Жасампаздық жаршысы

Жасампаздық жаршысы
ашық дереккөз
Жасампаздық жаршысы
Өңіріміздегі іргелі аудандардың бірі – Шу. Аталған аудан халқының 22 мың 741 тұрғыны 14 пен 29 жас аралығындағы жастар. Яғни, бұл аудан тұрғындарының 22 пайызын құрайды. Ел болашағы – жастар қашанда назарда. 22 мың жас толқын – жұмылдыра білгенге үлкен күш. Ал сол тұла бойы арманға толы жастар бүгінде қандай шаруалармен айналысып жүр? Жыл басынан бері Шу ауданында 400 жас жұмыссыз ретінде тіркеліп, 2595 маман жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылыпты. Бұл жерде ваканттық бос жұмыс орны, ақылы қоғамдық жұмыс, әлеуметтік жұмыс орындары да назарға алынған. «Жастар тәжірибесімен» де еңбекке араласқандар аз емес. Жастардың ішінде заманға бейімделіп, кәсіпкерлікке икемделіп тұратындары да кездеседі. Оларды да қолдап, 115 азаматқа қайтарымсыз грант берілген. Оны ұқсата білсе, жұмысын дөңгелетіп әкетуге болады. Қысқа мерзімді оқуға жіберілген жастардан да үміт күтуге болады. Біздің байқағанымыз, аталған ауданда барлық жасты жұмыспен қамту, оларды ынталандыру бойынша жұмыс белсенді жүргізілуде. Олардың уақытын босқа өткізбеуі, отандық борышын өтеп әскерге барып келуі де назардан тыс қалмаған. Қазіргі таңда аудандық қорғаныс істері бөлімінде 3835 жас әскери есепте тұр. Биыл 157 азамат Отан алдындағы борышын өтеуге кеткен. Әскерге шақырылғандар арасында жергілікті ұлт өкілдерінен бөлек сегіз орыс, екі неміс, бір-бірден қашқар, кәріс, күрд, әзірбайжан ұлтының өкілдері бар. Аудан аумағында 264 спорт нысаны бар. Дене шынықтыруға арналған сол ғимараттардың барлығы жастардың игілігі. Оның ішінде 69 спорт залы, 71 футбол алаңы, 119 спорт алаңшасы үнемі келушілерден босамайды. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында биыл 42 маманға жеңілдік жасалған. 37 жас маман көтерме жәрдемақымен қамтылып отыр. Аудан аумағында 4 арнаулы оқу орны бар. Аталған оқу орындарында бүгінде 924 студент білім алуда. Оның ішінде 577 студент грантқа іліккен. Бұл туралы аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Ғани Қойбағаров айтты. «Біздің мекеменің ұйымдастыруымен тек білім саласының өзінде 61 іс-шара ұйымдастырылып, оған 1150 жас қамтылды. Жастар санатында болған соң, мектептермен де байланыс жасаймыз. Биыл ҰБТ тапсырған түлектер саны – 809, ҰБТ тапсырмағандар саны – 174. Ауданда мүмкіндігі шектеулі 387 жас бар. Оларды да назарда ұстаймыз. Сондай- ақ ауданымызда 148 ерікті жас бар. Олар игі істердің қасынан табылып жүр. Атап айтқанда, «Саулық», «Қамқор», «Білім», «Асыл мұра», «Үміт», «Сабақтастық» жобалары аясында 322 іс-шара өтіп, 5100 адамды қамтыдық. Оның бәрі де ұйымдастырумен, еңбекпен келеді. Діни бағыт, жастарға кеңес беру, экологияға сергек қарау, этносаралық келісім, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, патриоттық сезімді дамыту бойынша да жұмыстар толассыз жүріп жатыр. Оның барлығы жастар ұйымының ұйымшылдығымен жүзеге асуда», – деді ол. Дегенмен аталған ауданда жастар тәрбиесі бойынша ескерер жайттар да бар. Мәселен, соңғы 8 айдың ішінде 47 қылмыс тіркелген. Қазіргі таңда жалпы 63 жас бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеуде. Олардың қатары көбеймеуі тиіс. Бұл жағдайға алаңдап, құқық бұзушылық пен заң бұзушылықтың алдын алып отыру маңызды. Осы орайда 63 іс-шара өтіп, оған мыңға жуық жас қатысты. Іс-шара өткізуден жастар түзеліп кете ме? Тәртіп бұзушылықты болдырмаудың басқа қандай жолдары бар? Бұл жағы да ойланатын жайт. Ал Шу ауданы бойынша деструктивті діни парақшаларға тіркелуші 820 адам анықталған. Олармен жұмыс қарқынды жүріп жатыр деді. Дегенмен бұл бағытта да жұмыстар жүйелі ізденісті, қадағалауды қажет етеді. Аталған ауданда 625 жұмыссыз жас бар. Не оқуда, не жұмыста жоқ NEET жастар саны – 66. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған 2440 жас бар екен. Олардың кәсібін қолдау, аяғынан тұрып кеткенше назарға алып отыру да – үлкен жұмыс. Одан бөлек күнделікті іс-шара, атқарылар істер, жиналыстар, кездесулер қаншама десеңізші! Соның барлығын 45 адамнан құралған штаты бар аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі атқарып отыр. Ғани Қойбағаров басқаратын жастар ұйымының алдағы уақытта да атқарар істері ауқымды. Сол асқақ межеде абырой мен сенім биігінен көрінуге Шу жастарын жұмылдыра отырып күш салып келеді.  

Есет ДОСАЛЫ

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар