің орынбасары аталған атақты саралайтын комиссияға барлық құжатымды жыл сайын ұсынады. Бірақ нәтиже жоқ. Әйтпесе жалғыз мен емес, мұндай лайықты марапатын ала алмай жүрген еңбегі сіңген адамдары Меркіде жетерлік. Бәрі де лайықты бағаланбай келеді. Алдағы уақытта ауданның қазіргі әкімі Жорабек Баубеков дұрыс шешім қабылдайтын шығар деген ойдамын.  

 Әшен ҚЫРҒАБАҚОВ,

еңбек ардагері.

Меркі ауданы.

Ұқсас жаңалықтар