АГРОСАЛА – дамылсыз дамудың драйвері
Жер ырысын ел ырысына айналдырған аграрлық саланың өңір өміріндегі алар орны орасан. Шаруасы шалқыған Әулиеата өңірінде биыл да саладағы көрсеткіш жоғары. Керісінше, жиын- терін артығымен жиналып, тұрғындар сұранысын тұрақты қанағаттандырып отыр. Кәсіби мереке қарсаңында Тараз қаласының орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, сала майталмандары марапатталды. Айта кетсек, мемлекеттің мүмкіндіктерін мүлт жібермей, тиімді пайдаланудың нәтижесінде бүгінде аймақтың ауыл шаруашылығы саласы алға жылжып келеді. Әулиеаталықтардың әлеуетін көтеруге де асыраушы саланың қосатын үлесі ауқымды. Мұндағы басты мақсат–аграрлық секторды экономиканың жаңа драйверіне айналдыру.
Бұл бағытта бүгінгі күні жүйелі жұмыстар жүргізіліп, ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін мыңдаған жамбылдықтар ел экономикасының маңызды стратегиялық бағыттағы саласын дамытуға сүбелі үлес қосуда.
Мәселен, «Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2021- 2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын іске асыру» аясында облыстың ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 30,3 миллиард теңге бөлінген. Бүгінгі күні 11 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау көрсетілген.
Жыл басынан бері салада 526,9 миллиард теңгенің өнімі, сол секілді мал шаруашылығында 166,3 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 39,5 пайызға артып отыр.2022 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 756,2 мың гектарға жетіп, 5,4 мың гектарға артқан.
Биылғы жылы 371,0 мың гектар масақты дәнді дақылдар егін орағына түсіп, әр гектардан алынған орташа өнім 17,1 центнерді құрап, 633,4 мың тонна астық бастырылып, 166,7 мың тонна өнім артық алынған. Биыл аймақта 72,7 мың гектарға көкөніс және бақша дақылдары егіліп, 6,3 мың гектарға ұлғайғанын да айта кету керек.
Бүгінгі күні бұл алқаптардан 1,5 миллион тоннадан астам көкөніс пен 524 мың тонна бақша дақылдары жиналды. Саладағы көш бастаған көрсеткіштер техникалардың жаңаруымен тікелей байланысты екені айтпасақ та түсінікті. Осы ретте өңірде жыл басынан бері 1 242 дана ауыл шаруашылығы техникалары алынып, 10,1 процентке жаңартылып отыр.
Жалпы ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуды ынталандыру мақсатында техника алған агроқұрылымдар тарапынан түскен 457 өтінімге 1,6 миллиард теңге субсидия төленген. Сондай-ақ ағымдағы жылы аймақта 5,5 мың гектарға қант қызылшасы отырғызылды. Жоғары сұрыпты тұқым себудің нәтижесінде рекордтық көрсеткішке қол жеткізіліп, әр гектардан алынған тәтті түбір 500,0 центнерді құрап отыр.
Жыл соңына дейін қант зауыттарына 125 мың тоннаға жуық тәтті түбір өткізу жоспарланып, болжаммен 16 мың тонна отандық қант өндіріледі деп күтілуде. Облыста ағын суды үнемдеу және өнім көлемін арттыру мақсатында су үнемдеу технологиялары биыл 50,0 мың гектар егіс алқабына енгізілсе, оның 32,7 мың гектарына тамшылатып суару, 17,3 мың гектарына жаңбырлатып суару технологиясы енгізілді.
Оған қоса ауыл шаруашылығы алқаптарындағы су жүйелері мен каналдарды тазарту және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу мақсатында биылғы жылы 11,3 шақырымды құрайтын 10 су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2,1 мың гектар суармалы алқап қалпына келтірілді. Одан бөлек, аймақта жерасты суларын тиімді пайдалану үшін 84 ұңғыма қазылып, 3,7 мың гектар алқап сумен қамтылды.
Аймақта ауыл шаруашылығында өндірілген жалпы өнімнің 52 пайыздан астамы мал шаруашылығы саласына тиесілі. Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде салада өндірілген ет өнімдері 1,0 пайызға, сүт өнімдері 1,8 пайызға ұлғайып, жыл басынан бері 1,5 мың тонна ет экспортталған.Одан бөлек, облыста мал басында да өсім бар. Қазіргі уақытта өңірдегі жалпы мал саны 4,1 миллион басты құрап, өткен жылмен салыстырғанда 5,1 пайызға артып отыр.
