«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылуда

Жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылуда
ашық дереккөз
Жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылуда
Мемлекет басшысы өзінің Жолдауларында көлік- логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыруды назардан тыс қалдырмай келеді. Президент ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін автожолдардың жергілікті желісін жөндеу мен қайта салу бағытындағы жұмыстарды ұйымдастыруға, қаржы бөлуге өңірлердегі барлық әкімдіктердің белсенді қатысуын талап еткен болатын. Мұндай жұмыс Жуалы ауданында өңірлік «AMANAT» партиясының араласуымен оң шешімін тауып келеді. Жол – күретамыр. Аудандағы жолдың жалпы ұзындығы 561,2 километр. Биыл жолдарды ағымды және күрделі жөндеуден өткізу үшін барлық бюджет көздерінен 1024583 мың теңге бөлінген. Сонымен қатар 2025 жылға дейін аудандық мәндегі жолдардың қанағаттанарлық жағдайы 100 пайызға жеткізіледі. Автомобиль жолдары бойынша айтатын болсақ, биыл ауданда 18 жоба іске асырылуда. Осы жобалар аясында 45,987 шақырым автомобиль жолы орта жөндеуден өткізілуде. Оның ішінде аудандық мәндегі 26,49 километрді құрайтын үш жол бар. Атап айтсақ, біріншісі, Шыңбұлақ ауылына кіреберістегі 7,6 километр автомобиль жолы. Бүгінгі таңда онда құрылыс жұмыстары аяқталған. Екіншісі, «Күйік- Теріс-Ащыбұлақ» арасындағы 10,63 километр жол, үшіншісі, «Б.Момышұлы-Береке -Жұрымбай» автожолы. Оның ұзындығы 8,26 километр. Осы қос жолда орта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл қорытындысы бойынша аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық үлесі 97,7 пайызды құрайды. Аудан әкімі Жалғас Мұртазаның айтуынша, ауданда жол құрылыс жұмыстары аяқталып келеді. – Мемлекет басшысы өз Жолдауында 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде Үкіметке тапсырма бергені белгілі. Бұл жұмыстар ауданда тиісті деңгейде атқарылуда. Дегенмен тұрғындар тарапынан жолға қатысты көп сын айтылады. Біз ол қолайсыздықты жою мақсатында жаңа жобаларды қабылдап, жаңаша бағытта жұмыс істеуді қолға алдық. Атап айтар болсақ, өткен жылдары 40 ауылішілік көше жолы жөнделген болатын. Биыл ауылішілік жолдар бойынша 15 жоба қолға алынып, 19,3 шақырымды құрайтын 22 көшенің автомобиль жолдары орта жөндеуден өткізілді. Жыл қорытындысымен ауылішілік автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық үлесі 75 пайызды құрайтын болады, – дейді аудан әкімі. – Аудандағы жолға қатысты біраз мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Бүгінде жолға асфальт жабынын төсеу жұмыстары аяқталуға жақын. Құрылысты жеделдетуді және бақылау жұмыстарын аудандағы жол саласы мамандарына жүктедік. Алдағы жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Күреңбел ауылындағы Бейбітшілік және Қарабастау көшесін, Қарасаз ауылдық округіндегі Ақбастау елді мекенінде Төле би, Қойгелді көшелері мен Береке тұйығын орташа жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, Ақсай ауылдық округіне қарасты Қайрат ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы саябақты абаттандыруға 10 миллион теңге және Беделбаев көшесін орташа жөндеуден өткізуге 5 миллион теңге қаралуда. Ақтөбе ауылдық округінде Жаңаталап ауылы, Өсерхан көшесін орташа жөндеу жұмыстарына қосымша 17 миллион теңге, Көкбастау ауылдық округінде Көктөбе ауылындағы Жамбыл көшесін тұйығымен қоса орта жөндеу жұмыстарына қосымша 15 миллион бөлінбек. Бұдан басқа Қызыларық ауылдық округінде Алатау ауылындағы Шет көшесін тұйығымен қоса орта жөндеу, Мыңбұлақ ауылдық округінің Көлбастау ауылындағы Майлин, Байтоқов және Рысбеков көшелері, ал Талапты ауылындағы Сыпатай батыр көшесі орта жөндеуге еніп отыр, – дейді аудан әкімдігі экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Қалима Мықтыбекова. Ал Жетітөбе ауылдық округінің тұрғыны Рахымжан Сатаев бүгінгі таңда атқарылып жатқан жұмыстарға дән риза. – Біз жол мәселесін талай жылдан бері көтеріп келіп едік. Әсіресе әкімдерге ауылды ауылдармен, аудан орталығымен жалғайтын, одан қала берді ауыл ортасындағы қозғалыс көп болатын көшенің жолы мен жарық, ауыз су, жаяу жүргіншілер жолының проблемасын жеткізген едік. Тұрғындар жиі жүретін орталық көшелерде қазір тас төселіп, жақын арада шешілетіні қуантып отыр. Оған қоса, үлкен жолдың бойынан жаяу жүргіншілерге арналған жол да жасалуда. Бұл әрине, округ орталығының көркі артатыны анық, – дейді ол. Бір атап өтерлігі, Жуалы ауданында ішкі көшелерді жөндеу жұмыстарынан бөлек, жарықтандыру бойынша да тиісті жұмыстар жүргізілуде.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ

   

Ұқсас жаңалықтар