87 адам ел азаматтығын алды

87 адам ел азаматтығын алды
ашық дереккөз
87 адам ел азаматтығын алды
Ел азаматтарының құқықтық тұрғыда сауатты болуы аса маңызды. Өйткені не азаматтығы, не құжаты жоқ адам жіпсіз байланары анық. Өкінішке қарай, мұндай азаматтар арамызда әлі де бар. Ал оларға көші-қон қызметі тобының қызметкерлері қол ұшын беріп, құжаттарын рәсімдеуіне жәрдемдеседі. Биыл ауданда 78 қандастарымыз бар бас-аяғы 87 адам азаматтыққа қол жеткізген. Сонымен қатар 78 азамат көші-қон қызметіне тұрақты тұруға өтініш берсе, 30 адам өзге елге қоныс аударған. Аудандық полиция бөліміне қарасты көші-қон қызметі тобының аға инспекторы Меруерт Тәжібаеваның сөзінше, бөлімше қызметкерлері 18 бағытта мемлекеттік қызмет көрсетеді. – Көші-қон тобының негізгі қызметі – Қазақстан және шетел азаматтарын құжаттандыру. Сонымен қатар шет мемлекеттерден аудан аумағына көшіп келген азаматтардың ережелерді қатаң сақтауында назарда ұстаймыз. Бұған қоса, ел азаматтарының өзге мемлекеттерде тұрақты тұруы үшін құжаттарын рәсімдейміз. Жыл басынан бері бес мыңға жуық азаматтар жеке куәлікпен және паспортпен қамтамасыз етілді. Биыл 9 адам осында тұрақты тұруға өтініш білдірді. Жалпы, аудандағы көші-қон тобында екі қызметкер жұмыс істейміз. Әріптесім Елтай Рахишов аудандық халыққа қызмет көрсету бөлімінде халықты құжаттандыру және тіркеу жұмыстарымен айналысады. Негізінен, 18 бағытта мемлекеттік қызмет көрсетеміз. Тәулігіне 100-ден аса адамды қабылдаған кездеріміз де болды. Сонда 20 жылдан бері азаматтығы жоқ адамдардың құжаттарын алуға жәрдемдестік. Өкінішке қарай, арамызда әлі күнге дейін азаматтығы жоқ адамдар бар. Осы себепті, халықтың құқықтық тұрғыдан сауатты болғаны өте маңызды. Біздің де басты мақсатымыз – тұрғындардың құжаттандыру мәселелерін шешуге атсалысу, – деді Меруерт Тойлыбайқызы.  

Есен ӨТЕУЛІ

 Жуалы ауданы.

   

Ұқсас жаңалықтар