Оның ішінде мүйізді ірі қара саны 1,0 пайызға, қой мен ешкі саны 5,6 пайызға және жылқы саны 11,0 пайызға көбейген.Қазіргі уақытта облыста ет бағытындағы 5 асыл тұқымды мал өсіретін репродуктор, 4 құс фабрикасы, 27 мал бордақылау алаңдары мен 52 орта және ірі сүт фермалары жұмыс істеуде.
Аймақта биылғы жылы жалпы құны 19,2 миллиард теңгені құрайтын 16 жобаны жүзеге асырып, 324 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған.Бүгінгі күні Жуалы, Қордай, Меркі, Шу аудандары мен Тараз қаласында 4,8 миллиард теңгені құрайтын 8 жоба жүзеге асырылып, 121 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.Одан бөлек, Жамбыл облысының даму жоспары аясында 2,2 миллиард теңгені құрайтын 59 кіші инвестициялық жобалар іске қосылып, 209 жаңа жұмыс орны құрылды. 2019 жылы бастау алған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасы да өз жемісін беруде.
Биылғы жылы жобаның жалғасы ретінде өткен жылы қайтарылған несиелердің есебінен Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарынан 3 ауылдық округ енгізіліп, 253 жоба іске асырылды. Одан бөлек, алдағы уақытта облыстағы 26072 тұрғынды қамтитын тағы 10 ауылдық округте пилоттық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.Осындай оң нәтижені олжалаған шаруаларды кәсіби мереке қарсаңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров арнайы марапаттап, ағымдағы жылы үздік деп танылған шаруашылықтарға алғысын жеткізді.
– Өмір сапасының жақсаруы ауыл шаруашылығы саласының дамуымен тікелей байланысты. Мемлекеттік бағдарламалардың сәтті жүзеге асуының нәтижесінде облыста тұрақты өсім қалыптасып, ауыл халқының тұрмыс деңгейі көтеріліп келеді. Сіздер қажырлы еңбектеріңізбен еліміздің экономикасының дамуымен қатар қоғамның әлеуметтік тұрақтылығының нығаюына да қомақты үлес қосып келесіздер. Сондықтан сіздердің еңбектеріңіз қашанда құрметке лайық. Ел экономикасын еселеу жолындағы еңбектеріңіз табысты болсын, – деді Нұржан Сәбитұлы өз сөзінде.
Атап айтқанда, егін шаруашылығы саласы бойынша Меркі ауданындағы «Жасыл белес» шаруа қожалығы I – орын, Байзақ ауданындағы «Рахымбек» шаруа қожалығы II – орын, Шу ауданындағы «Іске сәт» шаруа қожалығы III орынға ие болса, мал шаруашылығы саласы бойынша Т.Рысқұлов ауданындағы «Тұрғын тегі» шаруа қожалығы I – орын, Талас ауданындағы «Ақтөбе» шаруа қожалығы II – орын және Мойынқұм ауданындағы «Көркем» шаруа қожалығы III – орын иеленді.
Ал қайта өңдеу саласы бойынша «Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» арнайы номинациясы Жамбыл ауданындағы «Аса DAMU» ЖШС-не, Жуалы ауданындағы «Жуалы-2020» кооперативіне және Тараз қаласындағы «Aksarai Export-2012» ЖШС-не салтанатты түрде табысталды. Сондай-ақ Нұржан Календеров биылғы жылғы жеткен жетістіктерге атсалысып, аянбай тер төккен еңбеккерлерге де алғысын білдіріп, бірқатар азаматтарды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері», «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгілері мен облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі, Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапаттады.
Салтанатты шара барысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, жалпы құны 101,2 миллион теңгені құрайтын 169,1 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары ұсынылды. Оның ішінде 18,0 тонна ет, 3,0 тонна шұжық өнімдері, 7,3 тонна сүт өнімдері, 7 мың дана жұмыртқа, 0,5 тонна кондитерлік өнімдер мен 4,0 тонна макарон өнімдері, 0,5 тонна тұз, 4,0 тонна балық, 6,0 тонна ұн, 2,6 тонна бал және 123,2 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері нарық бағасынан төмен бағада өткерілді. Жәрмеңке соңы облыстық көркемөнерпаздардың қатысуымен өткен мерекелік концертке ұласты.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді