Ісмерлер шеберлік сабағымен қызықтырды
Күнделікті тұрмысымызға қажетті көрпе, көрпеше, жастық, бөстектерді түрлі ою-өрнектермен көмкеріп тіге білу – нағыз өнер. Біз оны Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен «Елім-ай Достық» қоғамдық бірлестігі бірігіп ұйымдастырған «Көрпе –FEST» фестивалінде тағы да кеңінен ұғындық. Тараздағы «Анаға тағзым» орталығының «Мирас» ата дәстүр залы қазақы құндылыққа толып кеткендей әсерге бөлендік. Іс-шараны «Елім-ай Достық» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Полина Ким, ұйғыр ұлттық мәдени орталығының төрайымы Мұхаббат Тұрдиева ашып, қазақы қолөнердің ерекшелігіне тоқталды. Олар осынау ісмерлік жұмыстан жастардың үйренері көп екенін атап көрсетті.
Шолпан Ахметова басқаратын «Нақты көмек» мүгедектер қоғамының тігінші қыз- келіншектері де осы іс-шараға үлес қосуға келіпті. Олардың алтын қолдарынан шыққан ұлттық бұйымдар жарқырап, көздің жауын алады. Мүгедектік санатқа жатқанымен, ынталары жоғары, еңбеккеш жандарды Тамара Күзембаева қолөнерге баулып, тігіннің қыр- сырын үйретіп жүр екен. Іс-шара барысында «Анаға тағзым» орталығында арнайы ән үйірмесінен дәріс алып жүрген Айзере Бақытжан әннен шашу шашса, «Ерке сылқым» би үйірмесінің балауса бишілері мың бұрала биледі.
«Анаға тағзым» орталығындағы «Бойтұмар» қолөнер және дизайн үйірмесінің мүшесі Сапара Жайлыбаева аз уақыт ішінде үйренген ісі бойынша жұмысын көпшілікпен бөлісті. Аталған «Бойтұмар» үйірмесінің жетекшісі Ақбота Қилыбаеваға алғысын айта кетуді де ұмытпады. Сондай-ақ «Нақты көмек» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған көрме де көпшілік көңілінен шықты.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Баланы сөзбен емес, өнегелі ісіңмен тәрбиеле
- 27 қаңтар, 2026
«Тұрақты жұмыс тауып берсе, көмектің «көкесі» сол болар еді...»
- 27 қаңтар, 2026
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




